Ұлттық банк енші бөліседі
Ұлттық банк енші бөліседі
389
оқылды

Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Сенаттың жалпы отырысы өтті. Онда сенаторлар қолданыстағы заңнамаға «қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» түзетулерді қабылдады.

Ұлттық банк осы заң жобасы арқылы өзінің көптеген функ­циясын түңлігін жаңадан түретін жеке мемлекеттік органға беруге бастама жасап отыр.

– Ұлттық банк енді тек өзінің негізгі мақ­сатына – төмен инфля­цияға, елдің орнықты дамуына және халықтың тұрмыс сапасы­ның өсуіне қолдау көрсетуге екпін түсіре отырып, бағалардың тұ­рақтылығын қамтамасыз етуге бар күшін шоғырландыратын болады. Ал қаржы нарығын рет­теу және дамыту, сондай-ақ тұ­ты­нушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қазақстан Пре­зидентіне тікелей есеп беретін же­ке мемлекеттік органға – Қар­жы нарықтарын реттеу мен да­мыту агенттігіне табыстау ұсы­нылады, – деп хабарлады Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, бұл баста­маны іске асыру мақсатында әзір­ленген жаңа заң жобасы екі ауқымды бағытты қамтиды. Оның біріншісі – қаржы сек­то­рын реттеу мен дамытудың тәуел­сіз органын құру.

– Экономиканы сапалы да­мыту үшін Ұлттық банк мемле­кеттік қаржылық қолдау бағдар­ламаларын, оның ішінде эконо­миканың басым салаларын кре­диттеу, «7 – 20 – 25» және басқа бағдарламаларды банктер арқылы іске асыруды жалғастырады, – деді Е.Досаев.

Ол жаңа агенттіктің Ұлт­тық банкті қайта ұйымдастыру ар­қы­лы құрылатынын, оның ба­ры­сында функциялар, өкі­лет­тіктер және штат бірліктері қайта бөлінетінін қоса айтты. ҰБ-дан жаңа агенттікке ауы­суы мүмкін қызметкерлердің жал­пы саны шамамен 500 адам болады.

Заң жобасының екінші ба­ғыты тұтынушылық несиелендіру нарығында реттеуші төрелікті және жүйелік проблемаларды жою болмақ.

Жиында жоғарғы палата депу­таттары «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты», сондай-ақ «1992 жылғы 15 ма­мырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мем­лекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы ке­лісімге өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы» рати­фи­кациялады.

Отырыс соңында сенатор­лардың бірқатар депутаттық сауалын жария етті. Депсауал­дар­дың маңызына назар аудартқан Сенат төрағасы депутаттарды мемлекеттік органдар басшылары қайыратын жауаптарға мұқият қарауға шақырды. Депутаттар көбінесе бірсарынды жауаптар алады, ал көтерілген мәселелер шешілмей жатады.

«Сауалдарыңыз бос сөз ре­тінде қалмауға тиіс. Өзіміз нақты жұмыс жүргізбесек, ешқандай өз­­герістер болмайды», – деді Да­риға Назарбаева.