ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті
ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің  кеңейтілген отырысы өтті
397
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ж.Қ. Түймебаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырысқа Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің өкілдері, ҚХА мен Ғылыми-сараптамалық кеңес мүшелері, өңірлердің ғылыми-сараптамалық топтарының басшылары, ЖОО ректорлары, Ассамблея кафедраларының меңгерушілері, жастар ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.

– Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мақсаты – саяси жағдайларға болжам жасай отыра, қоғамды алауыздықтан сақтау. Яғни, халық санасына саңылау сала отырып, демократиялық құндылықтардың дәнін егу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, этносаралық қатынасты нығайту. Тек ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ, – дей келе Жансейіт Түймебаев ғылыми-сарапшылық кеңесі жұмысының өзекті мәселелерін талқылап, іске асырылуы тиіс бірқатар тапсырмалар берді.

Кеңес барысында «Қазіргі кезеңдегі Қазақстан халқының бірегейлігі мен бірлігі: даму үрдістері», «Қазақстандық қоғамның этноәлеуметтік құрылымы туралы» баяндамалар тыңдалды.

Сондай-ақ, қазіргі кезеңдегі бірлік пен ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелері бойынша пікірталастар мен сараптамалық пікір алмасулар өтті.


Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесі (бұдан әрі – ҚХА ҒСК) Мемлекет басшысының ҚХА-ның XIV сессиясында берген тапсырмасы бойынша 2009 жылғы 28 қаңтарда құрылды.

ҚХА ҒСК құрамында 52 ғалым: оның ішінде 31 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, зерттеу институттарының басшылары және қоғам қайраткерлері бар.

ҚР Президенті жанындағы МБА Орталық Азия аймағындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы ҚХА ҒСК-ның жұмыс атқару органы болып есептеледі.

Барлық өңірлерде ғылыми-сараптамалық топтар құрылды. ҚХА ҒСТ-ның ғылыми базасы – аймақтық ЖОО-лар. Қызметке барлығы 262 адам жұмылдырылды, оның ішінде ғылым докторлары – 57, ғылым кандидаттары – 117, PhD докторлары - 5.

Мақсат – тұрақтылық, этносаралық толеранттылық, қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік мәселелері бойынша ҚХА қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу.

ҚХА ҒСК Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында қабылданатын шешімдерге сараптамалық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету, олардың хал-ахуалы мен қалыптасып отырған үрдістерін терең зерделеуді жүргізу, оларды одан әрі дамытудың ғылыми негізделген болжамдарын әзірлеу жөніндегі міндеттерді орындайды.