Арыстың тұрғын үй қоры қысқа мерзім ішінде қалпына келтіріледі. Бұл жайында Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді. Жиында Түркістан облысының Арыс қаласындағы төтенше жағдай орнында жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ зардап шеккендерге көмек көрсету шаралары туралы баяндамалар тыңдалды.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев оқиға орнында болып, төтенше жағдайға қатысты нақты тапсырмалар берді. Барлық тиісті шаралар ұйымдастырылды. Арыс тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Өкінішке қарай, екі адам – жергілікті тұрғын және әскери қызметші қаза тапты. Олардың туған-туыстарына көңіл айтамыз, – деді А.Мамин.
Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов қуатты жарылыстан кейін 165 адам медициналық жәрдемге жүгінгенін хабарлады.
– Олардың ішінде 76 адамға амбулаториялық көмек көрсетілді, 89 сырқат ауруханаларға, стационарлық емдеуге жатқызылды. Жансақтау бөлмелерінде «көптеген жарақат-политравма» диагнозы қойылған 15 сырқат ем қабылдауда. Пациенттердің негізгі бөлігі Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық, облыстық балалар және қалалық клиникалық ауруханаларда жатыр. Енді бірқатары Түркістан облысының аудандық орталықтарында емделуде, – деді министр.
Медкөмек көрсету үшін 22 жедел медициналық бригада жұмылдырылыпты. Алматы қаласынан жергілікті мамандарға кеңес беруі үшін 2 мультидисциплинарлық команда жіберілген: арасында реаниматологтар, травматологтар, балалар нейрохирургтары бар.
– Бүгінде реанимацияда 2 бала жатыр. Оларға қажетті көмек көрсетілген. Жалпы, барлық сырқаттар Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Қажетті меджабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген, – деп сендірді Елжан Біртанов.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың дерегінше, қазір қаладағы отқа оранған нысандарды сөндіруге 23 өрт сөндіруші есептоп күш салуда. Олар 19 тұрғын үйдегі, 9 шаруашылық нысандағы және даладағы 14 өртті ауыздықтаған.
– Снарядтардың ары қарай жарылуының және жан-жаққа шашырай ұшуының жалғасуы кесірінен әскери бөлім қоймаларындағы өртті сөндіру қиынға түсуде. Дәл осыған байланысты қаладан 41 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Оның 39 мыңдайы өз бетінше кетіп қалды. 2815 адам көшірілді. Таяудағы, яғни 30-50 шақырым қашықтықтағы кенттерде 5 эвакуациялық пункт жасақталды, – деді ІІМ басшысы.
Ол Арыс қаласының өне бойында блок-посттар орнатылғанын мәлім етті: «Қалада жерге құлағанымен жарылмай қалған снарядтар бар. Сондықтан азаматтардың қалаға кіруіне тыйым салынды. Қала ішінде 75 полиция тобы жұмыс атқаруда, олар тұрғындардың мүлкі мен заттарын ұрлаудың алдын алуға тиіс. Дегенмен бір дүкен мен үйді тонаған 3 адам ұсталды», – деді Е.Тұрғымбаев.
Вице-премьер Ж.Қасымбектің айтуынша, жарылыс дүмпуінің ғаламат болғаны сонша, соққы толқынынан қаладағы үйлердің 70 пайыздайының терезелері сынып кеткен: «Алдын ала деректер бойынша Арыста өрттен 19 тұрғын үй, 9 ғимарат зардап шекті. Электр желілері бұзылған. Материалдық залал туралы нақты деректер Үкіметтік комиссияның зардапты бағалау және өтеу жөніндегі сауалнамасы негізінде анықталады. Комиссия жұмысы Қорғаныс министрлігінің саперлық бөлімшелерінің жұмысы аяқталғасын басталады», – деді ол.
Үкімет басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкіметтік комиссия Арыстағы тұрғын үйлерге, қала тіршілігін қамтамасыз етуші нысандарға келтірілген залалды бағалайтынын және қажетті шешімдер қабылданатынын жеткізді.
– Арыс қаласының тұрғын үй қоры және инфрақұрылымы қысқа мерзім ішінде қалпына келтіріледі. Үкімет тарапынан қажетті шаралар шұғыл атқарылатын болады. Еліміздің барлық азаматы Арыс қаласының тұрғындарының жағдайына алаңдауда және өз беттерінше қолдан келген көмектерін ұсынып жатыр. Бұл ретте Nur Otan партиясының Арыс тұрғындарына қол ұшын созу мақсатында қаражат жинау бастамасын қолдауға шақырамын! – деді Асқар Мамин.