Мәслихаттың салмағы қандай?
Мәслихаттың салмағы қандай?
646
оқылды
Сіз өзіңіз тұратын өңірдегі мәслихат депутаттарын танисыз ба? Өзіңіз тұратын облыс, қала немесе аудан­дағы күйіп тұрған мәселені мәслихат депутат­та­рына айтып көрдіңіз бе? Көпшілігіміз жоқ деп жауап береміз. Себебі сіз бен біз  мәслихаттың міндетін толық білмейміз. Оның үстіне, мәслихат депутаттары әкімге қарсы шығып, мына мәселені шешуге атса­лы­сып­ты деген әңгімені құлағымыз шалған емес. Сон­дық­тан да олардан өз міндетін атқаруды талап етпейміз, олар­дың қолынан ештеңе келмейді деген пікір қа­лып­тастырып алғанбыз. Ол аздай,  мәслихатқа әкім өзінің сөзін сөйлейтіндерді ғана жинайды деп ойлай­мыз. Шынында, солай ма?  Елімізде мәслихаттар институтының құрыл­ға­ны­на ширек ғасыр болса да беделі бір көтерілмеген бұл институттың рөлі қайтсе күшейеді?   

Білімін көтеру артық болмайды

«АРДА» қоғамдық бірлесті­гі­нің төрағасы, қоғам белсендісі Мейрамбек Камаловтың ай­туын­ша, мәслихат туралы теріс пікір әділ сайлау өтпеген кез­де пайда болады. Себебі мәсли­хат депутаты атану түгілі сай­лауал­ды науқанға үміткер бо­лып тіркелу – көп адамға бұйы­ра бер­мес бақ. Сайлауалды нау­қан­ға тіркелгеннің өзінде додаға түсіп, жеңіске жету оңай емес. Ұшқыр ойлы, өзіне тиесілі аумақтағы сайлаушылардың назын арқалай алатын азаматтар кездейсоқ жағдайда ғана өте алады. Мұндай кезде халық өз депутатын қайдан танысын? «Халық депутаттарға жүгін­ге­ні­мен, оның мәселесін мәслихат депутаты әкімнің алдында қоя алмайды, биліктің шамына тиіп кетем деп ойлайды. Жекелеген бір мәселе шешілгенімен, дәл осын­дай мыңдаған мәселе назар­дан тыс қалып жатады. Өз округіндегі сайлаушыларымен тығыз қарым-қатынас орната алмаған депутат халықтың мұң-мұқтажынан бейхабар болуы заңды. Себебі оны халық қалап сайламаған соң, ол депутат та өзін халық алдында есеп беруге міндеттімін деп ойламайды. Әрине, көпке топырақ шаша алмаймын, халыққа қызмет етіп жүргендері де бар, бірақ олар өте аз», – дейді. Оның пікірінше, мәслихаттың рөлін күшейтудің бір ғана жолы бар, ол – әділ сай­лау өтіп, мәслихатқа нағыз халық сайлаған депутаттар баруы керек. Атырау қалалық мәсли­хаты­­ның депутаты Салтанат Рахи­мованың айтуынша, ха­лық депутатын іздейді, көмек сұрайды. Бірақ олар «мәслихатқа барамын» демейді. Олар үшін мәслихат та, ондағы депутаттар да – бір партиядан. Себе­бі аудандық, қалалық мәсли­хат­тар­дағы депутаттардың басым бөлігі осы партиядан. Облыстық партияда ғана өзге партиядан өкілдер бар. Салтанат Рахимованың пікі­рінше, мәслихат депутат­тары­ның беделін көтеру үшін олардың білім-білігін арттыру қажет. Мысалы, негізгі маман­дығы құрылыс саласынан алыс депутат құрылыс саласына қатыс­ты бюджетті талқылағанда жоба авторларына тойтарыс бере алмайды. «Мысалы, мына үйге тым көп қаржы салынып тұр деймін, басқа өңірдегі бағамен салыстырып айтамын, бірақ сіз құрылыс сала­сынан хабарсыз адамсыз деген жауап аламын. Сол сияқты бюджет жобасын талқылағанда да қаржы саласынан бейхабар депутат белсенділік таныта ал­майды. Сондықтан оларға бюд­жеттің нәзік тұсын оқыту керек деп ойлаймын. Оның үстіне, бізге әкімдік бюджет жоба­сын кеш ұсынуы мүмкін. Егер жобаны 10-15 күн бұрын әкеліп берсе, жобаны әр сала­ның сарапшыларымен зерттеп алар едік», – дейді. Ал басқа мәселенің бәрі мәслихат депутатының өзіне байланысты. Себебі оларға заңда өкілеттіктер берілген, тек соны тиімді пайда­лан­са болғаны.  

Қоғамдық кеңесті мәслихат құрса...

Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков мәслихат депутат­та­рына қатысты қалыптасқан пікірді жоққа шығармайды. Кезінде Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы бол­ған ол өз жұмысын адал ат­қа­­ратын депутаттар барын ай­та­ды, бірақ сайланып алған соң, сайлаушыларынан қол үзіп кететін депутаттардың да болатынын мойындайды. Сондықтан сайлаушыларға сайлау кезінде мұқият болуға кеңес береді. Оның айтуынша, бұл мәселе алдағы уақытта өз-өзінен шешіледі. себебі жаңа заңға сәйкес мәслихаттағы депутаттар құрамы жаңарады. «Бұдан былай мәслихат депу­таттары да партиялық тізім­­мен сайланатын болды. Мұның бір жақсылығы, енді депутаттар жауапкершілігі өзі мүшесі саналатын партияның бақылауында болады. Екінші­ден, жергілікті жерлерде пар­тия­лардың барлығы бірдей бел­сенді жұмыс істемейді. Ал енді жаңа талапқа сәйкес партиялар мәс­ли­хатқа партия беделін көтеретін үміткерлерді ғана бәйгеге қосуға мүдделі болады. Яғни, әр партия мәс­лихатқа қолынан іс келетін адамдарды ұсынады», – дейді ол.    width= Соңғы кезде аудандық деңгейдегі мәслихаттарда кәсі­­керлер мен шаруа қожа­лықтардың басшылары көбейіп кетті деген сын жиі айтылды. Ал жаңа заң­­ға сәйкес мәслихат құра­мы­на әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізіліп отыр. Бұл мәслихаттардағы кәсіп­кер­лер санын сонша көлем­ге азайтады. Нұрлан Дулатбековтің пікі­рінше, мәслихаттар беделінің төмендеуіне қоғамдық кеңес­тер­дің де белгілі бір деңгейде ықпалы бар. Кей өңірлерде қоғам­дық кеңестердің беделі мәсли­хаттан жоғары. «Біз қоғамдық кеңес жұмы­сына мониторинг жасап, өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бұрын ол кеңес­терді әкімдіктер құрып, қа­лыптастырса, енді осы құзы­ретті мәслихатқа береміз. Бұл демо­кра­тиялық үрдіс болар еді. Жалпы, осындай кеңесетін ор­ган­дар санының көптігінен зар­дап шек­пейміз. Керісінше, азды­ғынан зардап шегуіміз мүмкін», – дейді. Депутат мәслихат хатшы­сына тұрақты төраға мәртебесін беру керек деген пікірде. Парламенттегі Сенатта да, Мәжі­лісте де тұрақты төраға бар, ендеше мәслихат хатшыларына неге сондай құқық бермейміз? Бұл мәслихат депу­тат­тарының түн ұйқысын бөліп жүрген ұсыныс деуге болады. Нұрлан Дулатбековтің ойынша, мәс­лихат институтының құрыл­ғаны­на 25 жылдан асты, мәслихат жұмысын реттейтін заңнама бүгінге дейінгі міндетін атқарып шықты. Енді ол заңнаманы за­ман талабына сай, мәслихат жұмы­сын жетілдіретіндей етіп өзгертуге әбден болады. Ал бұған Үкімет не дейді?  

Демократия қағидатына қайшы ұсыныс

Мәслихаттардың мәртебесін көтеру мәселесі Мәжіліс депу­тат­тарын да алаңдатып жүр­ген сыңайлы. Ті­леу­­бек Мұқашев бастаған Мә­жі­­­лістің бір топ депутаты Үкі­­мет басшысына мәслихат депу­­таттарының мәр­те­бесін ай­қын­дау туралы депу­тат­тық сауал жол­дауы соның мысалы. Бір қызығы, Премьер-Ми­нистр Асқар Мамин депу­тат­тар ұсынысының басым бөлігін қабыл алмаған. Тек екі ұсынысты ғана қолдапты. Таратып айт­сақ, Үкімет депуттардың об­лыс­тық деңгейдегі мәслихат хат­­шысының мәртебесін об­лыс, республикалық маңы­зы бар қала және астана әкі­мі­нің бірінші орынбасары дең­гейіне дейін арттыру туралы ұсы­ны­сын қолдады. Бұл орайда, бар­лық деңгейдегі мәслихат хат­шы­лары­ның жалақысын арт­тыру мә­селесі пысықталып жатыр екен, тиісті ұсыныс Мемле­кет бас­­шысының қарауына енгі­зі­ле­ді. Сонымен бірге облыстық дең­гейдегі мәслихаттардың әлеу­меттік мәселелер, қаржы және бюджет жөніндегі тұрақты комис­сиялардың төрағаларын тұрақты негізде жұмыс істейтін лауа­зымды тұлға ретінде заң­дас­тыру туралы ұсыныс та қабыл­да­нуы мүмкін екен. Бұл ұсыныс Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысының 2019 жылғы 21 та­мыздағы хаттамасын іске асыру жө­ніндегі жол картасы шең­бе­рінде пысықталып жатқан көрінеді. Ал мәслихат хатшы­ла­рына өз өкілеттігі кезеңінде мәс­­ли­хат сессияларының бар­лы­ғына төрағалық ету құқын беру туралы ұсынысты Үкімет «демо­кра­­тия қағи­датына қайшы» деп са­най­ды. «Мәслихат халық сайлай­тын және оның еркін білді­ре­тін сайланбалы орган болған­дық­тан, әрбір депутат өз сайлау­шы­ларының мүддесін білдіруге тиіс, осыған байланысты қол­да­ныстағы тәртіпті өзгеріссіз қал­ды­ру орынды деп санаймыз», – дейді А.Мамин. Айта кетейік, қолданыстағы тәртіп бойынша, мәслихат сес­сия­ларының төра­ғалары сессия сайын ауысып отырады. Облыстық деңгейдегі мәсли­хаттағы мемлекеттік қызмет­ші­лердің санын бүгінгі бес депу­татқа бір қызметкерден үш депу­татқа бір қызметкер етіп қайта қарау туралы ұсы­ныс та қолдау таппады. Себебі Мемлекет басшысы 2019 жыл­ғы 2 қыркүйектегі Жол­да­уында мем­лекеттік қыз­мет­­шілер шта­тын 25 пайызға оңтайлан­ды­руды, тиімсіз бюджет шығыс­тарын қысқартуды тап­сыр­ған. Оның үстіне, бүгінгі тұрақсыз сыртқы экономикалық жағдай мен пандемияның тара­луы­мен күресу үшін енгізілген шара­ларға байланысты мәсли­хат аппараттарының мемқыз­мет­ші­лер штатын ұлғайту әсте мүмкін емес. Мәслихат депутаттары Тек­серу комиссиясының атауына «Мәслихат» деген сөзді қосып берсін деген екен, бұл ұсыныс та қағаз жүзінде қалатын түрі бар. Себебі бұл ақылға қонымсыз ұсыныс. Мұндайда ұсыныс жасаған депутаттардың ойында не бар деген сұрақ туындайды.Өйткені «Сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес өз қызметін боса­тылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттары бизнеспен айналысуға, жалақы төленетін қызметпен айналысуға құқылы. Ал мәслихатқа дәл осы кон­тин­гент сайланады. Егер тек­серу комиссиясы мәслихат құры­лымына кірсе, онда мем­ле­кеттік аудит нәтижесінің объек­­тивті боларына сенім қал­майды. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу кезінде мәслихат депутаттары мен тексеру комиссиясы ор­ган­дары арасында мүдделер қақ­тығысына жол бермеу үшін тексеру комиссияларының атауын өзгерту орынсыз-ақ...  

 width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ