Төмен еңбекақы өсті
Төмен еңбекақы өсті
5,350
оқылды

Қазақстанда ең төмен еңбекақы алатын бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қанша қаражат жұмсалғаны белгілі болды. Елбасы Н.Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес, 2019 жылғы 1 маусымнан бастап бюджет саласының еңбекақысы төмен қызметкерлерінің жалақысы артты.

Жалақының жоғарылауы 1-ден 8-ге дейінгі разрядтағы қыз­меткерлерге, көмекші (тех­ни­калық), әкімшілік және негіз­гі персоналдар қызметкер­ле­ріне, сондай-ақ басқарушы пер­соналдың бірқатар қызметкер­ле­рі­не қатысты болды. Бұл қыз­мет­кер­лердің жалақысы жұмыс өті­лі­не байланысты сараланған түрде ұлғайтылды.

Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2019 жылға 144,3 мил­­­лиард теңге бөлініп отыр.

– Мысалы, жоғары білімді және 2 жылдық жұмыс өтілі бар жоғары санатты әлеуметтік қызметкердің жалақысы биылғы 1 маусымға дейін 81 830 теңге болған. Ал 2019 жылғы 1 маусым­нан бастап, 98 961 теңгеге дейін ұлғайды. Осылайша, жала­қының өсімі 17 131 теңгені неме­се 21%-ды құрады. Тағы бір мы­сал ретінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, бірақ санаты жоқ, тек ар­найы орта білім ғана алған тәр­бие­шінің жалақысын қарастыра­лық. Егер 1 маусымға дейін оның жалақысы 58 984 тең­гені құраса, 2019 жылғы 1 маусым­нан бері 76 114 теңгеге жетті. Демек, жалақы өсімі 17 130 теңге немесе 29% болды, – деп түсіндіреді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жалақыны арттырудың игі­лігін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және бас­қа да салаларда жұмыс істей­тін 1,1 миллион азаматтық қыз­метші көруде.