Арыстағы әскери арсенал басқа жаққа көшіріледі
Арыстағы әскери арсенал басқа жаққа көшіріледі
439
оқылды

Арыс қаласындағы әскери арсенал 2 аптада басқа аймаққа көшірілетіні жөнінде шешім қабылданды. Арыстың әрбір тұрғынына Үкіметтен 100 мың теңгеден берілетін болды. Бұл туралы Үкімет басшысы А. Маминнің Арыс қаласына келген сапары аясында белгілі болды.

Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен халықтың жай-күйімен танысуға ҚР Премьер-министрі А.Мамин арнайы келді.

Премьер-министр облыс басшысы Ө.Шөкеевпен бірге снарядтан зақым келген тұрғын үйлер мен 4 қабатты қалалық аурухананы, халыққа қызмет көрсету орталығын және Көктем шағынауданындағы И.Журба атындағы орта мектепті аралап, ғимараттардың жай-күйімен танысты.

Сонымен қатар, күні кеше үйлеріне оралған арыстықтармен сөйлесіп, оларға тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Содан кейін Премьер-министр Арыс қаласына берілуі тиіс көмекті талқылау мақсатында үкіметтік комиссия отырысына қатысты.

Жиналыста Асқар Мамин Арыста тұратын әрбір тұрғынға, яғни 44 781 азаматқа Үкіметтен 100 мың теңгеден берілетінін айтты.

Сондай-ақ, қала 1 ай көлемінде толық жөндеуден өтетінін жеткізді. Бұдан өзге, арыстық кәсіпкерлерге 1 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие берілетін болды. 

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Арыс қаласында жаңа аурухана салынып, 4 мыңнан астам бала жазғы демалысқа баратынын баяндады. Ең бастысы, қаладағы әскери арсенал 2 аптада басқа аймаққа көшірілетіні жөнінде шешім қабылданды.