Әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлер қоғам дертіне айналды. «Жақындарыңды ескертіңдер», «баласы барларға жіберіңдер», «мұқият қараңдар» мәтініндегі хабарланы күнде байқаймыз. Бұл кімге керек? Бірі жай ғана үркіту үшін, ендігісі арнайы жоспармен, үшіншісі нарықтағы пиар үшін аталған қадамға барады.
2016 жылы қазақстандықтарды медициналық препарат қолданғаны үшін 12 бала қаза тапты деген ақпарат елең еткізді. Өлімнің себебі дәрі қабылдауда делінген. Ақпарат авторы көп ұзамай қолға түсті. Астана тұрғыны полицияға не үшін мұндай ақпарат таратқаны жайында мардымды жауап бермеді. Тек «қалжыңдадым» депті.
Талғардағы психикалық ауруханадан Николай Жұмағалиевтің қашып кеткені жөнінде қауесет тарады. Жұрт дүрлікті. Өйткені хабарламада оның адам етін жейтіні көрсетілген. Тіпті көк базар жақтан көргендер бар екен. Артынша полиция қызметкерлері арнайы мәлімдеме жасап, жалған хабар екенін айтты.
2018 жылдың мамырында Қазнетте белгісіз бір әйелдің баласын ұрып жатқаны түсірілген бейнежазба тарады. Видео авторы мен комментарий жазғандар видео Қазақстанда түсірілген деді. Қазақстан мен Қырғызстан ІІМ қызметкерлері бейнежазбаға арнайы тексеру жұмысын ұйымдастырды. Тергеу жұмысы көрсеткендей видео Перуде 1 мамыр күні түсірілген екен.
2018 жылы маусымда Қытай азаматтары үшін визасыз режим орнады деген ақпарат пайда болды. Фейк-ақпарат мессенджер арқылы тараған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ақпараттың жалған екенін, қытайлықтар елімізге тек визамен келетінін мәлімдеді.
«Жаман хабар желдей еседі». Мұның фейк-ақпаратқа да қатысы бар. Жылдам таралып, қызу талқыға түседі. «Жалған ақпарат екенін мәлімдеді» дейтін хабарлама таралмайды. Өйткені халықты бастапқы ақпарат қана қызықтырады. Олар уақытын адам етін жейтіннен сақтануға, визасыз режим тақырыбын талқылауға жұмсайды. Көпшілігі Whois серверінің бар екенін білмейді. Аталған сервер арқылы жаңалықтың Қазақстанмен байланысын, IP-адрестің қай жерге тіркелгенін көруге болады.
Factcheck.kz сайты журналисі Павел Банниковтың айтуынша, фейк-ақпарат жылдам жасалады. Функциясы қарапайымнан күрделіге қарай жүреді екен. Фотошоп, текст, видео, интернет-тролль және тағы басқа түрі бар. Интернеттегі фейк-ақпараттың 99 процентін жай ғана қолданушы жасайды-мыс. Қалған үлесі – маркетингтік шабуылдың еншісінде.
Kantar ақпарат агентігі АҚШ, Франция, Ұлыбритания және Бразилия тұрғындарына зерттеу жүргізген. «Ақпаратқа деген сенім» атауымен өткен акцияға 8 мың адам қатысқан. Нәтижесінде, халық баспасөз құралдарының ішінде журналға сенім артатыны белгілі болды. 72 проценті журналдан оқыған ақпараттың шынайлығына сенімді. Сауалнамаға қатысқандардың 69 проценті телеарнаға, 68 проценті радиоға, 67 проценті дәстүрлі БАҚ құралы таратқан ақпаратқа сенеді. 50 проценті интернет порталдар мен сайт ақпаратына құлақ асады. 37 проценті мессенджерде таралған ақпараттың дұрыс екеніне көзі жетеді. Қалған 33 проценті ғана әлеуметтік желідегі ақпараттың ақ-қарасын айыруға тырысады екен.
Қазір халық үшін маңыздысы – ақпарат. Шындық па, жоқ па, бас ауыртпайды. Ішіндегі бірен-сараңы ғана тексеру қамына кірісер. 2018 жылы 3 қарашада «Kaspi банк жабылады екен. Тезірек ақшаларыңды алыңдар» мәтінімен WhatsApp-та аудиохабар тарады. Банк басшысы арнайы видеоүндеу жариялап, менеджерлер сабырға шақырғанымен, халық көпке дейін тыншымады. Мұны маркетингтік шабуылға балауға болады. Нарықта осыған ұқсат жағдаяттар жиі кездеседі. Бургер жеуге болмайды, KFC-де халал сертификаты жоқ және тағы басқа жаңалықтарға ел иланады. Ал бұл компаниялар үшін басы артық шығын.
Пікір қалдырудың өзінде пайда мен зиян жатыр. Мұнда да фейк-аккануттар арқылы компания беделіне нұқсан келтіретін пікір қалдыратындар бар. Мысалы, өзіңіз бұрын бармаған жер жайында, алдымен, пікірлерді оқисыз. Сізге орналасқан жері, бағасы, бәрі ұнауы мүмкін. Бірақ жазылған пікірлерде қарама-қайшылық болса, ойыңыз өзгереді. Пікір қалдырған адам фейк-аккаунт шығар, арнайы жоспармен жасалған әрекет болар деп топшыламаймыз. Бірден жоққа шығаруға әуеспіз. Бұл диагноздың қазақша атауы – «жел шықпаса, шөптің басы қимылдамайды». Қоғамда дәл осындай менталитет қалыптасқан. Кез келген ақпарды бірден қабылдауға, не жоққа шығаруға асықпаймыз. Ақпараттың рас-өтірігін анықтауды уақытты алатын жұмысқа балаймыз.
Әлем елдері фейк-ақпаратпен күресуді жолға қойған. Google фейкпен күресуге 300 млн қаржы бөлген. Facebook те жалған ақпарға жол бергісі келмейді. Германия арнайы заң қабылдады. Ресейде де фейкке қарсы заң күшіне енді. Индонезия мен Ұлыбритания халқы арнайы шара қолданып жатыр.
Индонезия – әлемдегі ірі мұсылман мемлекеті. Мұнда дінді берік ұстанады. Қытайдың Индонезияға көрсеткен қысымы жайлы фейк-ақпарат жиі жарық көреді. Осыдан елде ұлт, мәдениет, дін тақырыбында алауыздық пайда болады. Алдың-алу үшін индонезиялықтар үлемдер кеңесіне жүгінеді. Үлемдер кеңесі жоғары діни орган есебінде. Бұл халықты сабырға шақырудың ең оңай жолы екен.
Ал Италияда «шынарды шыбық кезінен бақыла» дейтін принцип. Римдегі бастауыш мектепте 4 млн-ға тарта бала оқиды. Балаларға интернеттегі фейк-ақпараттан сақтану, ақпараттық сауаттылық жайлы арнайы пән кіреді. Оқушыларға блог жүргізуді, фейк ақпаратты тануға үйретеді. Арнайы тест тапсыру жүйесі де бар.
Ұлыбританияда қарапайым азаматқа, заң өкілдеріне лицензия бермейді. Олар тек кабельді, спутникті және цифрлы хабарды қосуға лицензия алады.
2012 жылы Журналистер бірлестігі мен Бас редакторлар клубы «Журналистің этика кодексін» бекітті. Осыған ұқсас кодекс Ұлыбританияда да бар. Егер журналист этика кодексін бұзса, карьерасына нүкте қояды. Тіпті журналист жұмыс істеген редакцияға сын келуі мүмкін. Еліміздегі «Журналистердің этика кодексі» ережелері сақтала бермейді. Фейк-ақпарат таратуға тиым салу туралы заң жобасы жоқ. Ресей жақында ғана фейк-ақпаратқа қатысты заң күшіне енді. 24 наурызда қабылданған заңда жалған ақпарат тарату мен жала жабуға қатысты айыппұл мөлшері көрсетілген. Егер аталған ақпарат әсерінен адам көз жұмса немесе оған зақым келсе, айыппұл мөлшері өседі.
Фейк-ақпарат таратудың жақсы жағы барын білесіз бе? Иә, жалған ақпарат тарату дұрыс емес. Бірақ елдегі саяси жағдайды орнықтыру үшін кей мемлекет «назар аударту ақпаратын» таратады. Мысалы, Оңтүстік Корея елдегі саяси дүмпуді басу үшін «Ли Мин Хо мен Сюзи айырылысты» деген ақпарат таратқан. Дональд Трампп Америка президенті атанғанда елде наразылық акциясы жүрді. Халық көңілін аулау үшін Америкада түрлі фейк-жаңалықтар жарияланды.
Мамандар фейк-ақпаратты ажыратудың жеңіл тәсілдерін ұсынады. Алдымен, тақырыбына назар аударыңыз. Егер ақпарат сенсацияға құрылып, сұрақ пен леп белгісі қойылса, ойланыңыз. Бұл фейк-ақпарат болуы әбден мүмкін. Сізге жеткен ақпарат ресурсын түбегейлі тексеріңіз. URL адресіне мән беріңіз. Барлығы фейк негізінде жасалған сайтқа тап болуыңыз мүмкін. Сондықтан сайттағы «біз туралы» қосымшасын оқыңыз. Оқып отырған ақпаратта қате көп болса, автор сенсация төңірегінде пунктуацияға қарауды ұмытып кеткен деп топшылаңыз. Кез келген ақпаратты таратарда, сенімді дереккөзден алуды ескеріңіз.
Фейк-ақпаратпен күрес мемлекеттік қолдаумен жүргізіледі. Оған Франция президенті Эмманюэль Макронның пікірі дәлел болады. Франция президенті ақпараттық қауіпсіз қоғам құру – мемлекет құзырында екенін алға тартады. Ақпаратты тексеретін түрлі сайт ашып, технологияны жұмылдырған дұрыс. Алайда мемлекет тарапынан көңіл бөлінбесе бәрі бекер. Фейк-ақпаратпен қоғам болып күресіп, ақпарат кеңістігін тазартуды қолға алу керек.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ