Нұр-Сұлтан қаласында бие сүтінен жасалған диеталық шоколадтың дәмін тату семинары өтті. Семинардың мақсаты – халықты Ulytau диеталық шоколадымен таныстыру.
Елбасының 100 нақты қадам жоспары бойынша 64-қадам – өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру. Соның аясында «Ғылым және ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң қабылданып, ғылыми гранттар мен бағдарламалар мемлекеттің қажеттілігіне орай қайта бағытталған еді. Аталған жоба бойынша үш конкурс өткізіліп, 171 жоба байқаудан өтті. Соның 153 жобасы қаржыландырылды. Солардың бірі – «Бие сүті негізіндегі арнайы емдік тамақтануға арналған шоколадты өңдеп шығару» жобасы.
– Бұл жоба академик Т.Шармановтың ғылыми зерттеуінің нәтижесінде туындаған. Алғашында 1-2 келі мөлшерде шоколад өнімі шығарылған. Қаржыландырған соң, тәулігіне 50 келіге дейін шоколад өндірілетін болды. Басқа шоколадтардың құрамында пальма майы секілді түрлі қоспалар бар. Ал бұл жобаның ерекшелігі – шоколадтың таза биенің сүтінен өндірілуі. Шетелде осындай өнімді Golden product, Original деп атайды. Құрамында қант болмағандықтан, оны қант диабетіне шалдыққан адамдарға да жеуге болады. Биенің сүті көктем кезінде мол. Сондықтан қазір сүтке сублимация жасап, яғни ұнтаққа айналдыру арқылы жыл бойы пайдалануға мүмкіндік бар. Кешегі төтенше жағдайға Арыс тұрғындарына арнап, осы шоколадты көмек ретінде жіберейін деп жатырмыз, – деді семинар модераторы, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин.
«Қазақ тағамтану академиясы» ҚБ ЖШС вице президенті Юрий Синявский шоколад құрамында қазақтың ұлттық сусыны – бие сүті қолданылатынын айтты. «Біріншіден, басқа төрт түлік малдың сүтімен салыстырғанда, бие тұрақты ақуыздың көзі болып есептеледі. Бұл, ең алдымен, иммунитеттің жоғары болуына септігін тигізеді. Екіншіден, лактозаның жоғары пайызы глюкоза, сахарозаға қарағанда қуатты сақтап, сергектікті арттырады. Оған қоса, холестериннің аз мөлшерде болуы, жүрек ауруларынан қорғайды» деді ол.
Бүгінде шоколадтың 9 түрлі дәмі бар. Олар: фукойл қосылған, мейіз бен стевия, жержаңғақ пен стевия, ресвератрол, пектин, линчжи және шиитаке саңырауқұлақтарымен, лакто-бифидобактериялар, дәруменді-минералдық премикс қосылған. Қанттың болмағанына қарамастан, дәмдік қасиеттері мен жоғары биологиялық құндылығы – шоколадтың жаппай тұтынылуына тағы бір себеп. Шоколадты өнім – семіздікке, атеросклерозға, жүрек-қантамыр ауыруларына шалдыққан адамдарға ем.
Шара барысында шоколадқа дегустация жасалып, семинар қонақтары өз бағасын берді.
Еркежан СОЦИАЛОВА