Арыс, біз біргеміз!
Арыс, біз біргеміз!
381
оқылды

Nur Otan партиясы барлық аймақтық филиалдарында Арыстың тұрғындарына көмек көрсету мақсатында арнайы орталықтар жұмыс істейды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бүкіл елдің көрсетіп жатқан көмегі жіті қадағалауда болатынын айтты.

«Айтпай келген апат Арыстағы ағайынға ғана емес, бүкіл Алашқа ауыр соққы болып тиді. Әп-сәтте әбігер күйге түстік. Бірақ байбалам салмай, осы келеңсіздікті өздерінің жеке мақсатына пайдаланғысы келетіндерге жол бермеуіміз керек. Ол үшін әрине, қандай жағдай болса да елдік пен бірлікті ту етіп әрекет ету үшін жұды­рықтай жұмылуымыз қажет. Өйткені «жұмыла көтерген жүк жеңіл».

Қазірдің өзінде еліміздің барлық өңірінен Арысқа қарай көмек керуенінің лек-легімен ағылып жатқанын көріп отырмыз. Сын-сағатта біртұтастықтың биігінен көріне білген халықтың бұл әрекеті көңіл қуантады.

Осы игі істе Nur Otan партиясы да белсенділік танытып, жүйелі түрде көмек көрсетуде. Нәтижесінде, алғашқылардың бірі болып кеше партиямыздың Қарағанды облыстық филиалы азық-түлік, киім-кешек және басқа да керек-жарақтардан тұратын 10 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Партияның мұрындық болуымен Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан да автокеруендер жолға шықты.

Сонымен қатар партиямыздың Ақмола облыстық филиалы Щучинск-Бурабай демалыс орындарында арыстық 100 баланың демалысын қамтамасыз етеді. Павлодар облысы да жазғы маусымда 300 баланың демалысына жағдай жасауға дайын. Осыған байланысты балалардың тізімін жасақтау жұмыстары да басталып кетті.

Партия жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің өкілдері, соның ішінде білікті психолог мамандар апат болған өңірге арнайы барып, зардап шеккен ата-аналар мен балаларға жан-жақты көмек көрсетуде.

Осы ретте жасотандықтардың белсенділігін де ерекше атап өткім келеді. Қазіргі таңда Jas Otan Жастар қа­натының өкілдері аймақтағы еріктілердің басын қосып, білек сыбанып әрекет етуде. Алдағы уақытта да партия тарапынан қолға алынған ауқымды жұмыстар қарқынды түрде жалғасады.

Партиямыздың барлық облыстық филиалдарында гуманитарлық көмек қабылдайтын орындар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр», – деді Мәулен Әшімбаев.

ПОЙЫЗДАҒЫ ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ЖЕТКІЗЕДІ

Арыстағы төтенше оқиғаға байла­нысты Қызылорда облысы тарапынан арнайы автокеруен жасақталды. 14 жарым тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық, 1,5 сүт жіберді. Облыс бойынша жергілікті атқарушы орган­дардағы екі мыңнан астам мем­лекеттік қызметші біркүндік жала­қысын аударады. Зардап шеккендерге азамат­тық қоғам институт өкілдері, кәсіп­керлер және жеке азаматтар да өз ер­кімен қолдау көрсетуде. Теміржол стан­­саларында апат салдарынан 5 жо­лау­шы пойы­зындағы 1 200 жолаушыға ыстық тамақ пен салқын су тегін таратылды. Сондай-ақ 15 жолаушыға медициналық көмек көрсетілді. «Мәскеу – Бішкек», «Атырау – Ал­маты» бағытындағы екі жолаушы пойызы «Сексеуіл» стансасы арқылы Жезқазған бағытымен Алматы, Бішкек қалаларына сапарын үзіліссіз жал­ғастырды. Пойыз­дың бағыты өзгеруіне байланысты «Сексеуіл» стансасынан Қызылорда, Түркістан облыстарына баратын 500 жолаушыға жетер жеріне жетуі үшін арнайы 14 вагондық стансааралық пойыз бен 6 автобус қызмет көрсетті. Жолаушыларды Шымкентке тасы­малдау үшін үлкен 5 автобус жіберді. Шиелі стансасынан 82 жолаушыны Алматы қаласына автобуспен, 22 аза­матты Луговой, Тараз және Шымкент қалаларына шағын көліктермен жөнелту ұйым­дастырылды.

Жергілікті атқару­шы органдардағы 2 083 мемлекеттік қызметкер біркүндік жалақысын аударуға ниет білдіруде. Зардап шеккендерге азаматтық қоғам институт өкілдері, кәсіпкерлер және жеке азаматтар да өз еріктерімен қолдау көрсетіп, азық- түлік, киім-кешек секілді қолда барын Nur Otan партиясы облыстық филиа­лындағы қабылдау бекетіне әкеп тапсырды.

Облыс әкімі жанынан жедел штаб құрылып, кез келген уақытта түрлі кө­мек көрсетуге дайын. Қолдау жұмыстары жалғасады.

ЖҮК КЕРУЕНІ ЖЕТТІ

Күні кеше болған апатқа орай «Сарыарқа» әуежайынан 10 тонна жүк тиеген ЯК-40 маркалы ұшағы жедел түрде Арысқа аттанды. Ең қажетті азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар жөнелтті. 

Қарағандыда Nur Otan партиясының филиалы жанынан арнайы гумманитарлық көмек жинау орталығы ашылды. Облыс тұрғындары, кәсіпкерлер жылу жинап, Арыс қа­ласына тәулік бойы жіберіп отырады. Арыстық ағайынға қолдау көрсетуде «Қызыл ай» қоғамының облыстық бөлімшесі де белсене атсалысуда. Есепшот ашып, қаржылай көмек жиналды. Апаттар кезінде белсенді жұмыс істеген тәжірибелі қарағандылық мамандар да Түркістан облысына жолға шықты. 

Облыста қазір төтенше жағдайлар департаменті жанынан Арыс қаласы бойынша «Жедел желі» қызметі жұмыс істеп жатыр. Қарағандыдағы 6 тұрғын Арыстағы туыстарына хабар­ласып, хал-жағдайын білген. Төтенше жағдайға байланысты Қарағандыдан Түркістан облысына қатынайтын №252 «Самарқанд – Нұр-Сұлтан» пойызы уақытша жұмысын тоқтатты. Шым­кентке қатынайтын өзге жолау­шылар пойыздарының қозғалыс кестесі өзгерген жоқ. Қарағандылықтар да Арыстағы төтенше жағдайды қалпына келтіруге бір кісідей атсалысады.

300 БАЛАНЫ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬГЕ ҚАБЫЛДАЙДЫ

300 баланы жазғы лагерьге тегін қабыл­дауға дайын екенін мәлімдеді

– Арыс қаласында болған оқиға ту­ралы барлығымыз xабардармыз. Дәл осындай қиын сәтте барлық ел болып қол ұшын беруіміз керек. Сондықтан Павлодар облысы Арыстың 300 баласын аймақтың жазғы сауықтыру лагерь­лерінде қабылдауға дайындығын біл­діреді. Сонымен қатар Арыс тұр­ғын­дарына көмек жинау үшін арнайы пункт құрыл­ды. Арыс тұрғындарының өз үйлеріне аман-есен оралуларына тілектеспін! – деді Болат Бақауов.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасымен жазғы демалыс лагерьлері 5 және 9 сынып аралығындағы арыстық 300 баланы қабылдайтын болды. Демалу мерзімі – 15 күн. Бүлдіршіндерді алып келуге Түр­кістан облысына аудандық және қала­лық білім бөлімдерінің басшылары ат­танып кетті. Балалармен жұмыс істейтін еріктілер тобы құрылады. Бұл іске оң­түстік өңірлерден «Серпін» бағдарла­масы бойынша оқып жатқан студенттер де атсалысады. Олардың арасында Арыс­тың да жастары бар. «Арыс, бiз бiргемiз!» акциясына Павлодар облы­сының полиция департаменті де белсен­ді қатысуда. Облыстық полиция депар­та­ментінің ресми өкілі Жанар Белялова­­ның мәліметінше, 2 000-нан ас­там полиция қызметкері біркүндік жалақысын аударды.

– Ауыр жағдайға тап болған Арыс қаласының тұрғындарын бүкіл ел болып қолдап жатқанда біз, Павлодар облы­сының полициясы, шет қалмауға тырыстық. Полиция департаментінің барлық бөлімшесінде офицерлік, полицейлік жиналыстар өткізілді. Біз біркүндік жалақымызды аударуға бірауыздан шешім қабылдадық, – деді Жанар Белялова.

50 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК АУДАРДЫ

Ақтөбеліктер Арыс қаласының тұрғын­дарына көмек беріп жатыр. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 50 миллион теңге қаржылай көмек аударды. Арыстағы жағдайға байланысты Nur Otan партиясы филиалы ғимаратында гуманитарлық көмек бекеті ашылды. Әлеуметтік желі арқылы үздіксіз ақпарат таратылуда.

– Халық күні-түні хабарласып, қандай көмек қажет екенін сұрап білді. Алғашқы көмек ретінде Арысқа екі жүк көлігі ат­танды. Су, өсімдік майы, макарон секілді ең қажетті азық-түлік жіберіліп жатыр. Біздің облыста төтенше жағдай болғанда өзге облыстар көмектесті. Біз де қол ұшы­мызды созамыз, – деді Jas Otan Жастар қана­тының жетекшісі Асылжан Бүркіталин.

Ақтөбеліктер қолынан келгенше көмектесіп жатыр.

– Әлеуметтік желі арқылы ақпараттан құлағдар болып отырмыз. Nur Otan партиясы филиалы ғимаратына жинап жатқан көмекке үлесімді қоссам деймін. Отбасымызбен ақылдасып, азық-түлік әкелдік. Біз бір ел болып, басына іс түскен тұрғындарға көмек беруіміз керек, – дейді Клара Мәмбетова.

Ең көп қаржыны «СНПС-Ақтө­бемұнайгаз» АҚ аударып отыр. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары, «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Тахталифум Есенғұлов компания көмекке қашан да әзір екенін айтты.

– Компания басшысы іссапарда жүргеніне қарамастан, қолдау көрсетіп жатыр. Сын сағатта халыққа көмек көрсе­тіп, 50 миллион теңге ақша аударылды. Мұнай-кен орнындағы жұмысшылар да аударып жатыр, – деді Тахталифум Есен­ғұлов. Nur Otan партиясының облыс­тық филиалы біркүндік жалақысын аударды.