Қазіргі журналистика – сауатты һәм көркем жазумен қатар жан-жақтылықты, техника мен мультимедианы меңгеруді, бірнеше тіл білуді талап етеді. Бұл ең басты деген талаптар ғана. Бұдан басқа да түрлі критерийлер бар. Журналистиканың күрделенуіне орай оқу орындары да білім бағдарламаларын күшейтіп, түрлі бастамаларды іске асыруда. Бұл орайда қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Журналистика факультетін ерекше атай аламыз. Факультеттегі Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтанбаевамен сұхбаттасу барысында көп нәрсеге қанық болдық.
– Журналистердің жаңа буыны қалай қалыптасып келе жатыр? Сіздер оқытып, тәрбиелеп, еңбекке ұсынып жатқан жастардың аяқ алысын қалай бағалайсыз?
– Қазақстандағы медианарық сан алуан тарапта дамып жатыр. Оған маман даярлау үшін солар қалыптастырған талапқа сай әрекет ету керек. Бұл ретте тәжірибеміз бар деп айта аламын. Себебі, Журналистика факультетінің тарихы осыдан 85 жыл бұрын бастау алған. Талай-талай қайраткер журналистиканың бір қалыпқа түсуі үшін үлкен еңбек етті. Мәселен, Темірбек Қожекеев сатираның теориясын жасаса, Қайыржан Бекхожин негізін қалаған, кейінірек профессор Сағымбай Қозыбаев, профессор Ләйла Ахметова қазақ журналистикасының тарихын, Тауман Амандосов бастап, профессор Бауыржан Жақып жанрлық тұрғысын зерттеді, ал Марат Барманқұлов іргелі дүниелермен негізін салған тележурналистикаға профессор Сәуле Барлыбаева ерен үлес қосты. Қазақ радиожурналистикасы ғылыми мектебіне профессор Намазалы Омашев түрен салды. Жаңа медианы зерттеудің қолданбалы мектебін қолға алған профессор Ғалия Ибраева бар. Бүгінде бұл бағыттағы зерттеулер жас ғалымдар тобымен жаңарып келеді. Біз сол алтын дәстүрді бұзып алмай, бірақ жаңа заманға сай жалғастыруға тырысып жатырмыз. Мықты журналист мамандар қалыптасып шығу үшін білім беру бағдарламасын жүзеге асыратын потенциал, әдістемелік құралдар, ғылыми-технологиялық және өндірістік база аса қажет. Өйткені журналистерді құр сөзбен емес, нақты технологиялармен дайындаймыз. Қазір журналистика шығармашылықтан гөрі технологиялық мамандыққа айналып бара жатыр. Күн сайын осы сөзімізге дәлел көбеюде. Қазір редакцияның есігін қаққан жас маманнан «қандай бағдарламаларды білесің?» деп сұрайды. Мультимедиадан, SММ-нен хабары бар ма, әлеуметтік желіні тиімді пайдалана ала ма, жұмыс берушілер осының бәрін ескереді.
– Нарықтағы сұранысты қанағаттандыру үшін тікелей жұмыс берушілермен жиі диалог жасала ма?
– Әрине. Қазір әр университет, әр кафедра өзінің білім беру бағдарламасын дайындап жатыр. Жақында ғана журналист мамандарын даярлайтын еліміздегі 29 кафедраға шағын зерттеу жасадым. Яғни, онда білім алып жатқан студенттердің контингенті мен олардағы білім беру бағдарламаларының басымдықтарын зерделеп шықтым. Таяуда «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі» мен «Білім беру сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттіктің» қорытындысы жарияланды. Журналист мамандарды дайындау бойынша біздің университет алда келе жатыр екен. Одан кейін Тұран университеті мен Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті және Халықаралық ақпараттық технологиялық университеті тұр. Жалпы, журналист мамандарын даярлау бойынша мемлекеттік жоғары оқу орындары мен жеке оқу орындарының үлесі тең. 45 пайызы – мемлекеттік, қалғаны – 55-і жекеменшік. Жаңа білім беру бағдарламасын дайындау үшін нарықты көп зерттедік. Осы орайда Qazaqstan, «Хабар агенттігі», «Қазконтент», «Қазақ газеттері» , «Жас Өркен» және «Нұр Медиа» секілді медиахолдингтер мен агенттіктер басшыларына сұраныстар жібердік. Олардың маманға қойған талаптарын білдік. Нарыққа не керек, не жетпей жатыр, біздің мамандардың бойында қандай кемшіліктер бар, нені үйрену керек, соны терең білгіміз келді. Сонда олардың көп сұрайтыны – мамандардың технологиялық тұрғыдан сауатты болуы, аудио және бейнематериалдарды монтаждай алуы, әлеуметтік желі бойынша маркетингтік тәсілдерді меңгеруі. Сондай-ақ редакцияның ішкі жұмыстарын да ұйымдастыратын арнайы мамандар, датамен жұмыс істейтін журналистер де ерекше сұранысқа ие екен.
Біз үнемі әлемдік топ-университеттердің бағдарламаларына бағдар жасап отырамыз. Менің білім беру бағдарламаларын модернизациялау туралы ректордың алдында презентация жасағаным бар. Министрлік бекіткен соңғы ережеге сәйкес IT факультетінің студенті бола тұра ол адам біздің факультеттің бір бағдарламасын таңдап, ары қарай журналист квалификациясын ала алады. Не болмаса, Биология факультетінен келген студент журфак бағдарламасын таңдап, білімін жетілдіреді. Яғни, ол келешекте экология саласын індете жазатын журналист болуға мүмкіндік алады. Керісінше, заң саласын жақсы білгісі келген журналист-студент заң факультетіне барып оқып келе алады. Бұл орайда 4 жылға негізделген толыққанды бағдарлама аясында бір семестрге созылатын қысқамерзімді бағдарлама қарастырылған. Бұл еліміздегі салалық журналистиканың дамуына жол ашады.
– Соңғы бірнеше жылдан бері қысқы және жазғы мектеп жобаларын қолға алғаныңызды білеміз. Бұл бастаманың берген пайдасы қандай?
– Бұл жобаны алғаш рет Ыстықкөлде 15 адам болып бастағанбыз. Содан жыл сайын дәстүрге айналып, келе-келе шетелдік студенттер де қатысуға ынта білдіре бастады. Алғаш Қанат Әуесбай, Мұрат Нұрбай, Меруерт Құмарова, Есболат Айдабосын, Мұхамедәлі Бұқарбаев, Бейсен Құранбек, Серікқазы Кәкібаланов, Өркен Кенжебек сияқты журналистер, мамандар, блогерлер уақытын қиып, дәріс беріп, қолдау танытты. Әр жылы әртүрлі тақырыпты таңдап аламыз. Университет ішінара көмектеседі. Қалған шығындарға өзіміз жауаптымыз. Ол үшін демеушілер іздейміз. Жазғы және қысқы мектепті алты рет Ыстықкөлде, алты рет «Тау Тұран» базасында өткіздік. Біздің мектеп – еркін пікірлер алаңы. Бір жылдары «Радио адам өмірін құтқарады» деген тақырыппен өткізгеніміз бар. Төтенше жағдайлар кезінде, табиғи катаклизм уақытында интернет ажырап қалуы мүмкін. Сондай кезде радио бәрін хабардар етіп отырады. Студенттерімізді осындай маңызды тақырыптармен қамтуға, мықты спикерлерді шақырып, пікірталас алаңын құруға талпындық. Ал бір жолы тақырыпты спортқа арнадық. Сол кезде біздің қыздарымыздың ішінде спортқа қызығатындардың қатары көп екенін аңғардым. Ал былайғы күнде спорт тақырыбын тек жігіттер ғана жақсы білетін секілді көрінеді. Тіпті спорт комментаторлары мектебін ашқымыз келді. Әр мектептен кейін әртүрлі идеялар туындайды. Осы мектептердің арқасында қаншама талантты студентті таныдық, олардың еңбекке белсене араласуына бағыт сілтедік. Биыл 180 адам қатысты. Оның ішінде Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Франция, Жаңа Зеландия, Канада университетінің студенттері, журналистері мен профессорлары бар. Ал Ауғанстаннан төрт бірдей әйел журналистердің келуі үлкен жаңалық болды. Бұған дейін ол елден әйел азаматтарды жібермейтін, әсіресе, журналистерді. Өйткені ол елде адам өмірінің, журналистің қауіпсіздігі деген өте күрделі мәселе. Кабулдан келген BBC ауған қызметінің, CNN ауған қызметінің, ToloNews арнасының репортерлары дәріс оқыды, білгендерімен бөлісті.
– Медиа тренерлер мен студенттерді ерекше платформада, яғни табиғат аясында кезіктірудің сыры неде?
– Бір жолы Іле Алатауы мемлекеттік паркіне барып, дәріс өткіздік. Табиғат аясында. Қанша аяз буып тұрса да, Белбұлақ шатқалында күн жылы болып тұрады. Қар өте қалың түседі. Ал табиғаты ауыз айтып жеткізе алмас әсем. Табиғи ортаның шығармашылыққа тигізер ықпалы өте орасан ғой. Мұндай медиашараны дәрісхана не акт залдарында өткізе салсақ болушы еді, бірақ табиғаттағы әсер мүлде басқаша. Әрі бір жағынан студенттерден бір сәт қасаң аудитория мен күнделікті зал, кабинеттерден арылып, өз саласына, шығармашылығына, қоғамға мүлде басқа биіктен көз салса дейміз. Биыл бізге бірнеше ұйым демеушілік етті. Бұл ретте Nur Otan партиясына да алғыс айтып өтсем деймін. Олар бізге қатысушыларды тау шатқалына қысқы аязда, қар қалыңда аман-есен көлікпен тасымалдауға қолдау көрсетіп, ерекше көмек берді. Тіпті қазір кәсіби мамандар біздің алаңға келіп сабақ беруді, білгенімен бөлісуді өздері үшін құрмет санап, ынта-ықыласын білдіріп жүр. Жаңағы табиғат аясын неге таңдадыңыз дегеннен шығып отыр ғой, осыдан біраз уақыт бұрын «Қазақ елі» деген экспедиция ұйымдастырған едім. Бір экспедицияның құрамында үш студент болып, үш рет еліміздің түкпір-түкпіріне сапар жасады. Студенттер сол сапар барысында қаншама құнды очерк, эссе жазды, фотоматериалдар дайындады, түрлі әлеуметтік сауалнамалар жүргізді. Осылайша, олар өздері мақсат еткен кәсіби журналистикаға бір қадам болса да жақындай түсті. Шеберліктерін төрт қабырғадағы кабинетте, ноутбук шұқылап отырып емес, табиғат аясында жүріп, шынайы кейіпкерлермен жүздесе жүріп жетілдірді. Олар әр өңірдің символикалық, тарихи құндылықтарын зерттеді.
Жалпы, журналистикаға, оның ішінде дәл бізге, яғни ҚазҰУ-ға қарата айтылатын сындарды да талай естідік. Осыдан он шақты жыл бұрын «ҚазҰУ бітірген балалар монтажды білмейді, камера ұстауды білмейді, не үйретіп жатыр» деген сындар да айтылды. Осындай «өткір» сын айтқыш журналистер өздерінің 17-18 жасын еске алуы керек. Олар да ә дегеннен микрофонды ұстаған күйі сайрап, қаламды ұстаған күйі жазып кеткен жоқ. Үйренді, машықтанды, қалыптасты. Қаншама кезеңнен өтті. Иә, біздің университет базасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ТРК кешенінде радио және телестудия, Kmlab Коника Минолта оқу зертханасы, бағдарламалық қамтылған 4 ірі компьютерлік кластерлер практикалық дәрістерге арналған технологиялық алаң бар. Мүмкіндігі 400-ге жуық студентті қамтуға, бәріне білім беруге жеткізу үшін студиялық дәрістер мен эфир кестесін жіті бақылап отырамыз. Кафедра доценті Жидегүл Әбдіжәділқызы «Телемұнара», «Көзбе көз», «Сөзбе сөз» студенттік теле және радиобағдарламаларға жаңа өмір беріп келеді. Таяуда ғана студент түлегіміз Абылайхан Өмірбев «Жұлдыздан жарық» YouTube жобасының тұсауын кесті. Біздің цифрлы платформамыздың ресурсы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Қаншама мемлекетте болдым. Мәселен, Гонконг университеті журналистика және кино факультеті ғимаратының өзі 17 қабаттан тұрады. Бірнеше студия бар. Елу шақты камера бар. Олар Журналистика және кино мамандарын дайындайды. Бір телекорпорацияның жүгін арқалап отыр десе де болғандай. Әрине, олардың потенциалымен бізді салыстыру қисынсыз. Соның өзінде біз қолда бар дүниемен білім беріп, балаларға барынша тың, серпінді, креативті бағдарлама ұсыну үшін әрдайым ізденістеміз. Бұл еңбегімізді бұлдамаймыз. Керісінше, осындай қарқынды еңбектен шабыт аламыз. ҚазҰУ-дың, біздің факультеттің мәртебесі әркез биік болған. Қазір де биік. Сол биіктікті сақтап қалу, ары қарай дамыту бізге парыз. Ал журналистика білім беру ошақтарын сынап жүрген Журналистер еліміздің барлық өңірмен ірі қалаларындағы журналистика кафедраларына барып, студенттерге шеберлік сыныптарын оқыса, бір-екі сағатын қиса, білгенімен бөліссе құба-құп. Еуропаның білікті де қарымды журналистері өз елінің университетеріне барып, дәріс жүргізгенді ең үлкен мәртебе санайды. Визит картасындағы «лектор» деген бір ғана сөз оларға медиа және коммуникация нарығында айрықша репутациялық мәртебе сыйлайды. Біздің де журналистерімізден осындай қадамды күтеміз. Журналистика факультеті академиялық ықпалдастыққа ашық, практикалық платформаға дайын.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Абай Аймағамбет