Абай және Алаш
Абай және Алаш
749
оқылды

Кеше Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» орталығының ұйымдастыруымен «Алаш алқасы» ғылыми-танымдық интелектуалды жастар клубының кезекті отырысы өтті.

 «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асып жатқан жобаның бұл жолғы кездесуі – «Абай және Алаш» тақырыбына арналды. Шараның мақсаты – ұлт мұраты, мемлекетті қалыптастыру жолында ерен еңбек етіп, қазақ руханиятының әдебиеті мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан хакім Абай мен Алаш қайраткерлерінің тағылымды жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде жеткізіп, дәріптеу.

Жиынға қатысушылардың қарасы көп болды. Оның ішінде абайтанушы ғалымдар, алаштанушы зерттеушілер, жас этнографтар мен жастар «Абай және Алаш» тақырыбында ой қозғап, пікір алмасты.

Филология ғылымдарының докторы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай өзінің зерттеулерінде кездескен тың деректермен бөлісіп, жастардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Ал Алмахан Мұхаметқалиқызы бүгінгі абайтанушы ғалымдардың азайып бара жатқанын айтып, өскелең ұрпаққа Абай мұрасының жетуіне алаңдаушылық білдірді.


Өз кезегінде сөз алған Әлихантанушы-ғалым Сұлтанхан Жүсіп Алаш идеясының басы Абайдан басталатынын жеткізді. «Алаш қайраткерлері халыққа арнаған сөзінде неге Абайды алып отыр? Алдымен, қазақ баспасөзінің басында тұрған «Түркістан уәляты», «Дала», «Серке» сынды басылымдарда патша жарлықтары, ресми мәліметтер, одан өзге айтысымыз, халық ауыз әдебиетінің жазбалары шықса, кейін «Қазақ» газеті шыққанда қазақтың ойы жарыққа шыға бастады. Міне, Алаш идеясы халыққа осылай тарай бастады. Бұны Алаш қайраткерлері Абайдың ойынан, Абайдың сөзінен алды. Соны дамытып, ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тірегіне айналдырды. «Оян, қазақтың!» өзі Абайдың сыни шығармаларының сабақтасып жатқан жалғасы. Сондықтан бүгін жастарға тағылымды ой айта алдық деп ойлаймын», – деді ол.


Ал Қазақстан журналистер одағының мүшесі, жас қаламгер Кенжебек Сержанұлы осы өткен жиында рухани түлеп шыққанын жеткізді. –Кездесуден мол тағылым алдық. Абайды тану – алдымен өзіңді тану сосын күллі қазақты тану. Алаш деген – біздің бүгінгі рухани саламыздың ажырамас бөлігі. Осы екі тақырыпты бір арнада тоғыстырып, жастардың пікірін тыңдап, сұрақтарымызға толық әрі нақты жауап берген ағалармызға мың алғыс! Бұндай рухани жиын көптеп ұйымдастырылса дейміз, – деген пікірін білдірді.

Кездесу соңында хакім данамыздың 175 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде атап өтуіне түрлі ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, қоғам белсендісі Ернат Мэлсұлы Абайдың жүріп өткен ізімен велошеру ұйымдастыру жөнінде ұсыныс білдірсе, ғалым Дихан Қамзабек Елордадағы «Жастар» шағын ауданында бой түзеген жаңа мектепке Абай Құнанбайұлының есімін беруді ұсынды.

Фархат ҚАНАЛЫ