Зағиптарға қуаныш сыйлайды
Зағиптарға қуаныш сыйлайды
433
оқылды

Nur Otan партиясы ІТ мамандарды оқыту пар­тиялық жобасы аясын­да «Әлеуметтік мәселелердің ІТ шешімі» байқауының жеңімпаз­дарын марапаттады.

Партия хатшысы Илья Те­ренченко жаңа технологиялардың игілігі қоғам өмірін жақсартуға елеулі ықпал ететінін атап өтті.

– ІТ технологиялардың жетіс­тігі, жаңа құрылғыларды ойлап табатын мамандардың көбеюі, оқушылардың жаңалық ашуы – қуантарлық жағдай. Бұған мек­теп­тердің техникалық жағдайын жақсарту арқылы қол жеткіздік. Мектептерге ІТ технологияларды енгізу арқылы жаңа мүмкін­дік­терге жол аштық. Оқушылардың ойлап тапқан жаңа құрылғыларын күнделікті қолданысқа енгізуге партия тарапынан қолдау көр­се­туге әрдайым әзірміз, – деді пар­тия хатшысы Илья Теренченко.

Жиында аймақтар теле­бай­ланыс арқылы жеңімпаздар ойлап тапқан құрылғыларын көпшілікке таныстырды. Бірінші орынға ие болған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік универси­тетінің студенті көзі нашар көре­тін жандарға арналған 3D принтер ойлап шығарған. Құрылғының артықшылығы – қазақ, орыс ті­лінде ақпарат береді. Бағасы ше­телден әкелінетін құрылғылармен салыстырғанда анағұрлым арзан. Салмағы жеңіл, қолдануға өте ыңғайлы. Жыл сайын көзілдірікті тұтынушылардың қатары көбею­де. Сондықтан Қазақстанда тұ­ты­нушылардың қатары көбейген.

Екінші орынға ие болған жеңімпаздар – Ұлан Айдос пен Аружан Чуйкенова құрастырған принтер жазу, сурет салу, әріптерді криллицадан Брайль қарпіне автоматты түрде аударып береді. Ұлан Айдос принтер арқылы көз жанары нашар көретін жандардың өміріне жарық сыйлаймыз деген пікірін айтты.

– Жер бетін 7 милллиард 33 мил­лионнан астам адам мекен етеді. Соның ішінде 36 миллион адам­ның көзі көрмейді екен. Біздің мақ­сатымыз – зағиптарға көмек­тесу. Жаңа құрылғы арқылы көзі нашар көретін адамдарға қуаныш сыйлағымыз келеді. Колледжде жаңа құрал-жабдықтар ойлап табуға, құрастыруға барлық жағ­дай жасалған. Біздің принтердің артықшылығы осының көмегімен жазуға, сурет салуға, қаласа кириллицадағы мәтінді Брайль қарпімен қағазға шығарып алуға болады. Бірнеше құрылғының фунциясын біріктіру арқылы біз оны қолданатын адамдарға жеңілдік сыйласақ дейміз. Оңай, қарапайым, түсінікті, қолдануға жеңіл құрылғыға қазірдің өзінде сұраныс көп. Кез келген ғылым­ның жетістігі адамзаттың өмірін жақсартуға ықпал етсе екен. Бір принтерді құрастырып шығуға 3 айдай уақыт кетті. Алдағы уақытта 1 ай көлемінде бір құрылғы жасап шығаратын жетістікке жетсек, жұмысымыз өнімді болар еді, – дейді Ұлан Айдос.

Үшінші орынға ие болған Шығыс Қазақстан облысының студенттері мобильді қосымша арқылы зағип жандардың тех­никаны қолдануын жеңілдетпек. Қазір барлық әлеуметтік көмек, қызмет көрсету саласын цифр­ландыру кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Сол себепті, Nur Otan пар­тиясының «Әлеуметтік мәсе­ле­лердің ІТ шешімі» жобасы келе­шекте де мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жа­сауға бағытталмақ. Synergy ғы­лыми-зерттеу қорының же­текшісі Әділ Нысанов жаңа тех­нологияларды қолдану аясын кеңейту, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өте қажет екенін атап өтті.

– ІТ технологияны дамытуды жан-жақты қолдау арқылы көп­теген жетістікке жеттік. Оның қоғам үшін пайдасы шаш етектен. Жаңа дүниені үйрену арқылы аз уақыттың ішінде нәтижелі еңбек еткен ІТ байқауына қатысушы­ларға алғысым шексіз. Қатысушы­лардың әрқайсысының құрас­тырған құрал-жабдық, құрыл­ғылары Қазақстанда сұранысқа ие. Өйткені шетелден әкелінетін құрылғылар алуға, әсіресе, зағип жандар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қаржылай тұрғыдан ауыр тиеді. Осы байқауға қатыс­қан азаматтардың көпшілігі құ­лақ, мұрын, көз ауруларынан кемтар болып қалғандарға арнап құрылғы ойлап тапқаны қуантады. Зағиптардың әлеуметтік пробле­масын шешуге ықпал еткенінің өзі үлкен жетістік, – деді Әділ Нысанов.

Жиында өзге аймақтардағы ІТ байқауға қатысқан үміткерлердің де жобасының маңызы талқы­ланды. Болашақта кем-кетігі то­лық­тырылып, әрбір жобаға арна­йы гранттар берілу мәселесі де шешімін таппақ. Сол арқылы қоғамда зағип, кемтар жандарға қоғамда жайлы өмір сүруге жағдай жасалады.