Биылғы «Білім күнінде», 1 қыркүйекке қарай қиянда жатқан 200-ден астам ауыл кеңжолақты интернетке қосылмақ. Бұл жайында Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, қабылдаған міндеттемелеріне сәйкес байланыс операторлары алдағы 3 ай ішінде Қазақстанның 5 облысындағы шалғайда орналасқан біраз ауылға талшықты-оптикалық желілер тартып шығады. Нәтижесінде, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарындағы 201 ауыл жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізеді. Бірінші кезекте онымен осы елдімекендердегі 223 мектеп, 191 аурухана, 117 әкімдік қамтылады.
Жалпы алғанда, «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша Қазақстанның ауылдық елдімекендерін кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру аясында биыл 685 ауылдық жерде орналасқан 2 мыңнан астам мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымды осы желіге қосу жоспарланған.
Бұл ауқымды жұмыс «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы және ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету міндетін орындау аясында іске асырылып отыр. Елдімекендердің тізімі нақты критерийлерді ескере отырып түзілген: атап айтқанда, жобаға аудан орталықтары мен қалалардан қашықта орналасқан; тұрғындарының саны 500-ден асатын; мемлекеттік, білім беру және медициналық ұйымдары бар ауыл-кенттер кіріп отыр.
– Еліміздің барлық өңірінде дамыған елдерге тән қазіргі заманғы телекоммуникациялық инфрақұрылымды құру бағытында жүргізіліп жатқан бұл жұмыс заманауи байланыс қызметтеріне халықтың қолын жеткізуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны 2018 жылдың өзінде жалпы халық санының 81,3%-ына жетті. Бұл ретте ауылдағы талшықты-оптикалық байланыс желілері жобасы цифрландыруда шешуші рөл атқарады. Оның үстіне, бұл Қазақстандағы МЖӘ-нің ең кең ауқымды жалпыреспубликалық жобасы болып есептеледі және ол осы саладағы тұңғыш бастама. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады, – дейді министрліктің Телекоммуникация комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.
2018 жылдың қазан айында Ақпарат және коммуникация министрлігі (2019 жылғы 25 ақпаннан бері – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі деп аталады) «Қазақтелеком» АҚ-ның және «Транстелеком» АҚ мен SilkNetCom ЖШС-нан тұратын консорциум өкілдерімен бірге «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша Қазақстан Республикасының ауылдық елдімекендерін кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасына қатысты МЖӘ тетігі шартына қол қойды.
Жалпы ұзындығы 20 мыңнан астам шақырымға созылып жататын талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасын іске асыру нәтижесінде 1 250 ауылдағы 3 718 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйым, атап айтқанда, аурухана, мектеп, жергілікті атқарушы органдар, авариялық қызметтер, қорғаныс нысандары және құқық қорғау органдары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді.
Жоба 2018 жылы қолға алынды және жыл қорытындысы бойынша 56 ауылда орналасқан 177 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымға байланыс қызметтері ұсынылды.
Жобаға сәйкес, жеке серіктестер 50 Мбит/с кем болмайтын жалпы өткізу қабілеті бар телекоммуникациялық инфрақұрылым салу арқылы мемлекеттік органдар мен бюджеттік сала мекемелеріне байланыс қызметтерін ұсынады. Бұған қоса, сала сарапшыларының пікірінше, тұрғызылған инфрақұрылым ұялы байланыс операторлары қызметтерін ауылда да дамытуға ынталандырады.