Электронды үкімет уақытты үнемдейді

Электронды үкімет уақытты үнемдейді

Бұрын «Қазақстанда емес қағаздан бас алмайтын Қағазстанда өмір сүріп жатқан­дай­мыз» деп, базынасын айтатын адамның қарасы көп еді. Ал бүгін бұл пікірдің іргесі сөгілді. Себебі сол, мемлекеттік мекеме орындарынан қажетті құжатты алу айтар­лық­тай жеңілдеді. Ол үшін электронды үкімет порталының ресми сайтына кіріп, өз ЖСН-іңізді енгізіп тіркелесіз. Кейін керек құжатқа өтініш бересіз. Осылайша, небәрі 10-15 минут ішінде анықтама алуға, күн-түн демей, кез келген уақытта баланың бала­­бақшадағы кезегін көруге, мекенжай анықтамасын ұялы телефонға жүктеуге болады.

Сонымен «электронды үкі­мет» порталы дегеніміз не? Портал – Қазақстан азаматтары мен республика қонақтары үшін ресми ақпарат беретін және онлайн режимде мемлекеттік мекемелер қызметін пайдалана алатын айырықша ресурс. Элек­тронды үкімет құру идеясын ең алғаш Елбасы Н.Назарбаев әлем­дегі бәсекеге қабілетті елу ел­дің қатарына кіру туралы Қазақ­стан халқына жыл сайынғы Жолдауында ұсынды. Сөйтіп, 2004 жылғы 10 қарашада элек­тронды үкіметті енгізу туралы «Қазақстан Республика­сын­да электронды үкіметті қалыптас­ты­рудың 2005-2007 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдар­ла­масы» Президент Жарлығымен бекітілді.

Электронды порталда жұмыс істеу кез келген пайдаланушы үшін түсінікті. Тіпті түсінбей бара жат­саңыз, YouTube сияқты желі­лер­ден электрондық үкімет пор­талын пайдалану туралы ар­найы сабақтарды көре аласыз. Ақпарат алмасудың жылдам­ды­ғы­­ның арқасында ел тұрғындары үкімет ұсынған қызметтерді тез мең­гер­ді. Құжат жинауда электронды нұс­қаны пайдалану арқылы қағаз­бастылық азайып, қызмет сапасы жақсаруда. Бұл – элек­трон­ды үкімет порталының ха­лық игілігіне айналғанының ны­шаны. Қазіргі таңда www.e.gov.kz порталында отбасы, әлеуметтік қамтамасыз ету, құқықтық көмек, денсаулық сақтау, миграция және иммиграция, көлік және ком­муникациялар, білім, жыл­жы­­майтын мүлік, туризм және спорт, жұмыспен қамту, салықтар мен қаржылар, әскери есеп және қауіпсіздік сынды бөлімдерде екі мыңнан астам ақпараттық қыз­мет көрсетіледі. Электронды үкі­мет порталын пайдаланушы­лар саны бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары көш бастап тұр. Ал еліміздің кейбір аймақтарының белсенділігі көңіл көншітпейді. Интернет көзіне қол­жетімсіз елдімекен тұрғын­дары электронды үкімет порта­лы­ның ұялы телефондарға ар­нал­ған қосымшасын жүктеп алу арқылы қызмет түрін пайдалана алады.

15 жылдың ішінде элек­трон­ды үкімет порталы дамудың бірне­ше сатысын бастан өткерді. Алғашқысы – ақпараттық кезең. Осы кезеңде портал тұңғыш рет іске қосылып, ақпараттармен то­лықтырылды. Мемлекеттік меке­­мелердің халыққа көрсететін қызмет түрлері туралы ақпараттар таратылды. Екінші кезең – ин­те­рак­тивті кезең. Бұл кезеңнің ерек­шелігі портал электронды қызметтерді ұсына бастады. Халық үйден шықпай-ақ кезекке тұру, анықтама алу, мекеме орын­дарына сұраныс жіберу сынды қызмет түрлерін пайда­лануға мүм­кіндік алды. Электронды үкімет порталына интерактивті қызметтерді енгізу құжаттарды жинауға кететін уақытты үнем­деу­ге едәуір көмектесті. Дамудың үшінші кезеңі – транзакциялық кезең. Бұл кезеңде азаматтар мемлекеттік салық түрлерін, айып­пұлдар мен коммуналдық қызмет ақыларын төлей алды. Бұған дейін банкке барып, кезек­те тұрып бір күн сарп ететін жұ­мыс онлайн жүйеде бірнеше минутқа ғана созылады. Элек­трон­ды үкімет дамуының қазіргі, төртінші кезеңі – түрлендірмелі кезең. Соңғы кезеңнің ерекшелігі – қызмет көрсету жылдамдығы­ның артуы.

Қазақстанның электронды үкіметі дүниежүзілік қауымдас­тық тарапынан оң көзқарасқа ие. Халықаралық және респуб­лика­лық рейтингтердегі жоғары көр­сет­кіштері мен байқауларда ие болған номинациялары осы­ған куә. Еліміздің элек­тронды үкімет порталы даму деңгейінің «даму­шы» сатысында және аз уақыт ішінде жоғары нәтижеге жеткен табысты порталға айналды.

 

Көктем ҚАРҚЫН