Есте сақтау қабілетіңіз қандай?
Есте сақтау қабілетіңіз қандай?
732
оқылды
Бүгіндері адамдардың есте сақтау қабілеті нашар­лап барады. Тіпті, соңғы кез­де сыныптасының фамилия­сын ұмытып қалғанын мойын­дайтындар көбейді. Туыс-ту­ғанының телефон нөмірін жатқа білетіндер де жоқтың қасы. Содан ба екен, есте сақтау қабілеті жоғары адам көрсек, таңдай қағар жағдайға жеттік. Ал қойтан жылғы оқиғаны қалпын бұзбай баяндап беретін аға буын мен ата-әжелеріміз біз үшін феноменге айналды. Бұрын жады мықты жандар елеусіз болатын, себебі олар көп еді. Сол көптің бірі – Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов. «Қазақ халқының есте сақтау қабілеті ерекше болған. Батырлар жыры, қисса-дастандар ел арасына ауыз әдебиеті арқылы бұрмалаусыз тарады. Бұл – жыр-дастандарды ауызша таратушылардың есте сақтау қабілетінің көрсеткіші. Ал­дыңғы буын ағалардың ара­сында Дінмұхамед Қонаевтың есте сақтау қабілеті өте күшті бол­ды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та эко­номика, мәдениет, руханият сала­сына қатысты деректерді жатқа айтады. Кездескен адамының атын ұмытпайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да есте сақтау қабілеті күшті. Есте сақтау қабілетінің дамуына кітап оқу әсер етеді деп ойлаймын. Қолым босағанда өзім жақсы көретін жазушыларды қайталап оқығанды жақсы көремін», – дейді. Қуаныш Сұлтанов 30-40 жа­сында қалалық телефон нөмірлерін жатқа білген. Кездескен адамның телефон нөмірін сұрайды, бірақ қағазға түртіп алмайды. Себебі жаттап алады. Соны жақсы білген қызметтестері бір адамның телефон нөмірі қажет болса, Қуаныш ағадан сұрайды екен. Жүздеген нөмір мен жүздеген адамның туған күнін жадына тоқып алған. Студент ке­зінде кітапханадағы сирек кітаптар қорына Қуаныш Сұлтанов жиі баратын, қалған студенттер «біз­ге өзің айтып бересің» деп қатты сенеді екен. Бүгіндері 75 жасқа кел­ген депутат бірнеше кітап жазды, кітаптағы мәліметтерді мұрағат ақтарып әуре болмай-ақ жазып шыққан. Себебі барлығы жадында. Қуаныш аға өзінің есте сақтау қабілетімен мақтанбайды. «Себебі інімнің жады менен мықты болатын, мен өлеңді төрт рет  қайталағанда жаттасам, ол екі айтқанда-ақ қағып алатын еді», – дейді. Қуаныш аға Мұқағали ақынның  туған жері Қарасазға барсаңыз, ақын музейінің алдынан оқушылар қарсы алатын әдемі дәстүр барын айтады. «Алдымен 5-6-сынып оқушылары қарсы алады, бірінші залды солар таныстырады, үл­кенірек залға 7-8-сынып оқушы­лары экскурсия жасатады. Сол ауылдың балалары Мұқағали өлең­дерін жатқа оқиды. Ақынның жүзден астам өлеңін жатқа білетін балалар бар. Бұл – ұлтымыздың ерекше қасиеті», – дейді Қуаныш Сұлтанов. Есте сақтау қабілеті жоғары деп бағаланған дәстүрлі әнші, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бұған жастайынан ән-жыр жаттап өс­кеннің пайдасы тиді деп санайды. «Ән-жыр жаттау спорт сияқты дағдыны дамытады, машықтанған сайын қабілеті ашыла түседі. Адам баласының мүмкіндігі шексіз, көп қабілетіміз оянбай қалса, ол өзімізге байланысты. Әйтпесе, кез келген адамның есте сақтау қабілетін дамытуға болатынын ғылым дәлелдеп отыр. Мысалы, бала кезде жаттаған орысша өлеңдер әлі күнге есімде. Ал енді кей нәрсені қайталап отырмасам, жадымнан өшіп қалады, ал енді бірі қайталауды қажет етпейді, санамда сайрап тұр. Есте сақтау қабілетімен туатындар бар шығар, бірақ мен ондай топқа жатпаймын, мен үшін жетістікке жетудің жолы – талап, машық, еңбек», – дейді ол ағынан жарылып.  

Адам жадының табанға қатысы бар ма?

Әлеуметтік желі арқылы жүр­­­­гіз­­ген сауалнама кезінде ел ара­­сында есте сақтау қабілеті жақсы адам­дардың көптігіне куә болдық. Соның ішінде қысы-жазы аяқкиімсіз жүретін ерекше адам ретінде танылған Сахипзада Биболов назарымызды аударды. Сексеннің сеңгіріне шыққан Сахипзада ақсақалмен әңгіме-дүкен құруды ойласаңыз, онда сол күнге басқа жоспар құрмаңыз. Себебі Сахипзада Биболов әңгімеде есімін атаған адамдардың аты-жөнін ғана айтып қоймайды, оның туған күні мен жылын, руын, оның әке-шешесінің аты-жөнін, олардың неше жаста екенін, ол кісілермен танысқанда күн райы қандай еді, бәрі-бәрін баяндайды. Тіпті, олардың бала-шағасының жасына дейін жадына тоқып алған. Ал өзінің туған-туысы мен құда-жегжатының телефон нөмірлері мен туған күндерін жатқа біледі. Есте сақтау қабілетінің арқасында жапон, араб әліппесінен өз бетімен оқып алып, 90-жылдары осы пәннен сабақ та берген. Төрт жасынан шахмат ойнаудың хас шебері. Күні бүгінге дейін Павлодарда тоғызқұмалақтан жарыстарға қатысып тұрады. «Шахмат пен тоғызқұмалақ есте сақтауды жақсартады», – дейді ол. Алматы политехникалық инс­титутында білім алған Сахипзада Биболов «30-40 жыл бұрын жұмыс істеген Павлодар трак­тор зауытында қанша цех бар, олар­дың аумағы қанша, зауытта қай жылдары қанша адам істеді, олардың аты-жөні қалай еді?» деген сұраққа да мүдірмей жауап береді. Қазақстанның барлық қаласын жиырма жылда аяқкиімсіз, жаяу аралап шыққан. Сол жиырма жылда бірде-бір аяқкиім сатып алмаған. «Той-томалаққа барғанда амалсыз аяқкиім киемін. Сосын мешітке бес уақыт намаз оқуға ғана тәпішке алып барамын. Өйткені дәрет алғанда аяғың таза болу керек. Ал қалған уақытта аяқкиімді қажет етпеймін», – дейді. Ал дәрігерлер жалаң аяқ жүр­ген адамның есте сақтау қа­білеті жақсаратынын айтады. Адам­ның жады мен табанын бай­ла­ныс­тыратын жүйке жүйесі мида сақталатын фрагменттерді жылдам еске түсіруге ықпал етеді екен. Мемлекет басшысына   Абай өлеңдерін оқудан эстафета жол­даған 9 жа­сар Ләйлім Рысқали есте болар? Ол ақынның жүзден астам өлеңін жатқа бі­леді. Ләйлімнің анасы Жадыра Жұмакүлбай қы­зының «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін 2,5 жасында жаттағанын айтады. «Ол жаста әріп танымайтын бала ғой. Бірде көпшілікке белгілі «Аю отыр партада, екі қолы қалтада...» деген өлеңді оқып бергенімде, тағы да оқып беруімді өтінді. Сосын өзі қайталады. Дастарқан басында отырған әкесі екеуміз мына балаға бірден Абайдың өлеңін жаттату керек деп шештік. Әуелі «Әсемпаз болма әрнегенің» бір шумағын үш рет оқып берген соң, ол сол шумақты қайталап айтып берді. 2,5 жастағы бала оқи алмайды, бірақ айтқаныңды қағып алады. Бала кезден Абай мен Шәкәрім поэзиясынан жаттаған өлеңдерім жадымда, тамақ жасай жүріп, көлікте кетіп бара жатып, Ләйлімге өлең оқитын болдым», – дейді Жадыра. Оның айтуынша, Ләйлім бесікте жатқанда нағашысы Дархан «Әсемпаз болма әрнегені» оқып, бесік тербетеді екен.  

Жадыны жақсарту өз қолымызда

АҚШ педиаторлары әке-шеше сәбиді бір айлығынан бастап әлі тілі шыққан жоқ демей, сөйлесіп, өзі сұрақ қойып, өзі жауап беруді ұсынады. Айналадағы тау-тасты да таныстырып, сөйлесу керек. Сонда баланың аудиал қа­білеті дамитыны, сөздік қоры мол бола­тыны дәлелденген. Ләйлім 4 жасында кітап оқитын болды. Бірақ ол кезде де өлеңді айту арқылы жаттатып жүрдік. 1-сыныпқа барар жылы «сен енді оқи аласың ғой, өзің жаттай аласың ба?» дегенімізде, «сіздің оқығаныңызбен жаттағым келеді» деді. Күнде қасында жүр­меймін, жұмысқа баруым керек, сондықтан телефонның дик­тофонына өлең оқып беретінмін, ол дауысымды тыңдай жүріп жат­тайтын», – дейді. Бұл баланың есте сақтау қабілетін дамытуға дайын әдіснама деуге болады. Кейін Ләйлім 1-сыныпта өзі оқып жаттайтын болды. Ол 3-4 жа­сында әкесі – Ерлан Рысқалидың репертуарындағы барлық әннің өлеңін жатқа айтатын. Әкесі ән шумақтарын әдейі ауыстырып, синонимдермен  айтқанда, Ләйлім «әкетай, қателесіп айттыңыз» дейтін. Есте сақтау қабілеті жақ­сы балалар шет тілді де тез мең­ге­ре­ді. Сонымен бірге фи­зи­калық жаттығуға, спортқа, биге икемді болады. «Ләйлім мә­нерлеп сырғанауға қатысады. Жат­тық­тырушысы оның көрсеткен қи­мылды тез қабылдап алатынын ай­тады. Шахмат жаттықтырушысы да со­лай дейді. Біз мұның барлығын өлең жаттаумен байланыстыра­­мыз», – дейді Жадыра. Біз сөйлескен респонденттер жадыны жақсартудың жолы  кітап оқу мен өлең-жыр жаттау екенін айтады. Ал кәсіби мамандар құ­нарлы тамақтану, есте сақтауға ар­налған жаттығулар және дәрілік заттардың пайдасын қосады. Ұйқының қануы мен тынығу есте сақтау қабілетін ұзартады. Туа бітті есте сақтау қабілетіне ие адамдар бар. Австралиялық Хобард Паула Прентис үш айда 130 мың есімді, нөмір мен мекенжайлар жазылған телефон анықтамалығын жаттап алған. Себебі ол телефон қызметінің операторы болған. Доминик О’Брайен ерекше жады иесі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. 1994 жылы ол есте сақтау жарысында 15 минуттың ішінде қытай тіліндегі 152 сөзді есте сақтапты. Ойын карталарын есте оңай сақтайтын оны казинолар маңына жолатпаған. Осыдан бірер жыл бұрын Ребекка Шеррок есімді қыз өзіне әлем ғалымдарының назарын аударды. Бүгінде 30 жасқа толған Ребекка дүниеге келген сәтін, шырылдап көзін ашқанын, оны қызғылт жөргекке орап құн­дақ­тағанын есінде сақтаған. Ол Гарри Поттер туралы кітаптың барлық томын жатқа айтып бере алады. Ғалымдар жер бетінде мұндай 60-80 ғана адам барын айтады. Ал сіздің есте сақтау қабілетіңіз қандай?  

 width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ