Қазақ өнерінің әлемдік деңгейдегі «жұлдызы» Димаш Құдайбергенге шетелдіктер тарапынан әншінің шет тіліндегі мәтіндерді нәшін келтіре алмай айтатыны туралы арагідік сын айтылып қалады. Бұл жағдайдың өзге тілдерді айтпағанда, әлемге кеңінен таралған, оқыту әдістемесі дамып кеткен ағылшынша мәтіндерге де тән болуы таңдандырады әлгі сыншыларды. Шындығында, соңғылары Қазақстанда, ол ғана емес-ау, бүкіл ТМД аумағын алғанда шетел тілін үйрену Кеңес Одағы тұсындағы практикалық-қолданбалы түрде емес, тілдік ортадан алыс, көзапара, тасқа басылған сөз күйінде, теориялық негізде үйрену қалыбынан аса алмай отырғанын білмеуі мүмкін.
Сынаушылар ағылшын тілі мен орыс тілінің өзара ұқсастығы көбірек екенін (бұл екі тілдің терең қойнауында үнді-еуропалық тектестік аңғарылады), есесіне ағылшын тілі мен түркі тілдерінің, соның ішінде қазақ тілінің арасындағы айырмашылық едәуір екенінен бейхабар дер едік. Егер сынампаздар осы ерекшелікті білсе, әлгі жүйенің «шинелінен» шыққан тіл мамандары оқытқан жас әншіге соншалықты шүйлікпес еді.
Қазаққа ағылшын тілін оқып-үйретудің әлгіндей проблемалары кеңес дәуірінде-ақ анықталып, оларды тіл білімінің фонетика мен фонология, тілдік контактілер, көптілділік және социолингвистика сияқты салалары мен пәнсалалары аясында шешудің жолдары қарастырыла бастаған. Дәл осы тұста Алматы және Мәскеу ғалымдарының күш біріктіруімен тіл білімінде жаңа бағыт – қазақ және ағылшын тілдерінің фонетикасын салғастырмалы (контрастивті) зерттеу бағытының негізі қаланады. Аталған жаңа жоба аясында Алматы шет тілдер педагогикалық институтының аспиранты Мұхамеджан Исаевқа «Қазақ тіліндегі сөздің фонетикалық құрылымы мәселесі (ағылшын тілімен салыстырмалы түрде): эксперименталдық-фонетикалық зерттеу» тақырыбы кандидаттық диссертация тақырыбы етіп бекітіледі. Арада үш жыл өткенде, яғни 1970 жылы жас ғалым диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. Болашағынан үміт күттіретін зерттеушіге ұзамай докторлық диссертация тақырыбы ретінде «Жасанды қостілділік жағдайындағы тілдік-сөйлеу қызметін лингвистикалық-контрастивтік зерттеу: ағылшын және қазақ тілдері материалында эксперименталдық-фонетикалық зерделеу» тақырыбы беріледі. 1992 жылы, жоғарыда аталған институттың ағылшын тілі фонетикасы кафедрасының меңгерушісі Мұхамеджан Исаев Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің диссертациялық кеңесінде профессор Р.Потапованың ғылыми кеңесшілігімен докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Айта кетейік, бұл – көпшілік «ин'яз» деп кеткен Алматы шет тілдер институты ғалым-ұстаздары арасынан Мәскеуде қорғалған бірінші докторлық диссертация.
Осы бір сәттің куәсі болып едім. Жолым болып Мұқаңнан бұрынырақ ғылым докторы дәрежесін ие болғандықтан, оның докторлық диссертациясына ресми оппонент болып бекітілдім. Сонымен, Мәскеудің диссертациялық кеңесіне қатысу мүмкіндігі туды. Ол кезде шет республикалардағы ғылым да, ғалымдар да Мәскеу–Ленинградқа жалтақтап отыратын. Олардан асып ғылыми жаңалық ашуға, ғылымда тың сөз айтуға болмайтын. Мақаланы солардың бірінің сөзімен бастап, баяндаманы солардың бірінің сөзімен аяқтап отыратынбыз. Саясат бұғыңқы жүріп, бүгіңкі сөйлеуге мәжбүрлейтін. Ал Мұхамеджан үш тілді қатар ана тіліндей меңгергенін көрсетіп көсіліп сөйлеп, зерттеу нәтижелерін қалтқысыз дәлелдеп, мүйізі қарағайдай кеңес мүшелерін бұлтартпай мойындатты. Бірінен кейін бірі шығып сөйлеген кеңес мүшелері диссертацияны да, диссертантты да жарыса мақтаумен болды.
Кеңес мүшелері бірауыздан дауыс берді, сол кездегі мәртебеміздің өскенін, әттең алматылық әріптестеріміз көрсе деп тыныстадық. Аталған зерттеу еңбегі шеңберінде қазақтардың ағылшынша лұғатының (сөйлеу әрекеттерінің) фонетикалық сипаттамаларының құралу динамикасын анықтап, оған лингвистикалық интерпретация жасау, соған сәйкес осы сөйлеу әрекеттерінің шет тілін игерудің әр кезеңі ішіндегі коммуникативтік өтімділігін ашу үшін тіл білімінде алғаш рет бес жылға есептелген көпсатылы психологиялық-лингвистикалық эксперимент жүргізілді. Бұл тәжірибенің ерекшелігі мен сонылығы сонда, бір ғана құрамдағы сынақтан өтушілер (қазақ-ағылшын бөлімінде оқитын 50 студент) бес жыл бойына бірінші – бесінші курс аралығында өтілетін ағылшын тілінің бұлжымас бағдарламасын магнитті жазбаға жазып отырған. Эксперименттің әр сатысына ағылшын тілінен сабақ беретін фонетистер тарапынан алдымен аудиторлық, сосын Тіл білімі институтының құрылғылары көмегімен акустикалық талдау жасалды. Билингтердің ағылшын тілін меңгеру деңгейін оның сөз нәшінің ағылшындық нормасына сәйкес келуі тұрғысынан бағалау және коммуникативтік маңызын анықтау ісін әлемге белгілі лингвист-фонетист профессор Питер Роучтің ғылыми жетекшілігімен Ұлыбританияның Лидс университетіндегі эксперименталдық фонетика зертханасының қызметкерлері жүзеге асырды. Осылайша, М.Исаевтың докторлық диссертациясы контрастивтік және типологиялық тіл білімі өрісінде, өзара байланысқа түсуші тілдердің жүйелік ерекшеліктерін ашуға, интерференцияланған (екінші тілдің әсеріне ұшыраған) тілдік лұғаттың сапалық сипаттамасын оның дәл қалыптасуы кезінде белгілеуге мүмкіндік бере отырып, интерференцияланған сөйлеу әрекеттерінің фонетикалық сипаттамаларын зерделеудің және қалыптасуын талдаудың жаңа әдістемесін ұсынды. Автордың 2004 жылы жарық көрген «Қазақтардың ағылшын лұғатының фонетикалық ерекшеліктері» атты қорытындылаушы іргелі зерттеуінде қазіргідей ағылшын-қазақ тілдеріне жүйелі контрастивті фонетикалық-фонологиялық талдау жасау екі тілдің дыбыстық құрылысының барлық бейнеленген көріністерінде – фонемалардың инвентары мен сипатында, үйлесуі мен дистрибуциясында, буынының, сөз тұлғасының фонетикалық құрылымында, сөздің просодиялық ресімделуінде және ырғақтық-әуендік ерекшелігінде ортақтықтардан гөрі айырмашылықтар басым түсіп жататынын көрсетті. Түркі, соның ішінде қазақ тілі мен ағылшын тілдеріндегі кейбір сөздер семантикалық тұрғыдан мағыналас келгенімен [мысалы, шорт (ағылш. қысқа – қаз.шорт кесу); окс – өгіз], бұл екі тілдің фонетикасы екі бөлек өрістен табылғандығы анықталды. Мұның өзі ағылшын тілі мен түркі (қазақ) тілдері арасында өте ежелгі сақ (сакс), одан бергі ғұн дәуірлеріне кететін тарихи байланыс болғанымен, түркі тілдері флективті ағылшын тілінен айырым агглютинативті сипат алып кеткенімен де, өз генезисіндегі нострат прототілдегі кейбір ортақ сөз түбірлерін сақтап қала отырып, соңыра, әлгі бағзы тілден ырғақтық (тоника-силлабика), фонетикалық тұрғыдан алшақтап, басқа фонологиялық айырым жүйе құрағанын көрсетті. Бұл тұжырым қазақтілділердің ағылшын тілін игеруі бойынша бұрын қолданылып келе жатқан әдіснама мен әдістемені қайта қарап, тиісті түзетулер жасауға мүмкіндік берді және М.Исаев еңбектеріндегі қазақтың ағылшынша сөйлеу әрекеттерін зерделеу Тәуелсіздік кезеңінде тіл үйренуді жаңа, практикалық-қолданбалы базаға көшіру ісіне негіз болып қаланды.
Осының өзі бүгінде айтуға ғана оңай. Ал профессор М.Исаев бұл іске саналы ғұмырының табандатқан отыз бес жылын арнағанын мамандар болмаса, көпшілік біле де бермейді. Мұны азаматтықтағы бірізділік дейді.
Мұхамеджан Керейұлының таңдаған ғылыми тақырыбы шеттен ішке, іштен сыртқа тышқан жорғалатпайтын кеңес дәуірінің өзінде оны дүниенің төрт бұрышына апарды. Бесінші курста-ақ кеңес студенттері тобы құрамында ағылшын топырағын басып, сол елде бір айлық тағылымдамадан, ал 1973 жылы, доцент шағында Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде, кейінірек, ағылшын тілі факультетінің деканы, кафедра меңгерушісі ретінде Вашингтон мен Лондонда бірнеше айдан тұратын тағылымдамалардан өтеді. Ал 1977 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның семинар-кеңесіне қатысып, Қазақстанда үш тілді оқыту тақырыбында мазмұнды баяндама жасайды.
Осы сапарлардың барлығы да жайдан-жай емес екен: 1992 жылы, Қазақстан тәуелсіздігінің таңсәрі шағында профессор М.Исаев республикалық Сыртқы істер министрлігінің БҰҰ және халықаралық ұйымдар бөлімі бастығы лауазымына қызметке шақырылады. Осы салада ол Қазақстан үшін тарихи мәнге ие болған – Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Азияда өзара әрекет және сенім шаралары бойынша кеңес құру жөнінде маңызды халықаралық бастама көтерген БҰҰ Бас Ассамблеясының мәжілісін әзірлеу ісіне белсене қатысады. Сессия жұмысына Мұхамеджан Керейұлы ресми делегация мүшесі ретінде атсалысты және Мемлекет басшысының көптеген екі жақты кездесулерінің басы-қасынан табылды. Кейінірек оны еліміздің СІМ-і халықаралық саясаттың әртүрлі мәселелері бойынша Нью-Йоркке, Венаға және Страсбургке іссапарларға жіберіп алды.
1993 жылы филология докторы, профессор М.Исаев Қазақстан Республикасының Үндістандағы алғашқы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Мұхамеджан Керейұлы өмірінің осы бір кезеңін «Үндістандағы алғашқы дипломатиялық адымдар» дейтін мақаласында әңгімелеген. Kazakhstan-India Relations: 25 Years of Successful Partnership кітабында жарияланған бұл жадығатта таңдап іс істейтін сарабдал тұлғаның талғап жазатын автор ретіндегі жазушы-эссеистік қабілет-қарымы да жарқырай көрінген.
Мұхамеджан Керейұлы сияқты қолы қалт еткен бойда өзі қызмет еткен қаланың кітапхана залынан табылатын елші дипломатия тарихында көп емес шығар. Мәшһүр «Ленинкада» – Ресей Ұлттық кітапханасында, Мемлекеттік шетел әдебиеті кітапханасында, БҰҰ-ның кітап қоймасында және мемлекеттік грант көмегімен АҚШ Конгресі кітапханасында, Джорджтаун университеті кітапханасында және атақты Британ кітапханасы мен Лондон университетінің гуманитарлық ғылымдар ғылыми кітапханасында әлемдік ақыл-ой қазынасы жинақталған көне томдардың дүниенің ешбір әтірі теңесе алмайтын айрықша иісіне елтіп отырып өткізген күндер – Мұхаң өміріндегі ең ұмытылмас сәт. Кітапсүйер әр адамның арманы ғой ол залдар!..
Ол сапарлап барған жерінде кітапханамен қатар, қалайда өнер орындарынан табылады. Профессор осы күнге дейін Мәскеудегі Үлкен театрда, Петербургтегі патшайым Мария атындағы театрда, Одесса, Минск, Вильнюс, Улан-Удэ, Иркутск өнер ордаларында, Лондондағы Ковент Гарден, Ройал Альберт Холл, атақты Вена опера театрында, Прага театрларында, Нью-Йорктегі Карнеги-Холл, Метрополитен опера театрларында болып, әлемдік музыка, мюзикл жұлдыздарын тыңдаған, Алматы, Мәскеу, Лондон, Бирмингем және Прага залдарында ең мықты деген вокалистердің дауысын естіп, пианистер мен скрипкашылардың, ірі симфониялық және филармониялық оркестрлердің өнерін тамашалаған. Менің есіме мұндайда бір мезгілде әрі білікті химик-ғалым әрі тамаша композитор болған Александр Бородин оралады. Бұдан ағамыз таза Батыс музыкасын ғана мойындайды екен деген ұғым тумауы тиіс: ол алдымен қазақ музыкасының үлкен білгірі, қазақтың дәстүрлі әндерін өзі де нақышына келтіріп салады. Мұқаңның майдақоңыр жанға жайлы дауысы бар, егер ғылым жолына түспегенде белгілі әнші болып кетер ме еді.
Профессор Исаев – қазақ тілінің үлкен жанашыры. Ол елімізде қазақ тілінің ұлттық корпусы жасалуы керек деп есептеп, осы тақырып бойынша келелі ғылыми мақалалар жазып жүр...
Ата-ананың үш хақысының біреуі – балаға ұнасымды ат қою. Соған сәйкес теміржолшы Керей атамыз осыдан сексен жыл бұрын іңгәләп өмірге келген перзентіне соңғы пайғамбардың есімін ишаралаған. Оған ата сойын қосқанда, бүгінгі мерейтой иесінің аты-жөнінде қос пайғамбардың аты бар. Өмірде екеуі түгіл, біреуін алып жүре алмай, мертігіп қалатындар көп. Шүкір, Мұқаң бұдан аман. Осы бір ардақты есім-сойын кешегі құдайсыздық заманында да, бүгінгі дүние қымбаттап, адам арзандап жатқан қиракез заманда да еш қылау түсірмей, биік көтеріп келеді. Өмірдің бел-белесін, өрі мен ылдиын, қайқаңы мен ойпаңын артқа тастап, осы күндері сексеннің сеңгіріне қатар көтерілген зайыбы Руза Мәлікқызымен, қос қанаты – Нұрлан мен Ержанның, олардан тараған немерелері Әділ мен Нәдірдің, одан ары Данёка, Дана мен Әлібек атты шөберелерінің ортасында жапырағы жайқалып, жанға жайлы сыбдырымен өзіне және өзгелерге бақыт, үлкендік, қуаныш сыйлап келеді.
Әлімхан ЖҮНІСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор