Семейден шыққандағы ұзын-сонар жолдың өне бойы жап-жасыл, көз қуантады. Ақ шарбы бұлттар, қазбауыр бұлттар қол созым жерден жаңбырын біресе бүркіп алады, енді бірде қап-қара болып қоюланып келеді де, жауынын шелектеп төгіп-төгіп кете салады. Мың құбылған маусымның күні бірде жылы, бірде қоңырсалқын. Құнанбайдың, Абайдың, Әбдірахман мен Мағауияның, Шәкәрімнің... деп тізіліп кете берер, басы бар да, соңы таусылмас алыптар легінің ізі қалған мекенге жетуге асық біз аспаннан тоқтаусыз төгілген мөлдір моншақты «алқа қылып та тақтық, жүзік қылып та кидік»...
«Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгенінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен» дейтін еді ғой «Қорғансыздың күніндегі» қариялар Күшікбайдың жайын айтқанда... Желі толассыз уілдеген сол биіктің бауырында түк болмағандай ағып жатқан Күшікбайдың бұлағының суы – бал, емге шипа, дертке дауа деседі. Қорғансызға да, менменсінгенге де барын аямаған бұл бұлақ талай тарихтың куәсі. Бұлақ басына қонған жұрттың тарқатар сыры да көп шығар-ау! Сол әңгіменің ішіндегі ең мұңдысы, ең қатыгезі, жүрегіңе зіл батпан жүк тастар ең ауыры – қорғансыз Ғазизаның бетбақтана соққан боранның жұлқылауымен әке бейітіне зар еңірей, дедектей бет алған оқиғасы емес пе? Ғазизаның зары мен запыраны оқырманға «Қорғансыздың күні» болып жетті. Ғазизаның қайғысы мен қорлығы Мұхтар Әуезов қаламының қуаты арқылы ұмытылмастай болып жүректерге жазылды. «Ғазиза оқиғасы осы маңда өткен» деген сөзді естігенде, маусымның жылы күніне қарамай-ақ арқамызды бір аяздың қарып өткені де бұрынғының удай өкініші жүрегімізге жеткенінен шығар. «Ғазизаның да, әкесі Жақыптың да зираты осы маңда, қаралы, қорғансыз үйдің орны да әнеу бір жерде», – дейді жолбастаушымыз, Абай аудандық ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлан Сағадиев. Ел қорғайтын шағында арғы әлемге жүзін бұрған Күшікбайдың аңсар-арманын да, аппақ ары зорлықпен тапталған бейкүнә Ғазизаның шырқыраған үнін де баяғыдан естіп алып, бүгінгі бізге жеткізіп тұрғандай, маусымда соққан ызғырық жел сыздана соғып тұр еді...
Ғазиза жүзін жуған, бәлкім, осы маңнан өтіп бара жатып Абай шөлін қандырған мөлдір су ендігінің таңдайына түскеніне назырқанбас деп үміттендік те, судан біз де дәм таттық. Талай дертті емдеп жазғанымен, Ғазизаның қорланған жүрегіне шипа бола алмағанына әлі күнге өкіне ме, тас бұлақтың суы мұп-мұздай қалпында жылға болып ағып, топыраққа сіңіп жоғалады екен. Адамға емес, далаға нәр бергенді жөн санайтын-ақ шығар. Оны енді судың сырын білгеннен сұрамасақ, біздің тәпсірлеп беруге шамамыз келмеді...
«Осы асуда Абайдың айнымас досы әрі шәкірті Көкбай да дүниеден көшкен» дейді жолбасшымыз. Абай ауылына дәл сол тұстан қадам бастық. Семейден бергі ұзын жол ендігі қысқара түскендей. Себебі, жан-жақтан Абайға, Абайдың айналасына қатысы бар белгілер жылы ұшырай бастады. Алыстан Шыңғыстау мұнартады. Орда тауын да жолда қалдырдық. Тау жаққа қимай-қимай көз тастадық. Себебі, ол маң – Абай мен Шүкіманның (Әйгерім) кездескен құтты мекені. Тоғжанына қолы жетпеген шерлі Абайдың жүрегін қайта жылытқан Әйгерімдей арудың төркін жұрты. Ақынның 175 жылдық мерейтойына орай, ел-жұрттың құрмет тұта тоқтап өтер орталыққа айналуы үшін Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақта біраз жұмыс қолға алынатыны жайлы сүйінші хабарды да жолай естідік. Енді сәл жүрсек, Қарауыл қол бұлғайды. Көк дөнен көңілдің ырқына бағынсақ, Жидебай мен Қарауылға ұшып-ақ жеткелі тұрған біз Күшікбай бұлағының басындағы мына шумақпен келесі әңгімемізге көшпекпіз...
Қара Ертіс пен
Қарауылдың арасы,
Жеткізбейтін
Сарыарқаның даласы.
Осы жолмен жүріп өтті қаншама,
Абайды іздеп алты
Алаштың баласы!
Жол үстінде
Абайды іздеген жан түсер даңғайыр жол жөндеуден өтіп жатыр екен. «Алдағы жылы ақынның 175 жылдық мерейтойын кең ауқымда атап өту керегі жайлы президент Қасымжомарт Тоқаевтың Жарлығы күллі елдің айбынын одан ары биіктете түсті», – дейді жолбасшымыз Ұлан. Не нәрседен де еңсесі көтеріліп, жақсылық көре білетін ауыл елдегі ағайын Абай тойын өз тойындай көріп, Абай мерейін өз мерейіне балайтыны жүрекке жылы тигенін несіне жасырайық? Ал жөнделіп жатқан жолдың жайына келсек, оның қалыпқа келуіне, бейнелеп айтсақ, «қарға адым» ғана жер қалды деп отыр бұл өлкенің үлкендері. Соны медет тұтып, үлкен жолдан қиыстау қалып, қол бұлғаған елдімекенге бұрылдық. Бұйығып жатқан Бөрілі ауылы – Абайдың жолын көркем тілмен кестелеген Мұхтар Әуезовтің туған жері. Бір замандарда бөрі жортқан мекен болған соң, соның атын иеленіпті. «Қазір де бөрінің бәрі құрып бітті дей алмаймыз, алайда күннен күнге саны азайып келе жатқанын да айта кету керек», – дейді музей қызметкері ауыл атын еншілеген ит-құстың жайына тоқталып.
Иә, Мұхаңның әке-шешесі Омархан мен Нұржамалдың мәңгілік мекеніне таяу маңда бала Мұхтар өскен, ер жеткен, жары Райханды келін етіп түсірген қарашаңырақты – ескі жұртты аңдайсыз. Мұхаңның кіндік қаны тамған кіші отанында қаламгер жайлы естелік ұшан-теңіз. «Еңлік–Кебек», «Бәйбіше – Тоқал», «Сыбанның моласында» сияқты тырнақалды шығармалары да дәл осы шаңырақта дүниеге келген екен. Бұл жер 1987 жылдан Мұхтар Әуезовтің музей-үйі деп аталады. Мұхтардың айналасын, өскен ортасын таныстырып өткен музей қызметкері бұл маң талай тарихты қойнына бүгіп қалған киелі орда екенін айтады. Қаламгерді аңсаған жұрт іздеп келер орында өлке тарихына қатысты, Мұхаңның жеке өміріне байланысы бар түпдеректер молынан сақталған екен. Қаламгердің алақанының табы қалған, сыры сақталған, жүрегін тербеген құнды заттардың әрқайсысын аялай сипап өткің келеді. Қай-қайсысына да көзіңді ұзақ қадап тұрып, өз жүрегіңе сіңіріп алсам дейсің. Мұхаңның өзіне, ата-әжесіне, әке-шешесіне қатысы көп жәдігерлердің әрқайсысы да біз үшін айрықша қымбат екенін шын жүрегіңмен сезінесің, ұғынасың. Жазушының әр жылдары жазған хаттары, оның өміріне қатысты жайттар да музей-үйдің әр бөлмесінде жайнап тұр. Ұлы Мұратқа, кейін Кәмен Оразалинге Мұратты табыстап жазған хатына үңілесің де, қаламгердің әкелік мейіріне бас иесің. Мұхаңа аяулы дүние бізге де қадірлі. Музей-үйдің ішін аралап жүріп, қаламгерге қатысты әр жәдігерге құрметпен бас иесің...
«Абай жолы» романында «Ералы жазығындағы кішкене төбе» деп суреттелетін алаңқайда Еңлік – Кебек мазары тып-тыныш қана мүлгіп тұр. Қос ғашықты жазалаған жер ешбір қан төгілмегендей, мөлдір көздің аясынан тамған жасты жұтпағандай, моп-момақан қалпында. Сайраған құс пен шырылдаған шегіртке ғана баяғының мұңды да мөлдір махаббатынан жеткен шерлі әнді айтқысы келе ме, бір тынбайды. Бұл жерде де көптің аяғы үзілмейтіндей көрінді. Бетімізді сипап, орнымыздан тұра бергенімізде, өзге бір жандар құлпытас маңына тізе бүгіп, құран аятын оқи бастады. Бұл кезде бізден бұрын бет сипап кеткендер құлпытасқа таяу жерде тұрған ескерткіш жанында суретке түсіп жүр еді...
Тарих куәгерлері айтады: 1917 жылы, маусым айында Абайдың немересі Ақыш ұзатылады да, Әйгерімнің киіз үйінде Абай ұрпақтарының қатысуымен қазақ даласындағы тұңғыш қойылым, Мұхтар Әуезовтің қаламынан шыққан туынды – «Еңлік – Кебек» сахналанады. Әйгерімнің киіз үйі де осы Ералы жазығында тігілген еді...
Жер кіндігі – Жидебай
Қарауыл – Абай ауданының орталығы. Жидебай – жер кіндігі. Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Ғалымы бар, басқасы бар, бәрі жабылып, Еуразия құрлығының дәл ортасын, қазақы қалыппен айтсақ, алып жердің кіндігін іздейді. Ақылдылардың «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» келген шешімі – құрлықтың дәл ортасы Жидебайға келіп тіреледі екен. Бұл маңның Еуразияның кіндігі екенін растайтын белгітас та осында тұр.
Енді жер атауы қайдан шықты, оны да айта өткен дұрыс болар. Жидебай – кісі аты. Осы маңның әуелгі иесі сол екен. Қазіргі күні Сарыарқаның сар даласында бейіті жатыр. Шөбі шүйгін Жидебай пішендігі Шыңғыстауға жақын. Жайлауға жетуге қолайлы қоныс болған соң, Құнанбай кейінірек осы маңды иелігіне алады. Деректерге сүйенсек, Құнанбай Жидебайға 1840 жылы қоныстанған. Бұл жерде Құнанбайдың шешесі Зере, әйелдері Ұлжан, Айғыз қыстаған. Оспан есейген кезде, қара шаңырақ иесі ретінде оған Жидебайды беріп, Құнанбайдың өзі Ақшоқыны мекендейді. Оспан дүниеден өткеннен соң екі жылдан кейін Абай осында көшіп келеді. Абай өмірінің соңына дейін Жидебайды қыстаған. Жалпы, мұндай деректер көпке белгілі болғандықтан, оның жайын тәптіштемей-ақ, өзіміз куә болған жайттарды ғана жазып өтуді мақсат тұттық.
Сонымен, біз Абайдай еңселі ер өмірінің соңғы он бір жылын өткізген Жидейбай қонысына да келіп жеттік. Абайдай аяулымыздың көзінің аясы, көңілінің айнасына айналған соңғы мекеніне де «бісмілда» деп аяқ бастық. Абайдың Жидебайы – бұлты қол созым жерде ғана тұрғандай көрінетін, шалғыны шүйгін, шөбі майса, көгалы көздің жауын алатындай жер екен. Абайға қоныс болғанына мақтана ма, айналадағы бел де, алыстан манаураған Шыңғыстау да, зеңгір көк те, ақынның қыстауы да айбынды, асқақ. Көзіңді жұмып, өткен жылдар қойнауына сүңгіп кетсең, алдыңнан қаһарлана Құнанбай шыға келердей. Абай мен Оспан жарқылдап, емен-жарқын сөйлескен қалпында құшақ жая қарсы алардай. Тобықтының кәрі әжесі Зере де маңдайдан елжіреп кеп сүйердей. Ұлжан ана шашымнан еркелете сипар ма екен? Тәкаппар Ділда, сұлу Әйгерім, ажарлы Еркежан... Тағы кімдер бар еді? Абай айналасындағы жұрт баяғының жырын айтып, сырын шертіп, бірде дабырласа күлісіп алып, енді бірде тұнжыраса сөз тыңдап, осы бір өлкеде өмірі өткені есіңе түссе жүрегің елжірейді.
Бұл жер өзінің қадірін біледі, қасиетін түсінеді. Түсінгені сол ғой, Құнанбайдың, Абайдың, Шәкәрімнің табанының табы қалғанын айтқысы келгендей жүрегіңді ерекше сезімге бөлейді. Жасырып қайтейік, қыстау үйдің ауласындағы ағаштың діңіне жасырынып, көзге еріксіз үйіріле берген жасымызды сүртіп қалуға ұмтылдық. Абай кезеңінен қалмаса да, Абайдың айналасының бекзаттығы жұққан болар, кәрі ағаштың жапырағын жел тербеп, басымыздан аялай сипады. Бұл да Абайдың өзі келіп, арқамыздан еркелете қаққандай мерейіңді асырады екен. Абайға қатысы бар бұл мекеннің күллі қазақты тербейтін жайы бөлек. Толстойдың «Ясная Полянасына» барып рухтанып қайтатындар сияқты, Абайдың Жидебайына барып та кірлеген көңіліңді тазартып, жүрегіңді ағартып қайтуыңа әбден болады...
Қош, сөзімізді ары қарай жалғайық. Абайдың Жидебайдағы музей-үйіне кіреберісте Құнанбай әулетінің шежіресі қарсы алады. Қазақы қалыппен оң аяғымызбен аттаған музейдің іші жып-жылы. Екі дәліз бен бес бөлмеден тұратын үйдің жобасын заманында Абайдың өзі сызған екен. Әр бөлмеде Абайдың жеке-жеке естелігі бар. Абайдың айрықша таңбасы тұр, керек десеңіз, Абайдың рухы сезіледі, үні естіледі. Әр бөлмеде бір кездері ұлы ақынның кіріп-шығып жүргенін, отырғанын, ойланғанын, мұңға батқанын түйсінудің өзі-ақ сені Абай заманына жетелей түседі. Ал әр бөлмедегі жәдігер сол заманның тынысын одан ары тәптіштеп түсіндіріп, ұғындырып, байырғының сыры мен жырын жаныңа жақындатып жібереді екен. Абайдың кітап қоятын сөресінде және жұмыс үстелінде тізіліп тұрған кітапты қолға ұстап, бұл қазынадан Абай өмір тереңіне қалай бойлады екен деген сұрақтың жетегіне ересің. Еркежанның айнасына қарап, мұңлы сұлу осында қарап жүзіне үңілгенде «нені ойлады екен» дейсің. Ұлжан ана ұстаған аяқ-табақтан кімдер дәм татқанын білгің келеді. Ділдә, Әйгерім, Еркежанның жасауы үш бөлмеде бөлек-бөлек жиналған. Дәулетті елдің қызы Ділданың асыл тастармен безендірілген төсегі бүгінге асыл тастарсыз жеткен екен. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деуші ме еді? Асыл тасы жоқ болса да, құны баға жетпес жәдігердің сақталғанына шүкір айтасың.
Абайдың айналасына тиесілі дүниенің әрқайсысын жеке-жеке, еш жалықпай айта беруге болар. Алайда жақсыны әркімнің өзі барып көргені дұрыс шығар деп, осымен Абай үйінің жәдігерлерін таныстыруды доғара тұрсақ дедік. «Толстойдың «Ясная Полянасына» келгендер ұзын-сонар кезекке тұрады екен» деген сөзді естіп едік. Абайдың Жидебайына келетіндер де көзімізге бір қауым ел болып көрінді. Тойымсыз көңіл әр қазақ Жидебайды көрсе екен, ақын рухына бас исе екен деген оймен, келушінің саны бұдан да көп болғанын тіледі.
Абайдың Жидебайдағы музей-үйінің қасында тағы бір үй тұр. Шәкәрімнің саят қорасы. Иә, Шәкәрімнің соңғы мекеніне айналған жердің дәлме-дәл көшірмесі іспетті етіп салған музей-үй. Бұл жерде Шәкәрімге қатысты дүниенің бәрі сақталған...
Музей-үйді асықпай аралап болған біз, әруақтар мекеніне қадам бастық. Алыстан әппақ болып көкке шаншылған қос мазар – Абай мен Шәкәрімге тиесілі. Абай бауырына Оспанын алған, Шәкәрімнің қасына Ахат жерленген. Сәл әріректе аналар: Зере, Ұлжан, Еркежан жатыр...
Құнанбайдың үлкен ұлы Құдайбердi өмiрден жастай өткені белгілі. Бұл кезде Зере, Ұлжан, Айғыз, әуелгі сөзімізде айтқандай, Жидебайда қыстайды екен. Құдайбердісінен айырылған қарт Зере тұңғыш сүйген немересін көз алдындағы жерге жерлеуін өтініпті. Ондағысы немересінің басына барып құран оқығанына жақын болсын деген тілегі екен. «Өткен-кеткеннiң бәрi басыма келіп құран оқыр. Сол кезде жанымда жатқан Құдайбердiге де құран бағыштайды» деген Зере әже өзі өмірден өтерінде «мені Құдайбердiнiң қасына қоясыңдар» деп аманаттапты. Кейінірек Ұлжан Зере ененің қасында жатқанды құп көріпті... Одан кейін бұл маңға осы жердің иесі ретінде Оспан жерленеді. Ал Абай Жидебайдан әлдеқайда алыста жатқан жайлауында дүние салған. Ақын дүниеден өткен 1904 жылдың 23 маусым аптап ыстық болыпты. Жайлаудан Ақшоқыға бет түзеген қаралы көш мәйітті дін аман ол жаққа жеткізе алмай қаламыз ба деп қауіптеніп, ақынды Жидебайға, Оспанның қасына жерлейді.
Қазіргі күні Шәкәрім мен Абай зираттарының арасы жүз елу метрдей. «Қос туыстың арасы неге алшақ жатыр?» деген ағайынға айта кеткеніміз дұрыс шығар. Құдықта жатқан қажы әкесінің сүйегін отыз жыл өткен соң ғана Жидебайға әкеп жерлеген Ахат Шәкәрімұлы әкесін Абайдың дәл қасына қоя алмаған. Себебі, Кеңес өкіметі «халық жауы» – Шәкәрімнің Абайдың іргесінде жерленуіне рұқсат бермеген...
Бүгінмен бетпе-бет
Бүгінгі Қарауыл – Абай айналасының бары мен жоғына ие болып қалған ресми орталық. Орталық дегенде, Алаштың астанасы Семейді де үлкен құрметпен есте тұтатынымыз анық. Алайда Абайдың кіші отаны Абай ауданы деп аталатынын ескерсек және ол ауданның орталығы Қарауыл екенін ұмытпасақ, оның да жай-күйін шертіп өтпеске болмайды. Бүгінгі Қарауылға Әнет баба, Құнанбай қажы, Абай ескерткіштері мен Мұхтар Әуезов, Әмина Өмірзақованың бюсті көрік берген. Қарауыл төңірегінде кіндік қаны тамған өзге де тұлғалардың ескерткіштері бой көтерген екен, өкінішке қарай, уақыттың тапшылығынан оның бәрін бірдей тамашалай алмадық. Көңілі патша оқырманға көргенімізді ғана айтуды жөн деп білдік. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 2014 жылы бой көтерген спорт кешенін тамашалаудың сәті туды. «Шыңғыстау» деп аталатын, екі қабатты спорт кешенінде бокс және күрес залдары, тоғызқұмалақ сыныбы, дене тәрбиесімен айналысатын орын, моншасына дейін бар екен. Тағы да аудандық ішкі саясат басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, кешеннің материалдық-техникалық базасы толық жарақталған, қажетті спорт жабдықтың бәрімен жабдықталған кешенде болашақ спорт жұлдыздары да, спортқа құмар көпшілік те жаттығу жасауға келеді екен. Одан бөлек, Қарауылдағы жеке еңселі ғимараттағы бассейнді тамашалауға да мүмкіндік туды. Бұл бассейнде күніне орта есеппен елуге жуық адам жүзуге келеді екен. Бес жолақты бассейннің ұзындығы – 25 метр, ені – 8,5 метр, тереңдігі – 1,30-1,80 метр. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жаттықтырушыларды арнайы алдыртқан Қарауыл ауылындағы бұл бассейнге, негізінен, балалар құмар екенін де білдік.
Орталық көшесін халықтың серуендеуіне лайықтап, абаттандырған Қарауылдың кеші де көркем. «Маса көп» деген сөзден соң, кешкі Қарауылда сейілдеуге қорғалақтасақ та, Абай жұртының масасы «сүйсе», сүйсін деп тәуекел еттік. Маусымның кеші әлі салқын ба, жәндіктер әлі қаптай қоймаған мезгілге дөп келіппіз. Масаның ызыңы емес, құлағымызда түрлі-түсті субұрқақтың сылдыры қалғанын айта кету ләзім...
Сөз соңы
Қарауылдан ары 2-3 сағаттық жердегі Қоңыр әулие үңгіріне жол түсті. «Абай жолы» эпопеясында Петербордан келген Әбдірахман сергіп, серпіліп қайтсын деп, Абай Әбішін осы Қоңыр әулие үңгіріне жіберетін еді ғой. Сол үңгір. Мұнда да келушілердің аяғы үзілмейтініне куә болдық. Абайдың ұлы Әбіш үңгір айналасындағы бейіттерге таңдана көз тастайтынындай, біз де айналадан ескі жұрттың белгісін іздегендей, бұл маңды асықпай араладық. Қиық ай астында тұрған Сәрсенбек батырдың бейітіне алақан жайып, осы маңда бұрындары ел мен жерді қорғаған белгілі-белгісіз шәйіттердің жатқан сырына қанықтық. Бұл үңгірге Абайдың өзі де бірнеше рет келгенге ұқсайды. Қоңыр әулие үңгіріне қатысты деректерде, осы үңгір қабырғаларының бірінде ұлы Абайдың арабша жазылған қолтаңбасы болғаны туралы да айтылады. Бірақ келушілер үңгір ішіне шырақ жағып кіргендіктен, ол жазуды ыс басып, көрінбейтін болған. Айта кету ләзім, қазір үңгірдің ішіне шырақ жағудың қажеті жоқ. Себебі, үңгірге бастайтын және үңгірдегі көлге апаратын жолға ағаш баспалдақ жасалып, үңгір ішіне түгелдей жарық тартылған. Ұлан Болатұлы бұл маңның Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қасиетті Қазақстан» жобасының негізінде арнайы абаттандырылғанын тілге тиек етті. 1892 жылы «Витебские губернские ведомости» газетінің №63 санында Қоңыр әулие үңгірі жайында мақала жарық көріпті. Мақалада бұл үңгір жайында: «Қоңыр әулие – қазақтардың Семей маңындағы әулие үңгірі, онда адам бойындай әйелдің мүсініне тәу етуге көптеген адамдар келіп жатады. Оның айналасында тастан жасалған ұсақ заттар, моншақ және қола мүсіншелер шашылып жатады. Әулие маңында құрбандық шалынады, індет болған жағдайда ауырған мал да осы жерге әкелінеді», – деп жазылған екен. Бұрынғының сырына көп бойлай алмадық, бүгінгінің адамы бұл маңға еміне шипа іздеп келетініне куә болдық. Үңгір ішіндегі көлдің суы мұздай, табаның тиген сәттен шекеңе бір-ақ шығады. Бірақ жақұттай жалтырап жатқан көл ерекше сұлулығымен көзді арбап, бәрібір бауырына тартқысы келіп, ынтықтыра түседі екен...
P.S.:
Абай жұртынан қайтқанда жүрегіміз тазарып, көңіліміз ағарып қалғандай ма, ерекше бір сезім құшағынан шыға алмадық. Қаланың у-шуынан тұнып қалған құлақ мұндағы мүлгіген тыныштыққа рақаттана ма, әрбір тырс еткен дыбысты жадта сақтап қалуға тырысты. Құлпыра түскен айналаның реңкіне көзіміз де әбден тойды. Құнанбайдың, Абайдың жұрты бізге қош айтқысы келмегендей, әлде қоштасқымыз келмеген біздің өзіміз бе екен?..
Қарагөз СІМӘДІЛ