Түркістан облысының бір жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтанда «Төле би» телесериалының тұсауы кесілді. Он сериядан тұратын тарихи хикая қара қылды қақ жарған әділдігімен, қара халықтан бастап хан-сұлтандарға дейін ісінің төрелігін айтқан даналығымен ел есінде қалған Ұлы жүздің биі Төле би Әлібекұлының өміріне арналған.
Фильмді дайындауға «САҚ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильм» мекемесі қатысқан. Фильмнің сценариін жазған Бақыт Құлжабай Төле би туралы ғылыми еңбектер мен бірқатар кітаптарды негізге алып, салыстырмалы деректер жинаған. Фильм желісіне арқау болған оқиғалардың бірқатары Шойбек Орынбайдың «Төле би» романынан алынған. Фильм режиссері Батырхан Дәуренбековтың айтуынша, көркем туындының тарихи шынайылығын бұзып алмас үшін жобаға тарихшы Жамбыл Артықбаев тартылып, Сатыбалды Нарымбетов көркемдік жетекші болған. Ол замандағы қазақтың ауызекі тілі мен сөйлеу мәнеріне қатысты жазушы Мархабат Байғұт кеңес берген. Телесериалдағы Төле бидің Ташкент хәкімі болатын тұсы Өзбекстан астанасында, балалық шағы мен туған жердегі өмірі Қасқасуда, қазақ жеріндегі қалалық мәдениет пен тұрмыстық өмір көрінісі Қапшағайда түсірілген. Түсірілім 7-8 айға созылған. Жобаның бюджеті – 150 миллион теңге. Режиссер Батырхан Дәуренбеков бұл соманы тарихи драма түсіруге жеткіліксіз деп санайды. Оның айтуынша, Қазақ хандығына бұдан он есе көп қаржы бөлінген. «Соған қарамастан, графикасы кем емес, тәп-тәуір дүние жасап шықтық деп ойлаймын» дейді фильм режиссері.
– Фильм облыстық бюджет есебінен түсірілгендіктен, 6-7 ай ішінде аяқтауға тырыстық. Тапсырма бойынша актерлік құрам Түркістан облысынан жиналды. Екі актерді ғана басқа өңірден алдық. Оның бірі – астаналық Сағаділлә Сүбәлі, екіншісі – Талдықорғаннан келген Сағындық Жұмаділ. Төле бидің түр-тұлғасына ұқсас азаматты Оңтүстік актерларының арасынан таба алмадық. Сондықтан Сағындық Жұмаділді Талдықорғаннан алдырдық, – деді ол.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев өңірде тарихи-мәдени жобаларға ерекше басымдық беріліп отырғанын айтты.
– Қазақ тарихында елеулі орны бар тұлғаға арналған телехикаяда сол заманда өмір сүрген билер мен батырлар, хандар мен сұлтандар бейнесі көрініс тапқан. Көрермен көңілінен шығады деп үміттенеміз. Жалпы, бұл Түркістан облысының тарихи-мәдени саладағы алғашқы жобасы емес. Өткен жылы «Киелі Қазығұрт», «Күш атасы – Қажымұқан», «Түркістан» сияқты анимациялық фильмдер түсірілді.
Бұл ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына қосылған үлес деп білемін, – деді.
Фильмде қазақтардың жоңғарларға қарсы күресі, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңын қабылдауы сияқты бірқатар тарихи оқиғалар қамтылған. «Жеті жарғыны» қабылдауға жиналған 12 бидің талқысын Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде орналасқан «Хандар сарайы» деген бөлмеде түсірген. Режиссердің айтуынша, тарихи туынды арқылы қазақ даласындағы демократия үлгісін көруге болады. Төле биді шешен болған деп танитын көпшілік фильм арқылы тұлғаны жауға қарсы күрес жүргізіп, соғысқа араласқан батыр қалпында тани алады. «Төле би» хикаясы 6 маусымда тойланатын «Астана» күніне орай «Хабар» арнасынан қалың көрерменге жол тартады.