Рысқали Әбдікеровті Компартияның «інісі» комсомолда қызмет етіп жүрген кезінен білемін. Жезқазғанда, Жездіде жетекшілік қабілетімен көзге түсті. «Пысық. Еті тірі. Аман болса бір жерден шығады» дейтін білгіштер.
Айтқандай, әуелі Ақадыр ауаткомының, кейін аудан әкімінің орынбасары болып жарқ етіп шыға келді. Жалынды. Тым ақкөңіл.
Әлі есімде, Рысқали 1992 жылы Ақжолтай Ағыбай батырдың 190 жылдық тойын ұйымдастыруда ерекше еңбегімен танылды. Мереке кереметтігімен елдің мәңгілік есінде қалды. Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров, ұлтжанды азамат Иманғали Тасмағамбетов, сол кездегі Жезқазған облысының бетке тұтары Әлихан Бәйменов, Алматыдан Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішевтер бастаған әншілер мен Оралхан Бөкей бастаған жазушылар, т.б. белгілі кісілер көп жиналды.
Бір ерекшелігі, Айыртау етегіндегі ақшаңқан үйлер мен төскейдің, айналаның тазалығы еді. Мұның сырын арада он жылдай уақыт өткенде ұғындым. Ақадыр ауданында әкім орынбасары, Шет ауданында әкімнің бірінші орынбасары қызметтерін атқарып, тәжірибе жинақтап ысылған Әбдікеровті 2001 жылы Қарағанды облысының әкімі Ақтоғай ауданына әкім етіп тағайындады.
Ауданның ахуалы қиын еді. Шаруашылығы ақсап, ауылдар мен кенттер еңсесін көтере алмай, әлеуметтік тауқыметті басынан кешіріп жатқан-ды. Жасыратыны жоқ, күнкөріс қамымен шапқылап жүрген ағайынның күл-қоқысты тазартуға да шамасы жоқ еді.
Осы сәт жаңа әкім: «Ауылдарда санитарлық-тазалық айлығын өткіземіз. Үйлерді әктейміз, шарбақтарды сырлаймыз. Ауданды ажарлы өңірге айналдырамыз» деген нұсқау шығарды.
– Мынаның денсаулығы дұрыс па? Күнімізді көре алмай отырғанда, тазалығы несі?
– Тонналап қордаланған боқтықтан қалай арылмақ? Үйлерді кім әктейді? Шарбақты кім сырлайды?
– Әй, мынаған біреуің қой десеңдерші? – деген наразылық естілмей қалған жоқ.
Алайда Рыскең ешкімді тыңдамады. Ақадыр ауданында әкім орынбасары болғанда аймақтағы ауылдарды айтпағанның өзінде, 15 мың тұрғыны бар орталық-кенттің тазалығымен алысқаны бар. Ал Ақтоғай халқының саны сол кентке тең.
Ол әр ауылға барып, жұртпен ақылдасты. Еңсені көтеруді тазалықтан бастау керегін түсіндірді. Осы топырақта Алаштың үш алыбы Әлихан Бөкейханұлы, Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ермеков, қазақтың біртуар ақыны, сазгер-әншісі, сонау аласапыран заманда – домбырасымен қазақтың құдіретін Қытай Халық Республикасында танытып, әлемді дүр сілкінтіп қайтқан Әсет Найманбаев; күміс көмей, бұлбұл атанған, КСРО халық артисі Күләш Байсейтова; ақиық әнші Манарбек Ержанов; атақты сазгер-күйші Аққыз әже (Ахметқызы); Огинскийдің «Полонезін», Моцарттың «Рондосын» т.б. шетелдік атақты музыканттардың белгілі шығармаларын ұлттық аспап – домбыра арқылы шет мемлекеттерде орындаған күйші Мағауия Хамзин тәрізді өнер жұлдыздары туған.
1965 жылы құрылған «Тоқырауын толқындары» ансамблі мен көптеген өнер ошақтарының жұмысын жандандырған да Рыскең. Сол тұста бұл ауданда «Балбырауын», «Сарыжайлау», «Шалқар», «Ақтоғай», «Халық театры» халықтық мәртебесі бар және басқа 44 мәдени ошақ ( 20 клуб) қызмет көрсетті.
Рыскең досымның бір жаңалығы, ол ауданға инвестор тартуды қолға алды. Осы өңірден шыққан бизнесмен азаматтар қомақты көмек көрсете бастады. Халыққа жақын жан екенін дәлелдеді жаңа әкім.
Нәтижесінде, Әбдікеровтің тың ұсыныстарын халық құп көрді. Ақтоғай тазалығымен ғана емес, ұйымшылдығымен, бірлігімен, өнері мен мәдениетімен, экономикалық табыстарымен облыстық көштің алдынан көрінді.
ТҰТҚИЫЛДАН СЫНҒА ТАП БОЛУЫ
Әкімдік қызметінің алғашқы жылында Рыскеңнің жағдайын көзбен көру үшін іссапарға аттандық. Аудан орталығындағы танысудан соң әкім бізді шалғайдағы Сарышаған кентіне ертіп апарды. Үлкен стансада бес-алты мыңдай тұрғын бар екен. Аралап көрсетті. Кешкісін аудан басшысы Ақтоғайға қайтты да, біз пойызға отыратын болдық. Әкімнің көлігі көзден таса болысымен жергілікті әкімі, мектеп директоры, милициясы, т.б. жабыла кеп ортаға алсын.
– Бұрын жағдайымыз жақсы еді, – деді олар, – Қазақстан теміржолының еншісінде едік. Ақтоғай ауданына қарағалы тауқыметтен арыла алмадық. Орталығы – 400 шақырым. Көпқабатты үйлерде жылу мен су жоқ. Мектептің жылу қондырғылары қатып қалды. Неге? Себебі, жылу орталығы жұмыс істемейді. Өткенде бір үй өртеніп, өрт сөндіретін машина болмағандықтан ішіндегі кісі жанып кетті.
– Оны айтасыз, – деді екіншісі, – «Жедел жәрдем», аурухана деген атымен жоқ. 20 шақырым жердегі Приозерск әскери қаласының ауруханасына жетудің қиындығы өз алдына, қызметі ақылы.
– Бәрінен бұрын милицияда небәрі үш сарбаз бар. Көліксіз. Бұл түрімен олар қылмысты қалай тоқтатады? – деп үшінші кісі зар қаққанда сенерімізді, сенбесімізді білмедік.
– Бір жағынан жаңадан келген әкімнің көңілін, екіншіден қиналып тұрған сарышағандық азаматтарды ойладық. Дегенмен өзіміз қызмет ететін «Жас Алаш» газетіне проблемалық сыни көлемді мақала жарияладық.
– Ау, мұныңыз қалай? – деп телефон шалды Рыскең, – тасадан тас ату емес пе?
– Рыске, – деп жауап қаттық, – Біз сізді сынап, не жамандап отырған жоқпыз ғой. Проблема көтердік. Не ҚТЖ қайыра өзіне алсын, не облыс басшысы мәселені шешсін дедік. Халыққа обал ғой.
Содан не болды дейсіз бе? Облыс әкімі Камалтин Мұхамеджановқа еріп, Сарышағанға бардық. Әкім көзімен көрді. Қорытындысында жылу да, «Жедел жәрдем» де, өрт сөндіретін көлік те, милиция проблемасы да, мектеп мәселесі де шешілді. Бәрінен бұрын өткір сыннан нәтиже шыққанына тәубе дестік.
ЕКІНШІ РЕТ СЫНҒА ҰШЫРАУЫ
Ақтоғайдан кейін Рысқали дос ойламаған жерден Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Алайда кімге ұнамай қалғанын қайдам, ол осы қызметімен тез қоштасты. Біршама уақыт жұмыссыз отырды. 2006 жылы облыс әкімі Нұрлан Нығматулин жігерлі жігітті Ұлытау ауданына әкім етіп жіберді. Жасыратыны жоқ, бұл ауданның жағдайы Ақтоғайға пара-пар болатын. Бір айырмашылығы, жер көлемі жөнінен Қазақстандағы аудандар ішінде бірінші орында. 12 млн гектар. Оған Қызылорда облысына жалға берген 2 млн 200 мың гектар жерін қосыңыз (Қызылорда облысының қазіргі барлық жер көлемі 25 млн гектар). Ол аз десеңіз, Қызылорда облысы өндіретін мұнай мен газдың 80 пайызы Ұлытау ауданы жалға берген жерден шығарылады.
Содан не болды дейсіз бе? Облыс әкімі Камалтин Мұхамеджановқа еріп, Сарышағанға бардық. Әкім көзімен көрді. Қорытындысында жылу да, «Жедел жәрдем» де, өрт сөндіретін көлік те, милиция проблемасы да, мектеп мәселесі де шешілді. Бәрінен бұрын өткір сыннан нәтиже шыққанына тәубе дестік.
Әйтсе де, ауданның әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы сын көтермейтін еді. Қоғамдық монша жоқ. Орталықтағы жалғыз орта мектептің өзі ескі. Халыққа қызмет көрсететін түрлі мекемелер мен кәсіпорындар ашылмаған, асхана, дәмхана, қонақүй деген аты ғана. Көшелері абаттандырылмаған. Проблема шаш етектен. Не істеу керек? Аралай келе Ұлытаудың халін өзекті мәселе етіп көтердік. Қазақстан Үкіметінің алдына қойдық. Қасиетті өлкені дамыту керек дедік.
Рысқали Қалиақбарұлы киелі өлкеде де тазалық мәселесін алдыңғы орынға қойды. Халық оның ұсынысын қуана қарсы алды. «Енді болмаса азып-тозып кеткелі тұр екенбіз ғой, – деді бізге таныстарымыз, – тазалық деген керемет екен-ау».
Бір жыл ішінде ол көп іс тындырды. Кабинетінде отырғанынан елді аралағаны, тұрғындармен кездескені, кезек күттірмес мәселелерді шешкені көп болды. Әсіресе, Ұлытау жерін жалға алған «Петро Қазақстан» мұнай компаниясы (Қызылорда) басшыларымен жолығып, әлеуметтік проблемаларды шешуде, зор көмек алуға (қаржылай және техникалық) қол жеткізді. Тағы бір ерекшелігі, көршілес Қостанай облысының Аманкелді (аудан әкімі С.Ахметов), Қызылорда облысының Арал (аудан әкімі Н.Мұсабаев) аудандарына мамандарын алып барып, тәжірибе алмасты.
ЖАҢАЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР
«Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дегендей, Рысқали Әбдікеровтің қарт Ұлытаудан бата алғаннан кейінгі қызмет баспалдағы қолғапты ауыстырғанмен бірдей еді. Ысылды. Тәжірибе жинақтады.
Ол Ақтоғай, Ұлытау, Шет аудандарының әкімінен соң облыс әкімінің ауылшаруашылығы, идеология салалары бойынша орынбасары қызметін атқарды. Астықты Осакаров ауданын басқаруға жіберілді. Шет ауданына қайыра оралды. Міне, осы өзгерістер небәрі он жылдың жемісі.
Ең бастысы, Рыскең қай жерде жүрсе де өзінің басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін танытты. Елмен етене тіл табысты. Артық кетпеді. Өндіріске де, шаруашылыққа да, басқа салаларға да жаңалық атаулыны кеңінен енгізді. Қиындықтан қорықпады. Дөрекі мінез көрсетпеді. Адалдықтан көз жазбады. Жанындағы нөкерлерін де халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуге үйретті.
2011 жылы Шет ауданына әкім боп екінші рет тағайындалған Рысқали Қалиақбарұлы көптеген игілікті істің ұйытқысына айналды.
Бұрын негізінен ауылшаруашылығымен шұғылданатын бұл өңір өнеркәсіпті өркендетуді жедел қолға алыпты. «Жаңа мырыш», «МеталлТерминалСервис», «Қараоба» (вольфрам), «Крамдс-Кварцит» (кварцит) тәрізді ЖШС-лар өндіріс жүгін өрге сүйреген.
Инвестиция тарту ісі ширай түскен. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 6 млрд 700 млн теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, 2,3 есеге артық. Инвестицияның 3,6 млрд теңгесі «Атасу-Алашанкөл» мұнай айдау стансасы мен құбыр бойындағы құрылыстарға тиесілі. Бұл жоба іске асқанда, Ақадыр кентінде 150 кісі жұмысқа тартылмақшы.
Индустриалды-инновациялық жобалар да көңіл сүйсінтеді. Бапы кен орны мен Ақой ірі қара малын бордақылау кешені игеріліп жатса, үшінші жоба Босаға (валлостонит) Үкіметтің тартпасында жатыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 609,4 млн теңгелік үш жоба әзірленген. Ал шағын инвестициялық 60 жобаның жалпы құны 686 млн теңге.
Қысқасы, Рысқали басқарған жылы Шет ауданы нақты сектор бойынша 20 млрд теңгенің өнімдерін өндірген. Бұл аудан тарихында болмаған рекордты көрсеткіш.
Оқырмандарды «Шет ауданынан қандай атақты адамдар шыққан?» деген сауал қызықтырары сөзсіз. Шортанбай жырау, ақындар Қақпан, Жуасбай, Дияқажы, Бабас, Ақтентек, Оқа, Түсетай, Ғаббас, Күмісбектер; батырлар Ағыбай, Байқозы, Жарылғап; би-шешендер Бәйсейіт, Жанқұтты, Дүйсенбай, Қара би; күйшілер Қыздарбек, Әбди, Сембек, Әбікен; жазушы Софы Сматаев; қоғам қайраткерлері Яхия Әубәкіров (Жәния Әубәкірованың әкесі – ред.), Дәулет Сембаев, Шәрбан Батталова, Баян Рақышев, Жамбыл Ақылбаев, Қасымбек Медиев – осы топырақтың тумалары.
Бір қуанарлығы, ауданда жағымды іс-шаралар көбейді. Бұрын халық Қарағанды қаласына барып, картоп, көкөніс өнімдерін сатып алған болса, енді өздері шахтерлер астанасында сататын дәрежеге жетті. Жылыжай салуды қолға алып жатқан кәсіпкерлер де баршылық. Облыс орталығындағы «Нәтиже» сүт зауыты күніне ауылдарды екі рет аралап, әр үйден сүт жинап жүр. Литрі 50 теңгеден. Базарға барудың қажеті жоқ. Шаруа қожалықтардың бос жатқан жеріне арнайы қорлар өздері көпжылдық шөп егіп беруде. Қажетті техникалардың бағасы да қолжетімді. Субсидия мен қолайлы несие мәселесі де шешілген.
ҚАРАҒАНДЫ ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛАУЛЫСЫ
Төрт бірдей ауданның әкімі қызметін атқарып, ол өңірлердің көсегесін көгерткен іскер азамат Рысқали Қалиақбарұлы 2016 жылы сайлаушылардың көңілінен шығып, облыстық мәслихаттың депутаты атанды. Сессияда әріптестері оған кәміл сенім білдіріп, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы етіп сайлады. Аудандарды айтпағанның өзінде, облыс әкімінің екі мәрте орынбасары боп қызмет атқарған Рысқалиға мәслихатты басқару еш қиындық туғызбады.
Нәтижесінде, 2017 жылы облыс депутаттары оны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты етіп бірауыздан сайлады.
Қай өлкеде қызмет етпесін, халқының мүддесіне бейжай қарай алмайтын Р.Әбдікеров Сенат қабырғасында жүріп, бірнеше мәселені көтерді. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б.Сағынтаевқа жолдаған: «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында мамандықтар тізімін кеңейту және республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыны барынша арттыру қажеттілігі туралы», «Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің кәріз желілерін реконструкциялау 2-кезектегі жобаларын жүзеге асыру үшін қажетті қаржы бөлдіруге ықпал ету туралы», «Шахан кентіне салынатын орталық қазандық құрылысына қажетті қаржы бөлдіру туралы» депутаттық сауалдары; Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Г.Әбдіхалықова жолдаған «Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек дауларын реттеу туралы»; Қазақстан Республикасы Премьер-министрі А.Маминге жолдаған «Азық-түлік қауіпсіздігі – кез келген мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі күрделі жаһандық мәселелердің бірі (саяжайларға көмек беру)» туралы, т.б. депутаттық сауалдары – Рысқали Қалиақбарұлының азаматтық позициясын айқындайтын жарқын мысал.
ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ
Рыскеңнің өмірбаянында екі қызықты жайт бар екен. Бірі – сүйікті жары, үш баланың анасы Әсетпен «Босаға» стансасында танысқаны. Екіншісі – осы ауылда бес жыл бойы оқушыларға тарих пәнінен дәріс бергені.
Әкімдіктің қыр-сырын меңгерген, жүрген жерінде халықтың қамын ойлап, жағдайын жақсартуды мақсат еткен, еңбек жолын педагогтан бастаған Рысқали Қалиақбарұлының мәдениетті, өнегелі болып қалыптасуына анасы Нұрдың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қашан барсаңыз да балаларының асты-үстіне түсіп, «балапаным» деп өбектеп, айналып-толғанып жатушы еді Батыр ана. Рысқалиы мемлекеттік шенеунік, екі ұлы сот төрағасы, қалғандары да абыройлы жандар. Немерелері де марқұм әженің үмітін ақтап жүр.
Әлі есімізде, Рыскең алғаш рет Ақтоғайға әкім боп барғанда жары Әсет: «Досыңа салмақ түсірмей, бір «Тико» сатып алсам, үш баламды баратын жеріне апарып тұрсам», – дейтін. Бертінде Шет ауданында Әсетке: «Бұрын солай армандаушы едіңіз, енді «Джип» мініп жүрген шығарсыз» – деп әзілдедік. «Жоға, – деді ол күліп, – Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, Қарағандыға таксимен барып, қайтып жүрмін. Елден асып, ерсілік танытқанымыз – қазаққа жат қылық емес пе?».
Әсеттің әкесі Сақтай Аманжолов Балқаш қаласындағы беделді адамдардың бірі. Ол Ақжолтай Ағыбай батырға ескерткіш орнату үшін қор ашып, сүбелі үлес қосты. Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атақты батырдың ескерткішін салтанатты түрде ашып тұрып, Сақтай ағаға ризашылығын білдіріп, қолын қысты.
Көп жылдан бері Балқаш қаласында Сақтай Аманжолов жүлдесі үшін еркін күрестен республикалық жарыс өткізіліп тұрады. Өйткені Сақаң жас кезінде есімі Қазақстанға тараған талантты спортшы болған. Спорт шебері. Жарысқа әйгілі балуан Айхан Әбілсейітовтің өзі екі рет қатысып, жұртшылық алдында Сақаңнан кезінде жеңіліп қалғанын әңгімелеп берген еді.
Рысқали Әбдікеров елі құрметтейтін басшы ғана емес, үлгілі отбасының ұйытқысы, ардақты әке. Қадірлі ата. Әсет екеуінің арасында «Босаға» стансасында оянған аяулы сезімнің өткінші емес, мәңгілік екенін олардың қол ұстасқан өмірі дәлелдеп тұрғандай.
Айтбай СӘУЛЕБЕК,
публицист