Арыстықтарға көмектесейік, ағайын!
Арыстықтарға көмектесейік, ағайын!
352
оқылды

Бауырмал қазақ халқы осынау қиын сәтте бір кісідей жұмылып, мейірім мен бірліктің асқақ үлгісін көрсетіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің өзі арнайы ұшып келді.

Президенттің тұрғындармен кездесіп, жұрттың хал-жағдайымен танысқаны және апатты жағдайдағы Арысты аралап көріп, бәрі реттелетінін айтқаны да халыққа үлкен демеу болды. Облыс әкімдігі тарапынан тұрғындардың қауіпсіздігі мен жағдайын жасау, апатты қаладағы үлкен мәселелермен түпкілікті айналысу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Түркістан облысы, Арыс қаласындағы жағдай күллі Қазақ елін алаңдатты. Мемлекет тарапынан тұрғындарды қолдау, қауіпсіз аймақтарға көшіру шаралары жалғасып жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен аудан, қалаларда тұрғындарды қабылдайтын орындар әзірленді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ия, кешегі күні қазақ жұртын әбігерге салған алапат күн болды. Осындай қиын сәтте бірін-біріне демеу болған қара құрым кеңпейілді халықты көрдік, іске жұмыла кіріскен билікті көрдік. Апаттың беті қайтты деуге болады. Алайда, бас сауғалап босқан халыққа қолдау көрсетілді және ол жалғасып жатыр. Алда әлі атқарар талай шаруалар шаш етектен. Қиын жағдайға тап болған Арыс қаласының тұрғындарына қалай көмектесеміз? Қалай қол ұшын соза аламыз? Осындай сұрақтармен шынайы ниетін білдіріп жатқан отандастарымыз өте көп.

Облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, міне, осы сұрақтарға жауап беру мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтында «Арыс – көмек» деген арнайы блог ашылды. Арыс қаласындағы жарылыстан кейін жақынын, баласын жоғалтқандар осы сайтқа кіріп, мәлімет ала алады.

Сонымен бірге туған-туысын іздеген азаматтар arys.komek@mail.ru эл.поштасына бар мәліметті жолдай алады.

Осы орайда, қаржылай көмек қолын созамын дейтін азаматтар үшін «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылды.

«Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры реквизиттері

Түркістан облысы

Түркістан қаласы, Кызылорда тас жолы , 34 А ғимараты,

Пошта индексі 161200

БСН (БИН) 100440016000

«ForteBank» АҚ Түркістан қаласындағы филиалы

ЖСК (ИИК) KZ7196528F0007014540

БСК (БИК) IRTYKZKA

Осы есеп-шот жариялана салысымен Арыс жұртшылығына қайырымдылық жасауды жөн көрген азаматтар бірден іске кірісті. Қазір арыстықтарға көмектескісі келетін кез келген азамат жоғарыдағы есеп-шотқа ақша аудара алады.

Бүгінбелгілі шымкенттік кәсіпкер-меценат Қайрат Молдасейітов Арыстағы тұрғындар мұқтаждығы үшін 10 млн. теңге аударды. Ол өзге де кәсіпкерлерді игілікті іске шақырды.

Ендеше, осы сәтте Арыстағы халыққа қолдау көрсетіп, жомарт жүрек танытайық, ағайын. Бұл қиындықты күллі алаш жұрты болып бірге жеңеміз!