Өрімдей кезіңде өмірдің өткелінде жолығып, қол ұстасып қатар ғұмыр кешіп, достық бауырластыққа ұласқан шақта ондай замандасыңнан көз жазып қалу оңай болмайды екен. Сондай арда азаматымыздың бірегейі Ербол Шәймерденұлы мына фәни дүниеден бақи дүниеге аттанғалы да жеті жылға таяп қалыпты. Бірақ артында Абай айтқандай, өлмейтін сөзі, өшпейтін көзі қалды. Тәубе сөзі жұртқа жетіп, ұрпағына үлгі болып келеді.
Сонымен, Ербол Шәймерденұлындай таланттың артында қалған мұрасын кейінгі буынға жеткізу, атын жаңғырту жұмыстары соңғы кездері қолға алына бастады. Өзін балапандай баулып, қырандай түлеткен қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы ҚазҰУ-да дәрісханасы ашылды. Кіндік қаны тамған, алыптар елі Қызылжар өңірінде бәрекелді дегізер жұмыстар жалғасын табуда. Жақында сондай қайырлы қадамдарға куә болып қайттық. Оның біріншісі, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ақын жүректі қайраткер» атты дөңгелек үстел еді. Оған қарымды қаламгерлер Ж.Сүлейменов, Қ.Жиенбай, журналист-сазгер Қ.Ағыбаев, профессорлар Қ.Тұрсынов, А.Ыбыраева,З.Тайшыбай, Ж.Қадыров, мектеп мұғалімі Ә.Құлыбекова, өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, Ербол Шәймерденұлының артында қалған ұшан теңіз мұрасына жан-жақты талдау жасап, ол алдымен жыр дүлділі Тұманбай Молдағалиев айтқан ақындықтың әулие құсын қолына қондырғанын дәйектейтін өрнекті өлең жолдарымен алға тартты. Сол секілді қазақ көркем публицистикасында да өз қолтаңбасын қалыптастырғанынан, әнге сөз жазуда ұлттық үлгіні қатаң ұстанғанынан, аударма саласында да қыруар шаруа бітіргенінен, оған әлем ойшылдары мен философтарының қанатты қағидаларының қадірін кетірмей жұртымыздың кемел тілінде керемет сөйлеткенінен мысал келтірді.
Шашау шықпасын деген ниетпен жиырма бес ғасырлық, бағзы заманнан бүгінге дейінгі даналық дарақтарын жинап «Қазақ афоризмдері» деген көлемді жинақты тұңғыш рет жарыққа шығарғанына, ондағы дара да дана ұлыларымыздың, яғни б.з.д.V ғасырдағы Анақарыс,Тоқсары, Тоныкөк, Білге, Күлтегіннен бастап, Сағат Әшімбаевқа дейінгі ұлт жақсыларының айтқан ой орамдарына да кеңінен тоқталды. Қыруар кітапті парақтап, сусыған құмнан алтын елеп алғандай құнды сөз, жауһар ойды таңдау да жанкешті тірлік екені сөзсіз. Оған да зеректіктің, төзімділіктің, табандылықтың, білімдарлықтың керегі еш күмән туғызбайды. Мұның бәрі тың ізденістен туған, ұлт руханиятына қосылған қазына екені рас. Алда мұның бәрі Ербол есімімен қатар аталуы тиіс деп топшылаймыз. Афоризм дегеннен шығады, Шәймерден ұлының өз афоризмдері де бір шоғыр дүние екенін оқыған адамның көзі жетері хақ. Осындайда «Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» деген ұлт сөзі ойға оралып отыр.
Дөңгелек үстелден кейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов қабылдап, еңселі азаматқа құрмет көрсету абырой екенін атап, шығармашылығымен де, қайраткерлігімен де халқына шынайы қызмет еткен Ербол Шәймерденұлына деген ілтипатын жеткізді. Өзі басшылық жасап келе жатқан өңірдегі өрелі жұмыстарды, Елбасының рухани жаңғыру идеясы аясында ауыл, аудан, облыс көлемінен шыққан зиялылырды кейінгі жас ұрпаққа таныстыру, үлгісін ұлықтау арқылы олардың мемлекетшіл болып қалыптасуына мүмкіндік туғызу ісі жүйелі жүргізіліп жатқанынан да мысалдар келтірді. Әсіресе, облыс орталығы мен аудан, ауылда ұлт рухы бірден сезіліп тұруын ойластырып жатқанын тілге тиек етті. Біз оның бір дәлелі, Қызылжар қаласына кіре берістегі Қожабарген жыраудың еңселі ескерткіші деп білдік. Жалпы, облыс әкімінің азаматтық болмысы халқымыздың даналары мен дараларына деген ілтипатынан айқын аңғарылады.
Екінші шара мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Тұңғыш рәмізтанушы Ербол Шәймерденұлы» тақырыбындағы оқушылар конкурсы облыстың Жамбыл ауданындағы Қожаберген жырау атындағы мектепте болды. Сайыс басталар алдында елдің еңсесін тіктейтін ұлт рәміздерін тұңғыш рет халыққа жеткізу, «Бұл төңіректегі асқар таудай қиын шаруаның бәрі жас қаламгер Ербол Шәймерденұлының мойнына жүктелді. Ол нағыз байқатпай жүріп ел мүддесіне еңбек ете білетін шын бейнетқорлық мінезін танытты. Ол мінезі жас тәуелсіздігіміздің тәй-тәй басқан алғашқы жылдарында әбден көрінді», деп сөз зергері, ақыл данагөйі Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, Ербол ұлт жұмысын ақаусыз атқарып, ел тану ілімін қалыптастырғаны туралы ақиқат алға тартылды.
Сөз ұстаған қос алыптың музейі жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта төңірегін түгендей келіп ауылдық округ құрылып жатса нұр істіне нұр болар еді. Бұл келешекте ұлт жақсыларының алтын ұясына бет бұруға, көп қозғап жүрген туризмге, яғни Жаңажол жаңа мағынасына көшері анық.
Оқушылар арасындағы бұл сайыс төрт бағытта, нақтылай түссек, 5-11 сынып оқушылары Отан, ел, жер, рәміздеріміз туралы патриоттық әндер айтып, өлең шығарып, сурет салып, эссе жазудан бақтарын сынады. Қорытындысында, эссе жазудан Мамлют ауданынан келген Аружан Мұстафа 1-орынды, өлең номинациясынан Гран-приді Әсем Раисова иеленсе, сурет номинациясы бойынша Гүлнұр Нұрлан, ән номинациясынан Назым Әшімовалар үздік деп танылды. Барлық қатысушыға сертификаттар мен алғыс хаттар, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Осы арада, Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектептің 8-ші сынып оқушылары А.Бұғасов пен Ж.Тасқожин Ербол Шәймерденұлының шығармашылығы бойынша «Қаламгер мұрасы бізге өнеге» деген тақырыпта ғылыми жұмыс жазып, облыста жүлделі орынға ие болғанын айта кетелік. Осындай ғылыми ізденісте жүрген оқушыларға Күләш Шәймерденова арнайы сыйлық табыс етті.
Біз бұл іс-шараны ұлын ұлықтаудың әдемі үлгісі, өзгелер сабақ алар жұрттың жоралғысы деп ұқтық.
Бұл сапарымызда «Туған ел туған ананың мейірлі құшағы сияқты ыстық қой» деген Сәбең (Мұқанов), «Туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ» деген Ғабең (Мүсірепов), «Туған ел, сен қашанда тұғырдасың», деген Ерболдың ауылына бет алған жолда иірілген жылқыдай топ топ қарағай, аққу кейіпті аққайың, ойдым-ойдым дала,ботакөз көл-көздің жауын алды. Ғабең мен Ерболдың Жаңажолына жеткенше осы бір сурет үзілген жоқ. Ерболдың ата жұртында отырғандар мектептен оған арнап шағын бұрыш ашыпты. 95 жастағы алғашқы ұстазы Шәрбан Хәкімқызы балалық шағынан есте қаларлықтай естеліктер айтты. Алдағы уақытта мәдениет үйінен музей жасақтау ниетінде екен. Дегенмен кезінде арасы алты шақырым болса да Сәбең мен Ғабеңнің ауылдарында келіскен кеңшарлар болыпты. Қазір қарапайым ауыл жұртының алтын мекені. Сәбең ауылында 50 үй қалса, «Баяғының құрметтісін құрметтей білмеген елде болашақ жоқ» деген Ғабең жұртында 80 отбасы бар екен.
Сөз ұстаған қос алыптың музейі жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта төңірегін түгендей келіп ауылдық округ құрылып жатса нұр істіне нұр болар еді. Бұл келешекте ұлт жақсыларының алтын ұясына бет бұруға, көп қозғап жүрген туризмге, яғни Жаңажол жаңа мағынасына көшері анық.
Осы арада ұлт руханияты, тілі, ділі деп, бұл істе тірескендерге тік тұрып дәлелін айтқан, ұлт асылдарының өнегесін тану жолында талмай еңбек етіп жүрген азаматтарды айта кетуді парыз санаймыз. Олар облыс әкімдігінің, өзге де сала қызметкерлері, тілекші жұртшылық, оның ішінде тілдерді дамыту басқармасының басшысы
К. Оспанов, Жамбыл ауданының әкімі М.Әбішев, жаңажолдық кәсіпкер А.Тасмағамбетов және тағы басқалар.
Сөз түйініне келер болсақ, сан қырлы саңлақ, жұрт руханиятына өзіндік үлес қосқан қайраткер азамат Ербол Шәймерденұлына алдағы уақытта да осындай құрмет көрсетуді жалғастыра берсек, жарасары хақ. Бір кездері сөз зергері Әбіш Кекілбайұлы «...Көркем сөз оқушылардың Оралхан Бөкеев атындағы бәйгесін тұрақты түрде өткізіп тұруға бастамашы болды. Сөйтіп,кім-кімнің де мүйізін сырқырататын тіл мәселелерін саяси дау-дамайға тұншықтұрып тастамай, нақты әрекеттер арнасына түсіруге күш салды», деп мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты істермен атқарғанын талдап айтқаны бар еді.
Ендігі жерде өзі салған үлгімен тұңғыш рәмізтанушы, алғаш рет қазақ афоризмін жүйелеуші, Елбасының бірінші баспасөз хатшысы, қайраткер қазақ Ербол Шәймерденұлы атындағы іс-шаралар қатарында Отанымызда аталып өтілетін мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Тұңғыш рәмізтанушы Ербол Шәймерденұлы» деген тақырыпта республикалық конкурстар ұйымдастыруды қолға алсақ, ұтылмас едік. Бұл тақырып негізінде жас ұрпақ рәміздер тарихын танып білумен қатар, мемлекетшіл болып қалыптасуына, ұлтының өткенін тануға,кемел келешекке көз жүгіртуге мүмкіндік алары ақиқат. Біз атаған ұсыныс киелі Қызылжар өңірінде басталып та кетті. Енді ол байтақ еліміз бойынша жалғасын табарына сеніміміз мол.