Бүгінгі күні әр адамның көкейінде «ауылға не керек?» деген сауал тұр. Өйткені, қанша дегенмен де, өндіріс орны шоғырланған қалаға қарағанда ауыл өмірі көңіл көншітпейді. Бұрынғы кеңес дәуірі «тұяқ серпігенде» жекешеленген ауылдардың көбі титықтап қалды. Аянышты ғұмыр кешіп жатыр. Әрине техникасы мен бес түлік малын жекешелендірмей ұстап қалып, шалқып отырған ауылдар бар. Бірақ некен-саяқ!
6 пайыздық несие
Ауылды жетілдіру, халқын жұмыспен қамту үшін қаржылай қолдау керек. Ол үшін үкімет бағдарлама түзіп те қойды. «Ауыл – ел бесігі» жобасынан үміт мол. Сонымен қатар бүгінгі күні «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несие өнімдері, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында – «Ырыс» және «Сыбаға» несиелік бағдарламалары қаржыландырылып жатыр. Арнайы осы бағдарлама бойынша биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 60 млрд теңгеге жуық несие беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына 27,5 млрд теңге қарастырылған. Нәтижелі жұмыстар басталып кеткені де аңғарылады. Осы қордың облыс орталықтарында жұмыс істейтін барлық филиалдары несие беріп жатыр. Қордың жауапты қызметкерлерінің айтуынша, бағдарлама бойынша несие түрлі мақсаттарға жылдық 6 процент сыйақы мөлшерлемесімен беріледі, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7 проценттен аспайды.
– Қор өзінің несиелік өнімдерінің көмегімен ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. Мысалы, «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы, түйе, құстар, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пункттеріне арналған жабдықтар сатып алынады. «Кәсіпкер» ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған. Қор жылына 10 мыңнан астам кәсіпкерді қаржыландырады. Соның 80% жуығы стартап жобалар, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров. Қор шағын несие беруді бастағаннан бері ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 280 млрд теңгеге жуық қаржы берді. Бұл 150 мың несие деген сөз. Негізінен бұл қаржы шағын бизнеске құйылып отыр. Яғни, жеке қосалқы шаруашылықтар мен фермерлік қожалықтар.
– Екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласына 490 млрд теңге бағыттаған болса, соның тек 14,7 млрд теңгесі жеке тұлғаларға берілген. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бір жылдың ішінде 53,8 млрд теңгенің несиесін берген. Сондай-ақ қордың шарттары несие алушылар үшін өте қолайлы. Біздің бағдарламалар бойынша жылдық орташа сыйақы ставкасы 6 процент. Ал банктерде 10-16 процент, – дейді қордың Несиелендіру департаментінің директоры Геррард Бааль. Қордың жұмыс істеп жатқанына куә болдық. Бірақ осы қолдау нақты керек еткен адамдарға жетіп жатыр ма, оны да қадағалап отырған жөн-ау! Қаржы бердік, болды деген де бола бермес. Дегенмен қолдау бар да, осы мүмкіндікті пайдаланып қалу да бар, олай болса ауылдықтар туындаған барлық мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығы, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы, облыс орталығында орналасқан қор филиалы қызметкерлерінен кеңес алып, қаржылай қолдау алуына мүмкіндігі мол.
Санитарлық бақылау күшейтілсе...
Қолдау барда қолда бар өнімді шет елдерге шығарудың жолы керек. Ресей Федерациясы Солтүстік Қазақстан облысынан экспортталатын құс пен инку-бациялық жұмыртқаға уақытша шектеуді алып тастады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысының 5 құс фабрикасы 3 маусымнан бастап Ресейге өнімдерін қайтадан экспорттай бастаған. Айыртау ауданы Елецк ауылдық округінде ньюкасл ауруының табылуына байланысты көрші мемлекет былтыр 26 қыркүйектен бастап шекарадан құс пен инкубациялық жұмыртқаны өткізуге уақытша тыйым салған еді. Сондай-ақ құстарға арналған азық-жемнің кей түрін, құстарға арналған қондырғылар мен тірі құсты Ресейге өткізу шектелді.
Мамандардың айтуынша, қазір облыста 7 құс фабрикасы бар. Олардың бесеуі өз өнімдерін, нақтырақ айтқанда, жұмырт-қаны Ресейге сатады. Соңғы үш жылда жұмыртқа экспорты жылына 11,7 миллионнан 33 млн данаға жеткен.
– Өңірдің кәсіпкерлері шамамен 8 ай бойы Ресей мемлекетінің нарығына шыға алмады. Эпизоотикалық жағдайдың жақсаруына байланысты облыста кешенді ветеринарлық іс-шаралардың жүргізіліп, аймақтандыру және сауықтыру бағдарламаларының енгізілуіне байланысты «Россельхознадзор» (Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметі) 3 маусымнан бастап СҚО-дан әкелінетін құс пен құс өнімдеріне шектеуді алып тастады, – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Бауыржан Ахметаев. Мамандардың айтуынша, қазір облыста 7 құс фабрикасы бар. Олардың бесеуі өз өнімдерін, нақтырақ айтқанда, жұмыртқаны Ресейге сатады. Соңғы үш жылда жұмыртқа экспорты жылына 11,7 миллионнан 33 млн данаға жеткен. 2018 жылдың алты айында 442 млн теңгенің 27 млн дана жұмыртқасы көрші елге шығарылған. Осы шектеудің кесірі жергілікті кәсіпкерлерді шығынға ұшыратты, олар жарты жыл ішінде жарты млрд теңгеден айырылған.
Бұл бір облыстағы ғана шектеу, соның өзінде кәсіпкерлер миллиондаған қаржыдан айырылды. Әрине ет, сүт өнімдері де шетелге жіберіліп жатыр, осындай шығынға ұшырамас үшін, жергілікті жерлерде мал, құс өнімдерін тексеріп отыратын санитарлық-ветеринарлық қосындардың жұмысына қатаң қадағалау жасап отырса артық болмас!
Барымташылар ес жиғызбай тұр
Ауылдағылар малмен жан сақтап отыр. Төрт түлікті көбейтіп, өнімінен пайда тапқылары келеді. Үлкен қожалықтар өрістегі малы үшін қатты қобалжи қоймайды. Ал жаңадан несие алып өз кәсібін дөңгелетем деген ауыл азаматтары жайылым таба алмай бір (өйткені жайылымға қолайлы жер біреудің меншігінде) қиналса, екіншіден, мал ұрыларынан қорқып тізесі қалтырайды. ІІМ мәліметінше, мамыр айының басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 30 топ ұсталған. Ал соңғы үш жылда 19 мыңнан астам мал ұрлығы жасалған. 60 мың мал қолды болса, соның тек жартысы, яғни 30 мыңнан астам мал қожайындарына қайтарылған. Министрліктегілер полицияның алдын алу, ұйымдастыру және практикалық іс-шаралары бұл қылмыстың түрін түбегейлі жоюға жеткіліксіз дейді. Ауыл тұрғындары үшін ауыр тиетін мал ұрлығына жазаны күшейту мақсатында ІІМ Қылмыстық кодекске осы қылмыс түріне арнайы бап енгізу туралы бастама көтерді. Аталған заң жобасы таяуда Парламент қарауына енгізілмекші. Өткен мамыр айында «Мал ұрлығы» операциясының кезекті кезеңі өткізілген. Шара кезінде полиция қызметкерлері шаруашылықтар, мал жайылымдары және фермалар, автокөлікпен мал тасушыларды тексеріп, мал сату, сатып алу, ет өнімдерін сату нүктелерін қадағалауға алған. Операция барысында 159 мал ұрлығы, соның ішінде бұған дейінгі жылдардағы 57 ұрлық ашылған. Бұған қоса, 483 тұрғынға малы қайтарылған (180 жылқы, 103 сиыр және 200 ұсақ мал). Мал ұрлығы үшін 214 адам және 30 қылмыстық топ құрықталды. Сонымен бірге, ветеринария саласында 400-дей құқықбұзушылық, соның ішінде мал тасымалдау және ет өнімдерін сатуды тиісті құжаттарсыз іске асырғандар анықталған.
Бұл бір айдың ішінде ғана ашылған мал ұрлығы. Аз ба, көп пе – өзіңіз бағамдай беріңіз. Бірақ әр ұрлықтың артында еңбектенген шаруаның маңдай тері, бала-шағасының несібесі тұр. Осы байлықтан айырғандарға қарсы күнделікті іс-шаралар өткізіліп тұрса да болар еді. Әйтпесе біреудің малын өзінікіндей көрген барымташылар ес жиғызар емес!..