Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзиннің сөзі бар: «Журналистика әуел бастан – әрі теория, әрі практика, әрі педагогика, әрі басқару тетігі, әрі психология». Біз интернетке дейінгі кезеңде жоғарыдағыны мерзімді басылыммен байланыстырып келдік. Ғаламтор ғаламдық күшке айналған тұста журналистика әр қырынан дами түсті. XXI ғасыр интернет журналистиканың теория, практика, басқару тетігі, педагогика мен психологияның біте қайнаған ортасы екенін айқындап берді.
ХХ ғасырда мерзімді баспасөздің қатары бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа түрлерімен толықты. Радио, телевидение,
ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр тоғысында интернет басылымдар қатарға қосылды. Заманауи БАҚ күн сайын дамып келеді. Таралу аймағы, бейнесі, ақпараттың берілу форматы күн сайын жаңа жүйеге көшіп жатыр. Дегенмен газет-журналдар әлі күнге маңызын жойған жоқ. Әлемнің дамыған елдерінде де газет оқу трендте. Қазақтілді басылымдардың интернетке бейімделуін тездетуге Қазнеттің көмегі көп болды. Мерзімді басылым иелері Қазнет арқылы газет-журналды оқуға көпшіліктің қолы жететінін түсінді.
Қазақстанда бүгінде 3 мыңға жуық интернет сайты тіркелген. Оның 20-25 пайызы – мерзімді басылымдардың электронды нұсқасы. Қалғаны әртүрлі бағыттағы сайттар. Оның ішінде банк сайттары мен түрлі компания сайттары да бар.
Esquire журналының бас редакторы Дэвид Рэнглер: «Жаңа медианың аяқ алысы жайлы сарапшылар пікірі қызықтырады. Өзім соңынан қорытып, пікір білдіргенді ұнатамын. Жаңа медианың ерік-жігері үлкен күш құруға жетеді. Материалдар жаңа және ескі, сандық және аналогтық деп сақталып қана қоймай, өркендей түседі. Жаңа медиа форматына бейім аудитория бар. Олар тек көбейе түседі. Бұл бәсекелестікті арттырады. Бәсекелестік болған жерде, жаңа медиа қарыштап дамиды». Гэнглер сөзінің жаны бар. Қазір мерзімді басылым сайттары өзара мықтыны анықтап жүр. Интернет сайттар болса, үздік ондыққа ену үшін барын салуда. Мысалы, Бразилия халқының саны – 190 миллион. Тони Фернандестің айтуынша, Бразилия халқының
55 пайызы интернетке кіреді. Оларға газет, журнал, бағдарлама қатарын интернеттен тамашалаған тиімді. Бразилиялықтар жаңалық пен мақаланы да интернеттен оқығанды жөн көреді. Қазақстанда 18 миллион тұрғын бар. Ақпарат және даму министрлігінің айтуынша, халықтың 77 пайызы интернетпен қамтылған.
Әлемдік тәжірибені қарасақ, АҚШ-та 1990 жылдан бастап мерзімді басылымдардың саны азая бастады. АҚШ-та күн сайынғы газеттердің танымалдығы жылдан жылға төмендеп келеді. Танымалдық төмендеген сайын басылым редакциясына тәуелсіздікті сақтау қиынға соғады. «1990 жылға Нью-Йоркте тек бес күн сайынғы газет қалды. Ал ХІХ ғасырдың соңында саны 18-ге жетті. 1995 жылы жалпы АҚШ-та күнделікті газет саны 1 538-ден 1 532-ге дейін азайды. Соңғы жылдардағы мәліметтерге сүйенсек, АҚШ-та 1 422 күн сайынғы газет пен 6 253 апталық газет бар.
Зерттеу мәліметіне сүйенсек, америкалықтардың 46 пайызы ғаламтордағы жаңалықты аптасына үш рет оқиды екен. Бұл ретте баспа газеттері мен олардың сайтын респонденттердің 40 пайызы қарайды. Том Розестилдің айтуынша, оқырман аудиториясының интернет жағына ауысуы күн сайын ұлғаюда. Бұл процесс аудиторияның планшетті тез игеруі мен смартфондарды нарықта таратуға мүмкіндік береді екен.
2018 жылы электронды БАҚ табысы өткен жылмен салыстырғанда 13,9 пайызға өсіп, 25,8 миллиард долларға жеткен. Ал керісінше, газеттің жарнамадан түскен түсімі 46 пайызға төмендеп, 22,8 миллиард долларды құраған.
АҚШ-та күн сайын 60 миллион газет басылады. Америка тұрғындары атақты газеттен гөрі, жергілікті газетке қызығушылық танытады. Штат тұрғындары үшін жаңалықтың басты көзі – АҚШ-тың әр аймағында шығатын 1 749 күн сайынғы газеттер.
Ақпарат – интернет БАҚ-тың бірлігі (единицасы). Адамзат дамуына үлес қосатын маңызды фактор, таусылмайтын ресурс. Мемлекет арасындағы мәдени, материалдық, рухани байлықты астастыра білетін катализатор. Қай ел ақпарат ресурсына бай, өңдей алады, әлеуеті қаншалықты деген сұрақ туады. Осындайда әлемдік елдер арасында екі топ бар: ақпарат өндіруші, ақпаратты тұтынушы ел.
Ақпарат өндіруші елдер, негізінен, әлемнің дамыған мемлекеттері. Қазақстан дамушы ел болғандықтан, «ақпаратты тұтынушы ел» статусына ие. Бірақ соңғы 2-3 жылда ақпарат әлеміндегі еліміздің ахуалы түзеліп келеді. Ақпараттық, танымдық, салалық сайттар Қазнет дамуына үлес қосып жүр.
Сайттың құраушы бөлігі – контент. Контентті құрайтын – ақпарат. Ақпарат дегені-
міз – объект. Оқырман – субъект. Объект пен субъект арасындағы байланыс сайт үшін аса маңызды. Ақпарат индустриясының үш негізгі компоненті бар. Олар: ақпарат кеңістігі, ақпарат тілі, ақпарат өндірісі.
Қазақстандағы ақпарат кеңістігі әртарапты. Интернет енді ғана тарала бастаған шақта қазақстандықтар көбіне форум мен блогқа көңіл бөлді. Оларға ішіндегісін шығарып, ой бөлісер қоғамдастық қажет еді. Кейінірек «сары басылымның» жаңалықтарын жағалай бастады. «Атып кетіпті, шауып кетіпті» сынды ақпараттың дәуірі жүріп тұрды. Қазір халық көбіне талдау мен сараптамалық мақаланы іздейді. Қай ақпараттың жалған не дұрысын бағамдай алады. Сондықтан да ақпараттық-танымдық, сараптама материал ұсынатын сайттың оқырман саны көп.
Ақпарат тілі – орыс және қазақ тілі. Әлі күнге біз орысша ақпараттың үстемдігімен өмір сүреміз. Өйткені іздеуші интернетте қазақ тілінен гөрі орыс тілінде іздесе, ақпаратты көбірек алатынына сенімді. Бірақ қазір қазақша құнды материалдарды табуға болады. Бұл – интернеттегі қазақ тілінің ықпалын білдіреді. Бұрын қазақша салалық сайттарды таба алмасақ, қазір күн санап көбейіп келе жатыр.
Ақпарат өндірісі – XXI ғасыр саудасы. Кім өнімді, жаңа форматты ақпарат бере алады – соның пайдасы көбірек. Елімізде ақпараттық қор енді ғана құрылып келеді. Көбіне шетел ақпаратын қазақ тіліне аударуға бейімбіз. Ақпараттық қордың басым бөлігін BBC, CNN, Al Zhazira, Euronews сынды жетекші баспасөз құралдарынан алып жүрміз.
Қазір Қазақстан БАҚ әлемінде ірілі-ұсақты 9 000-нан астам сайт бар. Ақпараттық, танымдық, саяси, экономикалық, заң, сән және аруларға арналған түрлі сайт жұмыс істейді.
Әлемде айлық қаралымы 1 миллиардтан асатын 40-тан астам сайт бар. Үздіктер қатарына АҚШ, Еуропа, Жапония мен Ресей сайттары кіреді екен. Тізімге жыл сайын жаңа сайттар қосылып, интернет кеңістік одан ары дамып келеді.
Google – әлемдегі қаралымы жағынан ешкімге дес бермейді. Оған айына 42,5 миллиард адам кіреді. Күніне миллиард оқырман Google-дан керегін іздейді. Google – бар әлемді бір интернет шаңырақ ішінде біріктіріп отыр. Одан кейін, әрине, YouTube. Айына 23,3 миллиард адам кіреді. Бір сеанстың орташа ұзақтығы – 21:24 минут. Адам күніне орта есеппен 2 сағатын YouTube-тан видео көруге арнайды екен. YouTube – заманауи интернет мәдениеттің феномені. Үздік үштікті түйіндейтін – Facebook. Аталған үш сайт та АҚШ-қа тиесілі. Facebook-ке айына 22,30 миллиард адам кіреді. Күніне миллиардқа жуық адам Facebook-ке ой-пікірін жазады. Қытайдың Baidu.com іздеу жүйесіне айына 10,5 миллиард адам кіреді. Сондай-ақ АҚШ-тың тағы бір іздеу жүйесі – Yahoo.com. Қызу бәсекелестікке қарамастан, Yahoo.com-ге айына 4,5 миллиард адам кіреді.
Instagram – әлемдік тренд. Бүгінде айына 2,7 миллиардты құрайтын аудиториясы бар. Twitter де айына 3,9 миллиард аудиторияны жинап отыр. Ресейлік vк.com-ға айына 2,4 миллиард адам кіреді. Өзімізге кеңінен таныс Wikipedia.org-тен айына 5,3 миллиард адам керегін алады. Yandex.ru айына 2,9 миллиард адамның іздегенін тауып береді. АҚШ-тың amazon.com доменді интернет дүкеніне айына 2,4 миллиард адам кіреді. Сонымен бірге, Американың live.com интернет және телекоммуникация сайтына 2,5 миллиард адам кіреді. Қытайлық QQ.com жаңалықтар сайтының айлық оқырман саны – 1,9 миллиард.
Opera Mini Еуропа халқы қызығатын сайт пен тақырыпқа зерттеу жүргізді. Зерттеуге Еуропаның 35 елі қатысты. «Жаңалықтар мен ойын-сауық» бағыты 35 елдің 23-інде 1-орында тұр. Испания мен Румыния тұрғындары көбінесе спорт жаңалықтарын оқығанды жөн көреді. Зерттеу нәтижесінде, аталған елдерде спорттық басылымдар 1-орында. Кипрде топ-10 сайттың 5-еуі спорт тақырыбында ақпарат таратады. Шығыс Еуропада халық көбіне танымдық сайттарды жөн көреді. Соның ішінде Болгария, Польша, Словакияда басымдық білім беру сайттарына берілген. Франция, Италия, Бельгия, Македония, Австрия тұрғындары ауа райы болжамын жасайтын сайтқа жиі кіреді екен. Дания, Швеция, Исландия мен Норвегияда жаңалық тарататын сайттар жетекші орында.
HowStuffWorks – АҚШ-тағы жетекші ғылыми сайт. Оқырман саны 20 мен 40 миллион шамасында. Ғылым, технология, білім жаңалықтарын уақытылы жариялап тұрады. NASA – адамзаттың космос туралы таным-түсінігін кеңейтіп жүрген сайт. АҚШ-тың ұлттық космос агенттігін айына 12 миллион адам оқиды. Discovery – танымдық сайттардың ішіндегі басымдыққа иесі. Айына сайтқа 6,5 миллион адам кіреді. Discovery үздік ғылыми-танымдық сайттардың үздік үштігіне кіреді.
XXІ ғасыр журналистикасы – ой еңбегімен қатар технологияға жүгінеді. Әлеуметтік желіні үнемі қолданатын ортада өтімділікті ойлау маңызды. Газеттің әр санын жібермей оқитын оқырманға да, сайттағы материалды оқуды жеңіл санайтын адамға да керегі – ақпарат. Ал қай жанрда ақпарат білгісі келетінін оқырман өзі шешеді. Заманауи журналистикадағы жаңа технологиялар арқылы БАҚ-тың қаншалықты бәсекеге қабілетті екенін байқаймыз. Бұл – заманауи журналистика белгілеген стандарт. Жаңа технология төңірегіндегі мәселе мен мүмкіндік ұғымы бір арнада тоғысады.
Қазір журналистика стандарттары күн санап өзгеріп жатыр. Журналистика тенденциялары, бренд пен тренд түрлері көбеюде. Қазіргі журналистика сипатына қарасақ, келешекте видеоконтентті электронды БАҚ құралдары көбейетін тәрізді. Cisco мәліметі бойынша, 90 пайыз видеоконттенттен тұратын журналистика дәуірі басталмақ. Бұл үрдіс 2020 жылға дейін орын алады екен. Nelson статистикасына қарасақ, 16-34 жас аралығындағы интернет қолданушылардың апта ішінде видео қарау ұзақтығы 30 сағатты құраған. Теледидар қарау ұзақтығы 21 сағатқа қысқарған.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2,5 млн халық интернетпен қамтамасыз етіліп, 2021 жылға қарай барлық елдімекенде интернет орнатылады деп хабарлады. Яғни, қазақтілді аудиторияның қатары көбейеді. Демек, қазақтілді контенттің сапасын көтеріп, ақпараттық-танымдық порталдар мен салалық сайттар жаңа технологияны меңгеруге асығуы керек.
Сарапшылардың болжауынша, болашақта Қазнетте салалық сайттар мен интерактивті дүние көбейеді. Осыдан Қазнеттегі алғашқы мәселе белгілі болады. Ол – қазақтілді сайттардың ойын-сауық бағытындағы материалды көп беруі. Мұнымен Қазнет дамымайды. Қайта бірегейлігін жоғалтады. Шетелде сары басылым ақпаратын тарататын газет-журнал, интернет басылымдарына таблоид деп атау беріп, маңыздылардың қатарына қоспайды. Әлі де кофе ішіп отырып USA Today материалдарын талқылайтын оқырман бар. Бірақ олар да электронды форматқа көшкен. Неміс, жапон ғалымдары дүниежүзі халықтарының интеллект деңгейін тексергенде интернетте іздейтін материал тақырыптарын да назарға алады екен. Қорытынды – сары басылым ақпаратын оқитын емес, экономика жаңалығына бас қатырып, саяси терминдерді ажырата білетін аудитория тәрбиелеу.
Қазнеттің қазақтілді бөлігіне әлі күнге зерттеу, шолу, сараптама жанрындағы материалдар жетіспейді. Шетел long read форматынан басқасына көшуді бастаса, біздегі электронды БАҚ енді ғана аталған форматта жазуды қолға алды. Мультимедиалық құралдар қолданатын материал, инфографикаға құрылған материалды белгілі бір сайттардан ғана көреміз. Әмбебап журналист тәрбиелейміз деп жүріп, салалық даму артта қалды. Болашақта АҚШ университеттеріндегідей 4 жыл арнайы салада білім алып, содан кейін журналистік курс оқу арқылы салалық журналистер қатары көбейетін болар.
Қорыта айтқанда, заманауи журналистикадағы жаңа технологиялар – адамзат ақыл-ойының жемісі. Мүмкіндік пен мәселені тудыратын – аудитория. Аудиторияны тәрбиелейтін – сапалы контент. Контентті қалыптастыратын – журналист. Аталған заманауи журналистиканың төрт тағаны қалпын бұзбаса, жаңа технологиялар дәуірінде алға жылжу орын алады. Бұл – тек Қазнетке қатысты емес, әлемдік БАҚ-қа да қатысты концепция. Жаңа технологиямен бірге журналистикада жаңа жанрлар пайда болады. Жаңа форматты БАҚ пен аудиторияға икемдеу – журналист пен платформаға байланысты. Сондықтан ХХІ ғасыр журналисінің міндеті – мәселені шешіп, технология мүмкіндігін пайдалану арқылы заманауи журналистиканы жоғары деңгейге көтеру.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ