Сырласу кешін өткізіп, маусымды жапты
Сырласу кешін өткізіп, маусымды жапты
357
оқылды

Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен Жазушылар одағы басқармасы «Ұлтымның үні, рухымның тіні – домбыра» атты шығармашылық, сырласу алаңын ұйымдастырды. «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақалалары аясында Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған шараны ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан жүргізді.

Осыдан бір жыл бұрын басталған игі бастама биыл әдемі жалғасын тапты. Бұл күні домбырамен ән де айтылды, өлең де оқылды. Театрдың дәстүрлі «Сырласу бұрышында» еліміздің айтулы ақындары, әншілері, театр артистері өнерлерін ортаға салды.

– Мынау сырласу кеші деген жақсы дәстүр екен. Расында соңғы кездері бірі­мізге біріміз жақындай бермейтін, жұ­мыс­­басты боп кеттік. Жазушылар, артис­тер, музыканттар өз алдарына жұмыс­та­рын істеп жатыр. Солардың ішінде жарқ етіп шығатын ұлы әншілер, ұлы орын­дау­шылар домбыра күнімен құттықтап жатса, домбыра шерткен адам жаныңа ләззат сыйлап, өзіңнің қазақ екеніңе қуан­саң ғажап емес пе? Жанына әнді серік еткен адам ешқашан жаман бол­май­ды. Қуансаң да ән айтасың, мұңай­саң да ән айтасың, домбыра тарта­сың. Бү­гін­гі қатысушыларға сәттілік тіле­ймін – деді театрдың режиссері Есмұхан Обаев.

Бұл күні дәстүрлі әнші Еркін Шүкі­ман Мейрамбек Жанболатовтың «Ән – домбыра», Секен Тұрысбектің «Домбыра досым» әндерін, «Алатау серілері» тобы «Молдабайдың әнін» орындап көпшілікті бір серпілтті. Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әбубәкір Қай­ранмен бірге Қайсар Қауымбек сынды кейінгі толқын ақындар жырдан шашу шашты.

Сырласу кеші салихалы әңгімеге жалғасып, алдағы уақытта да осындай кештерді дәстүрлі ұйымдастырып отыру керегі сөз болды.

Тап осы күні Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының 93-мау­сы­мы мәресіне жетіп, жақында ғана тұ­сауы кесілген «Қобыланды» спектаклі­мен жабылды. Режиссер, ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері Нұрқанат Жақып­бай­дың жаңа үлгіде қойған «Қобыланды» спек­так­лі аз уақыт ішінде көпшіліктің жүре­гіне жол тауып үлгерді. Спектакльдің қоюшы-суретшісі – Қазақстан сурет­ші­лер одағының мүшесі Мұрат Сапаров.

Бұл маусымда Әуезов театры кө­рер­мендеріне «Ғасырдан да ұзақ күн» (Ш.Айтматов), «Анна Каренина» (Л.Толстой), «Ұлым, саған айтам...» (Б.Беделхан), «Сүйікті менің ағатайым» (А.Чехов), «Қобыланды» (М.Әуезов) сияқты 5 жаңа спектакль және жалпы көлемде 206 қойылым ұсынды. Шет ел шеберлерінің қатысуымен өткен Респуб­ли­­калық Практикум, Мұрат Сапаров, Ғазиза Әбдінәбиева, Мұрат Нұрәсілов, Торғын Тасыбековалардың мерейтой­лары, сондай-ақ Әнуар Молдабеков, Әнуар Боранбаев, Мүлік Сүртібаев пен Айкен Мұсабековаларды еске алу кеш­те­рі, «Сырласу бұрышында» өткен Жанель Мақажан, Еркебұлан Дайыров, Бекжан Тұрыс, Мейрамбек Тағановпен кездесулер, республикалық деңгейде өткен «Ұлы даланың ұлы күні – Наурыз» мерекесі, «Қара шаңырақ – 2019» фести­валі, «Музей түні» шарасы өтті.

Дағыстан Республикасында Каспий жаға­лауы елдері арасындағы тұңғыш ұлт­тық театрлардың Халықаралық фести­валінде «Сүйікті менің ағатайым» қойы­лы­мы «Үлкен формадағы үздік спек­такль» атағын алып, бас жүлдені иеленді. Венгрия Республикасының астанасы Будапешт қаласында өткен Имре Мадача атындағы V Халықаралық театр фестиваліне «Қорқыт» спектаклі­мен гастрольдік сапарға барды.

Осылайша, театр тағы бір маусымын абыроймен қорытындылады.