Мемлекеттің күші – бірлікте

Мемлекеттің күші – бірлікте

Елордада Nur Otan партиясы қолдауымен «Біз біргеміз!» атты митинг өтті. Nur Otan партиясы мүшелері, Парламент депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты.

«Жерұйық» саябағына 1 500-ден ас­там халық жиналды. Қатысушылар елімізде тұрақсыздық пен арандату­шы­лық әрекеттерге қарсылығын жеткізді.

Жиынды Мәжіліс депутаты Бақыт­бек Смағұл ашты. Мәжіліс депутаты Павел Казанцев митинг мақсатын тү­сіндіріп, саяси технологияның мәнісін айтты. Nur Otan партиясы белсендісі, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы саяси процестегі зиялы қауымның ықпалы жайын қоз­ғады.

Митингке қатысушылар ел ішіне іріт­кі салуға тырысқандар туралы көз­қарасын білдірді. Олар қоғамға бірлік пен бейбіт өмір керегін және республи­каның прогрессив дамуына кедергі жасауға ұмтылғандарға ермеу қажетін түсіндірді.

Спикерлер қазақстандықтардың революцияға ұмтылмай, эволюцияны таңдайтынын айтты. Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған әлемнің дамы­ған отыз еліне кіру басты міндетіміз еке­­нін еске салды. Діттеген мақсатқа же­ту үшін барлық прогрессив күш дес­трук­тивті элементтерге тойтарыс беріп, бір мүдде үшін бірігуі тиіс екенін жеткізді.

Халық Қаһарманы, Ауған соғысы­ның ардагері Бақытжан Ертаев қа­зақстандықтарды экстремистік және радикал күшке қарсы тұруға шақырды. Оның айтуынша, аталған іс-әрекеттер әлемнің бірде-бір еліне күйзелістен, экономикалық құлдыраудан, халықтың азаюынан басқа ештеңе әкелмеген.

– Білесіз бе, мен соғысты көрдім. Батальон командирі болдым. Полк командирі болдым, өмірдің бағасын білемін. Біз шетелде жүрген адамдарға елде үрей туғызуға мүмкіндік бермейміз. Біз Отанымызды бірге қорғаймыз! Ел біртұтас болуға тиіс! – деп Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев елді бірлікке шақырды.

Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова жастарды саяси деструктив процеске қарсы әрекет жасау қажет екенін айтты. Білім алу, жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мүмкіндіктері туралы ойын білдірді. Дамудың негізі білім екенін, жастар қай жағынан сауатты болған қоғамда алға жылжу орын алатынын жеткізді.


Астаналық депоның машинист-нұсқаушысы Владимир Ульяненко митинг мінберінен қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің басты құндылығы – бірлік пен бейбітшілікті сақтауға шақырды. Тәуелсіздік тұрақтылықта екенін, бейбіт өмірдің қадірін біліп, ел ертеңі үшін бірлесе жұмыс істеу керегін айтты. Nur Otan партиясы бірлік пен тұрақтылықты сақтай отыра, дамуға жол ашатынын алға тартты.

– Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Барлық ел бізден үлгі ала­ды. Біз әрқашан бейбіт өмір сүрдік. Ата-бабамыз қол жеткізгенді жеңісті ешкім­ге бермейміз! Тағы да қайталай­мыз: арандатуға орын жоқ! Өтірік пен шын­дықтың ара-жігін ажырата аламыз. Қазір ел болып сайлаған жаңа Прези­дентіміз бар. Жарқын болашаққа бірлік­пен ғана қолымыз жетеді! Алға, Қазақстан! – деді Владимир Ульяненко.

Қазақстандықтар арандатушы­лардың сценарийіне алданып қалмауы керек. Себебі, «түрлі-түсті» технология революциясы белгілі. Митинг қатысу­шылары спикерлерді қолдап, өзекті тақырыптың түйінін тарқатты.

Митингке қатысушылар Қазақстан тұрғындарын қоғамдағы тұрақты­лықты сақтауға шақырды. Өйткені мемле­кеттің күші – бірлікте. Сөз сөй­легендер халықтың өзекті мәселелерін шешу тек бірлесіп жүргізілуі тиіс деген пікір біл­дірді. Қазір қазақстандықтарға бірігудің маңызы зор екенін, араңдату­шыларға ермей, сабырмен, ақылмен шешім қабылдаған жөн екенін жет­кізді. Сенім мен бірлік күш біріктір­генде алынбас қамал жоғын, кез кел­ген мәселе ше­шімін табатынын, тек жұдырық болып жұмыла әрекет етуді көздеу қажетін айтты. «Біз біргеміз» деп ел тұрғын­дарын азаттықтың қадірін біліп, ертеңге сеніммен қарауға үндеді.

Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты:

Экранды түзейік

Бақытбек Смағұл

 – Қоғамда қой терісін жамылған Әбілязов сияқтылар халықты арандатып, ортаға от салғысы келіп отыр. Өзі басы қатып отырған халықтың арасына іріткі салуда. Сондықтан шын жаны ашыған болса, халықтың, елдің тұрақтылығын, берекесін алғысы келіп судай шашқан ақшасынан Арыс халқына бір тиын берді ме? Осы тұрған барша халықтың біреуіне бір түйір нан үзіп берді ме? Әрине, жоқ. Сондықтан да біз әлеуметтік проблемаларды желеу етіп, елдің ішіне лаң салып, халықтың шырқын бұзуға ешқашан да жол бермейміз.  Халық нені қалайды? Арандатушылардың емес, ұлттың, мемлекеттің мүддесіне жарайтын дүниені таңдауы қажет. Білетінім, 2018 жылы елімізде 450 мыңға жуық мигрант жұмыс істеді. Соның 135 мыңы тұрақтап қалды. Демек, олар пайда көзін тапқан, еңбек ете білген. Одан бөлек, некеге тұрғандардың 1 жыл ішінде 34 пайызы ажырасып кетеді. Неге? Себебін отбасы тәрбиесінен іздейік. «Қалаулым», «Өз ойым», «Кел, келінім» сияқты экраннан түспей жүрген бағдарламалар жастарды бұзады. Экранды түзейік. Біз бәрін бірлесіп қана түзей аламыз. Күшіміз – бірлікте. Ұлт болып ұйысам деген халық сырттан арандатушыларға ермей, бейбіт өмірге сақшы болуы тиіс. Халық партиясы Nur Otan ел бірлігін сақтау үшін аянбай еңбек етеді.

 

Бекболат ТІЛЕУХАН,  Мәжіліс депутаты:


Шүкіршілік – ардың қадірін білу

Бекболат Тілеухан

– Әбілязов сияқты алаяқты Қазақстан емес, Еуропа соттаған. Оны сотқа берген – Украина мен Ресей. Грузия «алаяққа берер атағымыз жоқ» деп оған берген ресми атағын қайтарып алды. Сол алаяқ: «Қырғыз революциясын ақшасын төлеп тұрып жасаған менмін! Қазақстанға әсер ету үшін жасадым», – деп айтты. Соның кесірінен қаншама отбасы қаңғып қалды. Қаншама жұрт қаңғып кетті. Қаншама қанды мойнына жүктеп, шімірікпей «мен сол революцияны жасадым» деген адамның соңына ерген адамда ес бар ма, ағайын?.. Қай ел ереуілмен, революциямен арманына жетіпті?.. Енді жетіп, енді есімізді жиып келе жатқан тұста сабыр ләзім, шүкіршілік керек. Осы сөзді «бәрі тамаша» деп айтты деп түсінеді. Жоқ, шүкіршілік – ардың қадірін білу деген сөз. Сабыр дегеніміз – түгесілмейді. Тек шыдап бақсаңыз болғаны. Көбейіп келе жатырмыз, қала салдық, аманбыз. Сондықтан, ағайын, бейбіт күннің қадіріне жетейік. Бір болайық. 


Оразкүл АСАНҚАЗЫ, қоғам қайраткері:

Отбасы – Отанның діңгегі

Оразкүл Асанқазы

– Қоғамда қалтарыс көп. Лимузин жалдап, несие алып, ұлан-асыр той жасап, ажырасып кететіндер бар. «Отан отбасынан басталатынын» ұмытпайық. Бала үй ұстаханасынан жақсы тәрбие алуына ұлт болып жағдай жасайық. Отбасы тәрбиесін алдыңғы орынға қойғанымыз жөн. Сонда мемлекет барлық жағынан дамиды.
 Кез келген адам тарихты білуі керек. Еуразия ұлттық университетіне Күлтегін жазуы бейнеленген тасты алып келгенде, Олжас Сүлейменов «Менің бабам тарихын тасқа жазғанда орыстың да, қытайдың да жазуы жоқ еді» деді. Басымыздан талай жазу өтті. Руна жазуы, Алаш жазуы, араб графикасы, латын графикасы. Қазақ тілінде 28 дыбыс бар. Мысалы, ағылшынның бай тілінде 45 дыбыс болса, оны 26 әріппен белгілеген. Француздар 35 дыбысын 26 әріппен белгілеген. Бұрын біз 28 дыбысты 28, 29, 26 әріппен белгілеп жүргенбіз. Сондықтан қазір уақыты келгенде, демографиямыз жеткенде Елбасымыз қазақ тілін латын графикасына көшіруді қолға алды. Ахмет Байтұрсынов айтқандай, бір дыбысқа, бір әріптен келеді. Сондықтан, ағайын, өз тіліңнен жеріме. Ұлттың байлығы – тілінде. Тілдің тағды­ры – ананың қолында. Баланы есті ұрпақ болуға, ана тілінде сөйлеуге, ұлтты сүюге тәрбиелеңіздер.



Дәулет КӘРІБЕК, Jas Otan Жастар қанатының төрағасы:

Тыныштықты бұзуға жол бермейміз

Дәулет Кәрібек

– Күні кеше Арыс қаласында болдық. Арыста не көрдік? Арыста бір елдің баласымыз, «Арыс, біз біргеміз!» деп біріккен елді көрдік. Өзінің тапқан-таянғанын беріп, көмек қолын созғандарды көрдік. Оң жағыңа қарасаң кәсіпкер, сол жағыңа қарасаң мұғалім, жастар мен студенттер барлығы бір атаның баласындай Арыс халқының жанынан табылды. Алайда ол жерде Бұқар жырау айтпақшы «әзәзіл пасық залымның дініне ерген» азаматтар да болды. Олар өзінің билігі мен тәуелсіздік байлығын көре алмай, өзінің жеке басындағы проблемасын мемлекет мәселесімен шатастырып, көшеге шығып, елдің бейбіт өмірін бұзбақшы болды. Себебі, олар жастардың қуатты күш екенін біледі. Біле отыра, азғындауға кіріседі. Сондай азғыруға ергендердің бір тобы «Мен ояндым, мен тұрдым, мен бетімді жудым» деп қазақтілді жастарды орыс тілінде оятпақшы болды. Біздің ұлттық кодымызды басқа тілде қозғамақшы болды. Сатқындардың, әзәзілдердің, арандатушылардың соңына ерген жастарға айтарым, бейбітшілікті, біздің бейбіт өмірді бұзбаңыздар. Тыныштығымызды кетірмеңіздер. Кедергі келтірмеңіздер. Біз оған жол бермейміз.