ҰБТ кезінде телефонмен ұсталған түлек кейін ақылы түрде де емтихан тапсыра алмайды

ҰБТ кезінде телефонмен ұсталған түлек кейін ақылы түрде де емтихан тапсыра алмайды

Оқу грантына және ақылы оқуға түскісі келетін үміткерлер 4 рет емтихан тапсыру құқығына ие. Алайда, ҰБТ-да рұқсат етілмеген заттарды пайдаланбақ ниетпен қулыққа барған үміткерлер жоғары оқу орнын ақылы түрде де оқи алмайды деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Бағын сынауға ниеттенген балаларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге тіркелу online режимінде жүргізілді. Алматы қаласы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы ата-аналар мен түлектерге арнайы ескерту жасады. Биыл Алматыда 9 299 түлек аттестат алады. «Алтын белгі» төсбелгісіне 545 түлек үміткер.

«Тестілеуге қатысуға барлығы 14 972 өтініш түсті, оның ішінде жалпы білім беру ұйымдарынан 9 047, ал 5 925-і орта арнайы оқу орындарының түлектері. Тестілеуге кіру кезінде тапсырушыда тыйым салынған заттар (смартфондар, қарапайым телефондар, гаджеттер, шпаргалкалар және т.б.) табылса, онда ол тестілеуге жіберілмейді, сонымен қатар, 2020 жылы ҰБТ-ны ақылы негізде де тапсыру құқығынан айрылады. Ұлттық бірыңғай тестілеу медициналық-санитарлық нормалар ережелерін толық сақтай отырып өткізіледі. Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында карантиндік жағдайға байланысты ата-аналардан балаларымен бірге ілесіп келмеуін сұраймыз», - деді Департаменттің  басшысы Гүлнара Ермекбаева.
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу үдерісін Digital Agent қосымшасы арқылы кез келген адам бақылай алады. Қандай да бір заңсыздық болғаны байқалса, фото-бейне жазба түріндегі шағым осы Digital Agent арқылы қабылданады. 1414 және 1424 телефон номерлері де қоңырау қабылдауға дайын. Сонымен қатар, ҰБТ-ның өткізілуін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топтың мүшелері қадағалайды.