Қазақстанда 19 миллионға жуық халықтың 9 миллионы еңбекке қабілетті. Оның ішінде тұрақты жұмыс істеп, зейнетақы қорына қаржы салушылар 6,5 миллионға жақын, ал 2 миллионға жуығы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жұмыссыздар саны 600 мың шамасында. Электронды еңбек биржасында 125 мыңнан астам бос жұмыс орны орналастырылған. Ал жұмыс іздеушілердің түйіндемесі екі есе аз. Биыл наурыз айында бос жұмыс орындары мен түйіндемелер саны күрт төмендеген. Мәселен, бос орындар саны өткен жылдың соңында 68,9 мың болса, биылғы жылдың наурыз айында 34,2 мыңға дейін азайды. Түйіндеме биыл ақпан айында 29 мың болса, наурызда 20,1 мыңға дейін кеміген. Көрсеткіштің бұлай өзгеруінің себебі не?
Пандемияның әсері
Жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілердің азаюы ең алдымен елде енгізілген төтенше жағдай режимімен тікелей байланысты болса керек. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшылары да осы мәселені бірінші себеп ретінде қарайды. «Алайда карантин шектеулері алынып, нарыққа жан бітіп, кәсіпорындар жұмысын қайта бастады және олар кадрға мұқтаж», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті Балжан Шаменова. Қазір төтенше жағдай режимі алынғанымен, карантин режимі сақталып отыр. Қалада орналасқан ірі кәсіпорындар облыс, ауданмен шекаралас екенін ескерсек, карантинге жабылған қалаларға өз өңірлеріне кеткендер мен шаһар маңындағы елді мекендерде тұратындар онда кіре алмайды. Уақытша және тұрақты жұмыссыздарды қоспағанда қалаларға кіріп-шығудағы шектеуден соң ірі кәсіпорындарда маман жетіспеушілігі байқалады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, карантиннен кейін жұмыссыздар мен бизнесте банкрот болғандар саны артады, тіптен адамдар кәсібін өзгертуі де мүмкін. Ал экономикалық сарапшы Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Қазақстанда жұмыссыздық көбейе қойған жоқ. Шектеулер алынып тасталса бұрынғы меже сақталады. Кеселдің кесірі, әсіресе қызмет көрсету саласына ауыр тигенін ескерсек, аталған сала қатты дамымаған біздің елге де кері ықпалы жоқ көрінеді. «Еуропа елдерінің ішкі өнімінің 70-80 пайызы қызмет көрсету саласына тиесілі. Сол себептен аталған сала тоқтағаннан кейін жұмыссыздықтың көрсеткіші күрт артты. Бізде қызмет көрсету қатты дамымағандықтан ондай үлкен шығын болмайды. Ал транспорт, ауыл шаруашылығы, ауыр металлургия, денсаулық, білім, беру жүйесі, тағы басқалар жұмыс істеп тұрды», – деді Сапарбай Жобаев. Жұмыс берушілер тарапынан да қадамдар жасалып жатқанын естен шығармауымыз керек. Қала маңында тұратын мамандарға жатақханалардан орын беріп тұрақтауына жағдай жасалған. Ірі сауда орындары бұл мүмкіндікті пайдаланып, өз қызметкерлерін орналастырған. Жұмыссыздықтың күрт артуы тек бізде ғана емес, әлем елдерінде кең етек алды. Дүниежүзілік еңбек ұйымының мәліметінше, пандемияның кесірінен әлемде 24,7 млн адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Сондай-ақ аталған жағдай халықтың айлық кірісінің төмендеуіне де әсер етпек. Жыл соңында әлем халқының табысы 860 млрд-тан 3,4 трлн АҚШ долларына дейін қысқаруы ықтимал.Жұмыссыз ұсынысты неге қабыл алмайды?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда сұранысқа ие кәсіптің көшбасында автокөлік жүргізушісі, медбике, заңгерлер тұр. Үштіктің түйіндемелерінің жалпы саны 7 мыңнан асады. Ал жұмыс берушілерге ең қажетті мамандықтар мүлде басқа. Олар патрульдеу инспекторы, күзетші және медицина қызметкерлері. Түйіндемелер мен бос орындар арақатынасын ескерер болсақ, бізде заңгер, іс жүргізуші және денешынықтыру мұғалімі мамандықтарына сұраныс төмен екен. Өңірлер бойынша 2020 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша, ең көп бос жұмыс орындар – Қостанай облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды облысы және Алматы қаласында. Оларда 10 мыңнан 17 мыңға дейін бос жұмыс орны ұсынылған. Ал ең аз бос орындар саны – Маңғыстау, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында. Әрқайсысында бос орындар 4 мыңға жетер-жетпес қана. Жұмыс бола тұрып, жұмыссыздар саны көп. Неге? Біріншіден, жұмысқа арнайы мамандығы бар адамдарды талап етілетіндіктен, мамандығы жоқтардың қызметке тұруына мүмкіндігі аз. Оның үстіне, бізде жоғары және орта арнаулы білім ордаларында кабинетте отыратын мамандықты алып шыққан жастарымыз жеткілікті. Ал олар құрылысқа, қызмет көрсету саласына бара бермейді. Яғни, азаматтардың өзіне ыңғайлы мамандықты таңдап, оны жете меңгеру қажеттігі туындап отыр. Екіншіден, «жұмыссыз өз азаматтарымыз бола тұра шетелдік жұмыс күшін тартып жатамыз. Мәселен, құрылыста өзбек, саудада қырғыз ағайындардың үлес салмағы басым. Аталған жұмыстарға өз азаматтарымыз бара бермейді. Осы үрдіс дамыған елдерде де бар. Мәселен, Германияда осы саладағы жұмыстарды өзге елдің, негізінен македон мен румын азаматтары атқарады. Бізде де осындай стереотип бар», – деді Сапарбай Жобаев.Жеткіліксіз жалақы
Ұсынылған жұмыстарға жұмыссыз азаматтардың бара бермеуінің бір себебі – жалақының аздығы. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бізге берген мәліметінде, 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды көздейтіні айтылады. Осы мақсатта әлеуметтік-мәдени нысандарды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын, инженерлік-көлік инфрақұрылымын жөндеу мен қайта жаңарту, қалалық нысандарды абаттандыру жұмыстары ұсынылған. Аталған қызметтерде жалақы аз болғандықтан, жұмыссыздар баруға құлықсыз. Жұмысы жоқ жандар көлігімен адам тасып, қызмет көрсетіп тапқан табысы одан бірнеше есе артық. Сол себепті жалақысы жоғары жұмыс іздейді. Ал жұмысқа сұраныс ұсыныстан асып кеткен өңірлерде керісінше. Аз еңбекақымен де жұмысқа тұруға тырысады. Мысалы, Түркістан облысында жұмыс іздеушілер 8,9 мың түйіндеме орналастырған. Бұл қатарға Маңғыстау, Қызылорда облыстарын да жатқызуға болады. Өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстандыру да жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін бағыт. Мысалы, былтырғы 9 айдың қорытындысы бойынша, 918 адам оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған екен. Өкінішке қарай, қоныс тепкендердің көбі тұрақтамай жатады. Әрбір адам басына шаққанда 35 АЕК мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі. Мамандар механизмдерді жетілдіре түсу қажетін айтады. Жұмыспен қамтудың жол картасы және түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында биылғы жылы жұмыспен 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарлануда. Мемлекет мүмкіндік беріп келеді, оны әрі қарай қолданып, іске асыру әр азаматтың өз қолындағы шаруа.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ