Өңірлерді дамыту жалғасады

Өңірлерді дамыту жалғасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде өзінің сайлау­ал­ды платфор­масын жүзеге асыру жоспары жасалатынын, бұл орайда негізгі он бағытқа басым­дық берілетінін атап өтті. Біз бүгін өңір­лерді дамы­ту­дың жаңа бағдары деп аталатын жетінші бағыт туралы айтуды жөн көрдік.

«Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім: қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды тол­ғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергі­лікті өзін-өзі басқару жүйе­сін нығайтамыз. Аймақтағы қор­да­ланған мәселелерді шешуге ха­лық белсене араласатын бола­ды», – деді Қ.Тоқаев жетінші бағыт туралы.

Қазақстан республикалық маңызы бар үш қала мен он төрт облыстан тұрады. Осы он жеті әкім­шілік құрылымның әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайы жақ­сарса, Қазақстанның әл-ауқаты зор деуге болады. Республи­калық маңызы бар қалалардың даму мүмкіндігі өңірлерге қарағанда, молырақ. Ал он төрт облысты дамыту үшін Өңірлерді дамыту­дың 2020 жылға дейінгі бағдар­ла­ма­сы жасалған. Облыстар бір-бірімен климаты, экономикасы, әлеу­меттік жағдайы, инфрақұры­лымы, салалық дамуы жағынан ерекшеленеді. Сол себепті, Өңір­лер­ді дамыту бағдарламасы негі­зінде әр облыс өзінің аумақ­тық даму бағдарламаларын (2016-2020 жылдарға арналған) жасаған. Аумақтық бағдарламаларда көз­дел­ген индикаторлардың орын­да­л­уы түптеп келгенде, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының орындалуына ықпал етеді. Олай болса, мемле­кет­тік бағдарлама өзін ақтады ма? Бағдарлама үйлестірушісі – Ұлт­тық экономика министрлі­гінің ресми сайтында жариялан­ған «Өңірлерді дамытудың 2020 жыл­ға дейінгі мемлекеттік бағ­дар­ламасын іске асыру туралы есеп­тің» 2018 жылғы кезеңі бойын­­ша жасалған есепке жүгін­сек, көп жайтқа қанығамыз.

Сонымен, мемлекеттік бағ­дар­лама шеңберінде 3 нысаналы индикаторға, 10 нәтижелер көр­сет­кішіне қол жеткізу және 53 іс-шараны орындау көзделген болатын. 2018 жылдың қорытын­дысы бойынша, 2 іс-шара толы­ғы­мен, 46 іс-шара ішінара орын­далды (осы іс-шараларды орындау биыл аяқталуы керек), 5 іс-шара орындалмады. Мәселен, функ­ционалдық қалалық аудан­дар құрамына кіретін шағын қала­ларда инженерлік инфра­құры­лымды дамыту жөніндегі жоба­ларды іске асыру; шекаралас аумақтарда орналасқан шағын қалаларды жайластыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру; шекара маңындағы аумақтардағы шағын қалаларда инженерлік инфра­құры­лымды дамыту жобаларын іске асыру; тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық саласын нормативтік реттеу републикалық бюджеттен қаражат бөлінбеуіне байланысты жоғарыда орын­дал­ма­ған. Ал облыстар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемаларын әзірлеу неге орындалмады десек, бұл жұмыс 2019 жылға, яғни биылға жоспар­лан­ған.

Ал бағдарламаның басқа жос­парлары орындалды. Мәсе­лен,   2050 жылға дейін елдегі ірі қала­ларды дамыту стратегиясын әзір­леу әдістемесі бекітілді. 7 моно­қа­лада 15 «зәкірлі» жоба 2,4 мың тұрақты жұмыс орны құрыл­ды. Жергілікті өзін-өзі басқару­ды қаржылай қолдау бойынша 1,9 мың жоба іске асырылды.   Ауыл­­ды сумен жабдықтау жүйе­ле­рін дамытуға   барлық қаржы көз­де­­рі­нен   100 млрд теңге бөлін­ді. Қала­­лар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу/реконструкция­лау бойынша 331 жоба, топтық су құбырларын салу/реконструк­ция­лау бойынша 15 жоба іске асырылды. Қалалар мен ауылдар­да сумен жабдықтау және су бұру жүйелері бойынша 133 нысан пайдалануға берілді. 380 ауыл үшін тәулігіне 166,44 мың текше метр сомадағы жерас­ты су қоры бекітілді.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 2018 жылы 244,4 млрд теңге бөлінген, оның ішінде: республикалық бюджет есебінен 130,0 млрд теңге, жергілікті бюд­жет­тер есебінен 81,7 млрд теңге, бюд­жет­тен тыс қаражаттар есебі­нен (кәсіпорындар қаража­ты) 32,7 млрд теңге бөлінді. Бағдар­лама бюджетінің игерілуі 243,5 млрд теңгені немесе 99,6 пайызды құрады. 


Урбанизация деңгейі 0,4 пайызға өсті. Облыс орталық­та­рын­дағы халық саны 107,0 мың адамға өсті (8,44 млн адам). «Дип­­лом­мен – ауылға» жобасы шең­берінде 4 025 маман тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит алды (2017 жылмен салыс­тыр­ғанда 613 маманға артық). Қала­лар­да суды есепке алудың жеке аспаптарымен қамтамасыз етілу 80,9%-ды құрады (немесе 2 724,9 мың аспап). Жаңғыртылған/салын­­ған жылумен жабдықтау желі­лерінің үлесі – 102,2 пайыз­ды, сумен жабдықтау – 107,1 пайыз­ды, су бұру 103,4 пайызды құра­ды. Күрделі жөндеуді талап ететін кондоминиум объекті­ле­рі­нің үлесі 22,7%-ға дейін төмен­де­тіл­ді.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 2018 жылы 244,4 млрд теңге бөлінген, оның ішінде: республикалық бюджет есебінен 130,0 млрд теңге, жергілікті бюд­жет­тер есебінен 81,7 млрд теңге, бюд­жет­тен тыс қаражаттар есебі­нен (кәсіпорындар қаража­ты) 32,7 млрд теңге бөлінді. Бағдар­лама бюджетінің игерілуі 243,5 млрд теңгені немесе 99,6 пайызды құрады. Бағдарлама бюджетінің толық игерілмеуіне мемлекеттік сатып алу қорытын­ды­сы бойынша қаражаттарды үнемдеу, жұмыс өндірісі кесте­сінен артта қалу, жобаларды түзету, жұмыс өндірісінің мерзім­дерін ауыстыру, жұмыс жүргізу жоспарын қайта қарау, мердігер ұйымдардың шарттық міндетте­ме­лерін орын­да­мауынан сот про­цес­­теріне ұласуы себеп болған.

Қалалық және ауылдық елді­ме­кендерде сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі жобаларды іске асыру шеңберінде респуб­ли­ка­лық бюджеттен бөлінген қара­жат­тың ең көп игерілмеуі Қызы­лор­да (37,6 млн теңге), Шығыс Қазақстан (18,2 млн теңге), Түр­­кістан (6,9 млн теңге) және Жам­был (5,3 млн теңге) облыс­та­рына тиесілі.

Енді Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасы әзірленеді. Ол бағ­дар­ламада өңірлердің эконо­ми­калық бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру және басқарылатын урба­низация арқылы халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту көз­дел­мек. Қазіргі уақытта эко­но­микалық белсенділік, таланттар, инновациялар, бизнес, жұмыс орындары шоғырланған ірі қала­лар­ға адамдардың келу үрдісі байқалады. Осыған байла­нысты Ұлттық экономика министрлігі жаңа Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жедел урбанизация (2030 жылға қарай 70%), сондай-ақ Қазақстан қалаларының өзде­рін ірілендіру бойынша шаралар кеше­нін қабылдау қажет деп санайды. Сондықтан жаңа бағ­дар­ламада 34 қаланы және 439 ауыл­ды елдімекенді қамтитын функционалдық қалалық аудан­дар­дың дамуын одан ары қолдауға басымдық бермек.

Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағ­дар­ламасын әзірлеу кезінде Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі қолданыстағы мемле­кеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын газ, жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру, тұрғын үй қорын жаңғырту, сон­дай-ақ сәулет және қала құры­лысы қызметінің бірқатар мәсе­лелері «Нұрлы жер» бағдар­ла­масына ықпалдастыры­лады.

Урбанизация мәселелерінен басқа жаңа бағдарламаға шама­мен болашағы бар 1,5 мың   ауыл­ды елдімекенді жаңғырту «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясын­да жүзе­ге асады. Бұл мақсатта 2019-2021 жылдарға 90 млрд теңге бөлі­неді. Бұл қаражат тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы, әлеу­мет­тік сала объектілерін, болашағы бар ауылдардың көлік инфра­құры­лымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуіне бағыт­та­лады. Шағын қалаларды дамы­ту жобаларына биыл 10 млрд теңге бөлінді. Ол қаржы шағын қалаларда (16 қала), сондай-ақ функционалдық қала­лық аудан­дар­дан тыс ірі моно­қалаларда (халқы 50 мың адамнан астам 9 қала) және шекара маңын­дағы шағын қалаларда (8 қала) инже­нер­лік инфра­құры­лымды дамы­туға жұмсалады. Жалпы, өңірлік деңгейде халық тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті әлеуметтік және инфра­құрылым нысандарының тізбесін қамти­тын қалалық және ауылдық жерлер үшін Өңірлік стандарттар жүйесі енгізіледі.

Мұның барлығы Өңірлерді дамытудың 2025 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдар­лама­сында ескеріліп отыр.