Ұлттың саны сапаны көтереді

Ұлттың саны сапаны көтереді

Мемлекет үшін маңызды мәселе – демографиялық ахуал. Себебі сол, қай мемлекеттің де дамуына, ең алдымен, халық саны әсер етеді. Кез келген елдің ішкі-сыртқы дамуы тікелей халық санының өсімімен байланысты. Сондықтан Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында демографиялық жағдайға ерекше көңіл бөліп келді.

Халық санын көбейтудiң бір жолы – табиғи өсiм. Ал ол үшiн аналарға жасалатын көмек, ме­ди­циналық жәрдем және әлеу­мет­тiк жәрдемақылар өсуi керек. Бұл бағыттағы жұмыстар жылдан жылға жанданып келеді. Биыл­дан бастап көпбалалы отбасы­ларға бөлінетін жәрдемақының көбеюі көңілге қуаныш сыйлады. Мамандар еліміздегі табиғи өсімнің оң бағытқа ие екенін тілге тиек етеді. «2017 жылғы де­рек­тер бойынша туудың жиын­тық коэффициенті 2,73 болды. Демография ғылымында replacement level 2,1-ден төмен болса, халықтың өсімі болмайды деп есеп­теледі. Яғни, әр әйелде ке­мін­де екі бала болуы керек екен. Бірақ біз әу бастан көпбалалы анасы көп ұлтпыз. Сондықтан біздің балаға көзқарасымызбен бұдан да көбейіп, өсіп-өркен­деуімізге үлкен мүмкіндіктер бар. Әр қоғам халқының өзінің өсу, өнудегі ерекше даму заңды­лықтары болады. Бізді ойлан­ды­ратыны, осы заңдылықтарды зерделейтін ешқандай ғылыми мекеме жоқ. Іздесеңіз, жалаң статистика мен сандарға ғана тап боласыз. Сондықтан демография ғылымының дамуы үшін арнайы ғылыми институт қажет. Бұл институты біздің жоспарымыз­дағы межеге ертерек жеткізуге апарады», – дейді социолог Ерлан Қуантқанұлы.

Халық санын көбейтудің екінші жолы – шетте жүрген қандастарымыздың елге қайтып келуі. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде 7 миллионның үстінде ғана қазақ болса, 2012 жылғы дерек бойынша 10 миллионнан асып жығылдық. Тәуелсіздігіміз­дің 21 жылында республикадағы қазақтың саны 3 миллионға жуық адамға өсті. Осы уақыт аралығында шет елдерден ата­ме­ке­ніне оралған қазақтың саны 950 мың адамнан асты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кезінде тәуелсіздік алған тұста, 1991-1995 жылдары Қазақстан­нан 3,5 миллион халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 миллионға дейін түскен. Қазіргі уақытта қайта қалпы­мызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 миллионнан астам қандасымыз сырттан келді», – деген еді. Ата-бабамыз аңсап өткен егемендік бізге көбеюге де мүмкіндік берді. Ал бұл демографиялық ахуалдың ілге­рілеуіне ықпал етті. Демогра­фияның атасы атанған ғалым, марқұм Мақаш Тәтімовтің: «Қазақтар – 1930 жылдардағы аштықтан ең көп жапа шеккен халық. Мәселен, украиндар өз халқының 17 пайызын жоғалтты және жергілікті жерлерде, яғни елдің оңтүстігінде ғана. Қазақтар бүкіл Қазақстанның территория­сында 49-дан 51 пайызға дейін кеміді», – дегені бар еді. Ғалым­ның зерттеулері бойынша 1926 жылы қазақтың саны өзбектен 10-15 пайызға көп болған. Тіпті, түркі халықтарының ішінде Ос­ман империясынан кейін саны жағынан қазақ ұлты екінші орынды алатын. Бұл тұста демо­граф ағамыз: «Егер аштық болмағанда, біздің санымыз қазір 32-35 миллионнан асып, оның 28-30 миллионы Қазақ­станда тұратын еді…», – деген өкінішін де білдірген болатын. Расында да, екінші дүниежүзілік соғыстың салдары мен тың игеру жылдарындағы қиындықтар қазаққа үлкен қасірет әкелді. Тәуелсіздік бізді осы бір ғасыр бойы бастан өткерген қиын­дық­тардан құтқарды. Халық көбеюдің жағына шықты. Өсе бастадық. Біздің ойымызша, сырттан келетін көші-қонды айтпағанның өзінде бірінші кезек­те іштегі халық санының өсуіне жағдай жасау керек-ақ.



Халық саны тығыз орна­ласқан оңтүстік өңірлерде туу көрсеткіші жоғары деген түсінік бары рас. Бірақ статистикаға сенсек, туу бойынша ең жоғары көрсеткішке Маңғыстау облысы ие болып отыр. Түркістан облысы­ның да туу көрсеткіші жоғары. Еліміздегі әрбір бесінші азамат осы өңірде дүниеге келеді. Қазақстан қалаларында туу көрсеткіші жағынан Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Атырау қалалары тұр.

Елбасы өз кезегінде осы мәсе­леге ерекше мән беріп, елі­міздегі ана мен бала өлімін төмендету үшін медициналық көмек­тің қолжетімділігін артты­рып, әлеуметтік ахуалды түзеуге күш салған еді. Мемлекет тарапынан көрсетіле­тін көмек пен қолдаудың арқасын­да еліміз­де соңғы 10 жылда бала туу көр­сет­кіші 25 пайызға артқан. Елі­мізде күн сайын 1000-нан астам сәби өмірге келеді. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 400 мыңнан асады.

Айта кетерлігі, демография­лық өсімді арттыру бойынша жұ­мыстар осылай жалғасын та­ба­­тын болса, елімізде 2050 жыл­­ға қарай халық саны 24 мил­лион­ға жетеді. Ал оңтүстік ай­мақ­­тардағы тұрғын саны 5,2 млн адамға көбейіп, орналасу тығыз­ды­ғы солтүстік облыстарға қара­ғанда 4 есеге дейін асып кетуі де мүмкін. Сондықтан бізде оң­түстік халқын солтүстік ай­мақ­тарға көшіруді қолдайтын «Серпін» бағдарламасы жұмыс істейді.

Демографиялық ахуалдың түзелуі – елдің экономикалық әлеуетіне де, медициналық қыз­мет сапасының артуына тікелей қатысты. Соңғы 10 жылда ана өлімі – 3,7 пайызға, бала өлімі – 1,5 пайызға дейін төмендеген. Бүгінде жыл сайын елімізде 300-400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Елбасы айтпақшы, Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны – бала.



Ақбота ӘЛІМ