Қордай жанжалы: 59 адам айыпталды
Қордай жанжалы: 59 адам айыпталды
261
оқылды
Жамбыл облысы Қордай ауданында этникалық қазақтар мен дүнгендер арасында болған жанжал елімізде әлі де болса беті ашылмай жатқан мәселе барын анық көрсетті. Иә, қоғам пікірін қақ жарған бұл жағдай тек оқиға болған ауылдардың тұрғындарына ғана емес, жалпы ел азаматтарына ауыр соққы болды. Адам шығыны болды, балалар әкесіз, бауырлар аға-інісіз қалды. Бірнеше отбасы отағасынан айы­рылды. Жалпы алғанда, екі мың­нан астам адам қатысқан жаппай тәртіпсіздік нәтижесінде 11 адам қаза тауып, оның 10-ы адам қо­лынан, бір адам жанып жатқан сауда орталығының қирауы сал­дарынан қайтыс болды. 140 азамат пен 20 полиция қызметкері түрлі жарақат алды. 164 тұрғын үй және сауда нысаны, 100-ден астам автокөлік зақымданды. Айтып-айтпай не керек, ақ­пандағы бұл аласапыран аяғы тынышталған соң, ел билігі бұл бассыздыққа жауаптыларды із­деуге кірісті. Ресми мәлімет бо­йын­ша, 342 адам зардап шеккен деп танылды. Іс бойынша 400-ден астам түрлі сот-медициналық са­раптамалар жүргізіліп, 1,5 мың­нан астам адамнан сұрақ-жауап алынды. Кінәлілер тек біржақты қарастырылмай, қарсылас қос тарап өкілдері де тергелді. Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бас­шысы Ризабек Ожаров айтқандай, қазіргі таңда күдіктілер анық­талып, қылмыстық жауапқа түр­лі ұлт өкілінен 59 адам, оның ішінде қазақтар мен дүнгендер тартыл­ған. Кісі өлтіру, жаппай тәртіп­сіздікке қатысу, құқық қорғау ор­гандары қызмет­кер­лерінің өмі­ріне қол сұғу, ұрлық, тонау, қа­рақшылық, қару ұрлау және мү­лікті жою дерегі бойынша 29 қыл­мыстық іс тергеліп жатыр екен. Жалпы, ғұлама Абай адам ба­ласын азғындыққа жетелейтін «жұмысы жоқтық пен қарыны тоқтық» екенін ғасырдан аса уа­қыт бұрын айтып кеткен-ді. Бұл жағдайда да «аттандап» ағылған нөпірдің негізгі бөлігі осы –жұ­мыссыз тұлғалар, олардың ішінде бұрын кісі өлтірген, қарақшылық, бұзақылық, тонау және зорлау үшін сотты болған адамдар екені шешімі табылуы керек тағы бір мәселенің бетін ашты. Ризабек Ожаров өз сөзінде күдіктілердің қатысы бары куә­лардың айғақтары, елді мекен­дерде орналасқан бейнекамера жазбалары, сондай-ақ куәгер­лердің ұялы телефонға түсірген видеолары арқылы расталатынын жеткізді. Сондай-ақ әрбір анық­талған қатысушының іс-әре­ке­тіне баға жиналған барлық дә­лелдемеге мұқият талдау жүргі­зілгеннен кейін ғана анық-қа­нығы айтылатынын да атап өтті. Билік өкілі айтты, демек нақты кінәсі барлар лайықты жазасын алады. Әрине, солай болады деп сенеміз. Тағы бір тоқтала кететін жайт, қазір Қордай ауданын қалпына келтіру және дамыту шаралары туралы толыққанды қолға алын­ған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырма­сына сәйкес, Үкіметтің қадағала­уы­­мен әрбір қалпына келтіру нысаны анықталып, заңға сәй­кес­тігін тек­серіп, олардың құры­лыс ба­рысын зерделеп, уақытылы аяқ­тау­ды қадағалау үшін облыста тиісті жұмыс тобы құрылған. Бұл комиссияға белсенді азаматтар, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері кіріп отыр. Бүгінде ауданда бұзылған 65 нысанның 54-інде, оның ішінде 45 тұрғын үй, 13 коммерциялық нысанда 30 сәуірден бастап қал­пына келтіру жұмыстары бас­та­лып кетті. Онда тиісті мердігерлер жұмыс атқарып жатыр. 5 адамнан құрылған «Шивон» қоғамдық қайырымдылық қоры құрылды. Демеушілер есебінен осы қорға бүгінде 104 млн теңге қаражат аударылды. Қазіргі таңда 6 нысанда жұмыс толық аяқталды. Қалғанын тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, орташа зардап шеккен, күрделі жөндеуді қажет етпейтін 103 нысан да демеушілер көмегімен қалпына келтірілмек. Сонымен қатар ауданда «Бей­бітшілік пен келісім» жобасы қолға алынып, жұмыс істеуде. Жуырда осы жоба аясында аудан­да жаңа оқу жылында ашылатын 1-сыныптардың барлығы қазақ тілінде білім беретін болып ше­шілді. Бұл да болса оң бағытқа жасалған қадам деп білеміз. Шүкір, бүгінде қолымыз аузы­мызға жетіп, аяғымызды нық басып келеміз. Бұл ретте, бізге ұлт ретінде сақталу үшін бірлігімізді жоғалтпау аса маңызды. Сон­дықтан «біз» бен «олар» болып бөлінуге жол жоқ.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы