Түрістан облысының 1 жылдық мерейтойына арналған Turkіstan ART fest жас дизайнерлер, суретшілер мен мүсіншілер, сәулетшілер, зергер және қолөнерші жастар арасында облыстық байқау өтті. Байқауда өңірдің өнерлі жастары өздерінің қолынан шыққан 100-ден астам туындысын көрмеге қойды.
Өңірдің жастары қатысқан байқау Түркістан қаласындағы «Есімхан» алаңында өтті.
«Бұл байқау алты бағыт бойынша өтуде. Мұндағы мақсатымыз облысымыздың 1 жылдық мерекесі қарсаңында өңіріміздегі өнерлі жастарымыздың туындыларын танытып, шығармашылықтарын дамыту болмақ», – дейді облыстық отбасы, балалар және жастар орталығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Сәдібек.
Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген байқауда көздің жауын алатын сапалы дайындалған дүние көп болды. Мәселен, сарығаштық қолөнер шеберлері Нұрсұлтан Қарсыбаев пен Айдана Қамбарова өздерінің жасаған бұйымдарымен келіпті. Өздерінің байқауға қатысқандарына шексіз қуанышты екенін және бұл байқаудың өз шығармашылықтарын дамытуда үлкен серпін бергенін айтты. Нұрсұлтан өзінің жасаған бесігі мен қымыз құятын тегенелерінің жасалу жолдарын айтса, Айдана көздің жауын алар моншақтары жайында түсідіріп берді. Жалпы, бұл қолөнершілер көрме-байқауға өздерінің жүзден астам түрлі ірілі-ұсақты бұйымымен келіпті. Сонымен қатар өзге де өнер туындыларымен келген шығармашыл жастардың дүниелері де осы көрмеден көрініс тапты.
Байқаудың нәтижесінде арнайы жүлделі орынға лайық деп танылған жастарға қаржылай сыйлық берілсе, өзге де бірқатар өнерлі жастарға ынталандыру сыйлығы табысталды.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан қаласы