ҰБТ-ға байланған ұрпақ

ҰБТ-ға байланған ұрпақ

Екі күннен кейін, 20 маусымда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Биылдан бастап бұл сынақты жылына төрт рет тапсыруға мүмкіндік берілген еді. Маусымдағысы – маңызды. Өйткені мемлекеттік грантқа осы кезде ғана таласқа түсуге болады. Әсіресе, мектеп түлектерінің жүрегі дүрсілдеп, құдды болашағы белгіленетіндей сезімде болатыны бар. Осы жылғы өзгерістерді бір пысықтағанымыз артық болмас.

Тестілеу биыл 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Соңғы қоңырау сыңғырын естідік, түлектердің мектеп бітіру кешін де өткіздік. Енді қалғаны – ҰБТ. Биыл сынақтың өткізілу форма­тын­да өзгеріс жоқ. Әйтсе де, жыл­да­ғы дәстүр бойынша тест тапсыр­малары жаңартылады. 2019 жылғы сынақ сұрақтарының 30 пайызы – жаңа. Қазақстан тарихы, мате­ма­тика және оқу сауаттылы­ғы­­нан үш негізгі пән ретінде тап­сы­­рады. Сонымен бірге, екі сала­лық пәнді талапкердің өзі таңдайды.  

Жалпы саны бес пән бойынша 120 тапсырма бар. Максимал ұпай – 140. Бұлай болатын себебі, кей­бір тапсырмалардың бірнеше дұрыс жауабы болады. Айталық, екі салалық пәнге 30 тапсырма бар десек, оның ішінде 10 тапсырмада бірнеше дұрыс жауап бар. Тест тап­сыруға 3 сағат 50 минут беріле­ді. Осы уақыт ішінде берілген бар­лық тапсырманы орындап үлгеру шарт.

Айтпақшы, биыл кешенді тестілеу мен ұлттық бірыңғай тест біріктірілді. Сынақ тапсырған соң, 13-20 шілде аралығында білім беру гранттары байқауына өтініш қабылданады. Бір айта кететін жайт, бұл байқауға маусымдағы тестілеуге қатысып, шекті балл жинағандар ғана қатыса алады.   

Көпшілікті мазалайтын мәсе­ле – грантқа түсу. Соның ішінде ұлттық университеттерде оқуға әркімнің-ақ таласы бар. Аталған оқу орындарына түсу үшін ең кемі 65 балл жинау қажет. Педагоги­ка­лық ғылымдар, ауыл шаруашы­лы­ғы мен биоресурстар және ветери­нария мамандықтары бойынша, кем дегенде 60 ұпай алу керек. Ал мемлекеттік оқу орындарының ақылы бөліміне түсу үшін 50 балл алсаңыз жеткілікті. Медицина мамандығына 65 ұпай алу қажет. «Алтын белгі» иегерлерінде басым құ­қық жоқ. Тек екі талапкер бір­дей балл алып қалған жағдайда, грант «Алтын белгі» иесіне бері­леді. Осындай ғана артық­шы­лығы бар.   

Айтпақшы, тестті ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік ашыл­ған болатын. Биыл бұл өзге­рістің енгеніне – екінші жыл. Дегенмен Қазақстан тарихы қазақ және орыс тілінде ғана тапсыры­лады. Сонымен бірге, талапкерде ағылшын тілін меңгергені туралы халықаралық куәлік болса, тест тапсырудан босатылады.  


Осы жылдың тағы бір жаңалы­ғын айта кету керек. Бұған дейін жоғары оқу орындары мамандық­тар­дың нақты тізімі бойынша жұ­­мыс істеп келген еді. Енді осы жыл­дан бастап білім беру бағыт­та­рының классифи­каторы енгі­зі­ліп отыр. Оқу орындары сол ба­ғыт­­тарға қарай оқыту бағдар­ла­маларын даяр­лайды. Яғни, грант­тар білім беру бағдарла­ма­сына қа­рай бөлінеді. Құрамында бір немесе бірнеше бағдарлама бірік­тірілген жалпы саны 97 топ бар. Пәндер ком­бинациясын Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан қарауға болады.

Білім беру бағдарламаларының тобы қалай таңдалады? Мысалы, маусымдағы ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде биология + химия комби­на­циясындағы пәндерден сынақ тапсырдыңыз делік. Соған сәйкес, мүмкін деген 16 топтың іші­нен түрлі жоғары оқу орын­да­ры­­нан төрт топқа дейін таңдай ала­сыз. Бастысы, таңдаған тобы­ңыз ҰБТ-ның бейіндік пәндеріне сә­йкес келуі тиіс. Түсініктірек бо­луы үшін тағы да толықтыра кет­сек. Білім беру бағдарламасы то­бының тізімі мынадай болуы мүм­кін: 1. Химия пәнінің мұғалі­мін даярлау; 2. Биология және бай­ланысты ғы­лымдар; 3. Вете­ри­на­рия; 4. Жалпы медицина. Бұл – мысал ғана. Талапкер 16 топтың ішінен таңдауға құқылы. Бірақ шамамен осындай болады. Білім және ғы­лым министр­лігі таратқан ақ­па­рат­қа сәйкес, шығармашылық маман­дықтар байқауға қатысарда бір ғана білім беру бағдарламасын таңдайды. Мәселен, «Аудиовизуал құралдар және медиаөндіріс» тобын таңдасаңыз, бейіндік пән ретінде екі шығармашылық емти­хан тапсырасыз. Айталық, «Опе­ра­торлық өнер», «Баспа ісі» және «Полиграфия» деген сынды таң­дау жасауға болады.

Айтпақшы, тестті ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік ашыл­ған болатын. Биыл бұл өзге­рістің енгеніне – екінші жыл. Дегенмен Қазақстан тарихы қазақ және орыс тілінде ғана тап­сыры­лады. Сонымен бірге, талапкерде ағылшын тілін мең­гер­гені туралы халықаралық куәлік болса, тест тапсырудан босатылады.   

 

Бір топқа белгілі бір мөлшерде грант бөлінеді. Байқау болса, осы топты таңдаған барлық талапкер ара­сында өтеді. Грантты ұтып ал­ған соң талапкер университетке қабылданып, білім бағдарламасы­ның мамандығын таңдайды. Биыл­­ғы өзгеріс осындай. Тесттен кейін түлектерге куәлікпен қоса пай­далы мәліметтер жазылған ақ­парат беріледі. Оның ішінде білім беру бағдарламаларының тізімі, биыл бөлінген гранттың жалпы саны, бұған дейінгі кон­курс­­тың қалай өткені туралы ақ­па­рат, грантқа өту үшін орта есеппен қанша ұпай жинау керегі жайлы мәлімет беріледі. Бұл да болса талапкерлердің жан-жақты ой­лануына жақсы әсер етуі тиіс. Де­сек те, грантқа түсуді ғана мақ­сат ететін сапасыз маманның саны көбейер ме екен деген қауіп те жоқ емес.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді төрт рет тапсыруға болатыны тура­­лы жоғарыда айтқан едік. Талап­кер шекті ұпай санын жинай алмаған жағдайда жоғары оқу орнына шартты түрде түсе алады. Яғни, ақылы бөлімге тапсырып, уақытша оқиды. Бір семестрден соң, қаңтарда сынақтан ақылы түр­де тағы өтуіне мүмкіндік бар. Егер сәтті тапсырып шықса, келе­сі семестрде оқуын жалғастыра береді. Өте алмаса, оқу орнынан шыға­ры­лады.  

Бірінші кезең 15-20 қаңтар аралығында өтеді. Ол үшін өті­ніш­терді 1-15 желтоқсанға дейін тапсыру қажет. Одан кейін 24-29 наурызда сынақ өтеді. 1-15 ақпан күндерінде өтініш қабыл­да­н­ады. Үшінші кезең – тегін өтетін, 20 маусым мен 5 шілде аралығындағы сынақ. Оған өтінішті 10 наурыз бен 10 мамырда беріп үлгеру ке­рек. Жылдың төртінші, соңғы сынағы 17-20 тамызда өтеді. 25 шілдеден бастап 3 тамызға дейін өтініш тапсыру шарт. Ақылы тест­тер­дің құны – 2 242 теңге. Бір ескеретін тұсы сол, ақылы сынақ тапсыр­ғанда грантқа таласа ал­май­ды. Мемлекеттік грант алғысы кел­ген талапкер жазда өтетін, үшін­ші кезеңдегісіне қатысуы тиіс.

2019-2020 оқу жылында мем­ле­­кет 66 556 грант бөліп отыр. Оның ішінде 51 085 – бакалав­риат­қа, 13 159 – магистратураға және 2 312 грант докторантураға. Бакалавриат бойынша мемлекет­тік тапсырысқа көз салсақ, ең көп грант техникалық ғылымдар мен педагогикалық мамандықтарға бө­лінген екен. Техникалық ғы­лым­ға «сүңгимін» деушілерге – 15 011, педагогикаға 8 276 грант бар. Одан кейін ақпараттық-коммуни­ка­циялық технология­ларға – 5 977, жаратылыстану ғылымдарына – 4 088, қызмет көр­сету саласына – 2 200, өнер мамандығына – 1 615, ауыл­шаруа­шылығына – 1 600, әлеуметтік ғы­лымдарға (журна­листика, ақ­па­рат) – 960, бизнеске – 1 223, ве­те­ри­нарияға 835 грант бөлініпті.

Сонымен бірге, ұлты – қазақ, бірақ республика азаматы емес талапкерлерге 2 450 грант бар. Өзге де салаларға – 1 641, «Сер­пін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 5 109 грант үлестіріледі. Меди­цина мамандықтарына мем­ле­­кеттік тапсырысты денсау­лық сақтау министрлігі орналас­ты­рады. Болашақ дәрігерлердің қан­ша­сы тегін білім алатыны тура­лы мәлімет енді белгілі бола­ды. Салыс­тыру үшін айтар бол­сақ, Білім және ғылым министр­лі­гі былтыр 53 594 грант бөлген еді.    

Су жаңа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы ұлттық бірыңғай тестілеу туралы бұрын да бірнеше пікір айтып жүргенімен белгілі. Қызметіне кіріскен соң, одан ары дамытады деген сенім мол. Мәселен, сұрақ­тар­дың мазмұнына қатысты ми­нистр мырза «Бізде ҰБТ және Жо­ғары білім берудегі оқу жетіс­тіктерін сырттай бағалау жүйесі бар. Педагогтарымыз осыған бай­ла­нысты мына мәселені жиі қоз­ғайды. Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізіп, оқушы­лар­ға жаттатпайтын, көбірек ой қабіле­тін жұмыс істету керек дейміз. Десе де, ЖБ ОЖСБ және ҰБТ кезін­де есте сақтайтын ақпарат­тар­ға қатыс­т­ы сұрақтар көп қойылады. Міне, осыны ескере отырып, «қай­­да және қай жылы?» деген емес, «қалай және неліктен?» деп ойландыратын сұрақтарды көбейтеміз. Біз үшін балалардың ойлап, білімін пайдаланып, сараптай білгені маңызды» деген болатын. Ендеше, сыни ойлау қабілеті дамыған, бүгін білгенді ертең қолдана алатындар көбейсе, құба-құп. Дипломның бар-жоғынан, қызыл әлде көгінен гөрі маңызды дүние – сапалы әрі сауат­ты кадр. Түлектердің сана­сына құятын жылдағы сөз: ҰБТ-ға байланған ұрпақ болудың қажеті шамалы. Білімге бағытталған, мамандығына сүйіспеншілігі жоғары жанның жетістігі мемле­кет­тік грантпен оқыған, қалауы­нан тыс оқуға түскеннен әлбетте, жоғары тұрады.