Қазақша дубляжға 4 миллион доллар жұмсалған
Қазақша дубляжға 4 миллион доллар жұмсалған
361
оқылды

Бұл жайында «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова хабарлады.

– Біз бұл істі қолға алғалы 8 жыл болыпты. Сол уақытта демеушілер тарапынан 4 миллион доллар тартылып, 30 голливудтық фильм қазақшаланды. Оның 14-і Walt Disney Pictures, Pixar студияларының анимациялық туындылары болса, қалған 16-сы Sony Pictures, Disney, Lucasfilm, Marvel Studios сияқты танымал компаниялардың отбасылық фильмдері», – дейді Динара Шайжүнісова.

Осы күнге дейін барлық фильмнің дубляждау шығындарын BI Group құрылыс компаниясы көтерген. BI Group компаниясының  құрылыс индустриясын цифрландыру жөніндегі директоры Асхат Тұрғынбекұлының айтуынша, бұл іске барынша қолдау көрсетуде.

– Осыған дейін 8 кинолентаны дубляждауға демеу жасағанбыз. Жалпы, осы уақытқа дейін 400 млн теңгеге көмек көрсетілген. Өткен жылы бұл жобаға 150 млн теңге бөлсек, биыл 250 млн теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Ал 2020 жылы бұл сома 350 млн теңгеге жетуі тиіс. Киноны қазақша сөйлету арқылы үй-ішімізді қазақ тілінде сөйлете алатынымызды түсінетін уақыт жетті. Үйде қазақша сөйлесек те, балалардың тілі орысша шығып жатады. Себебі, көретін мультфильмдері орыс тілінде, – деді ол.