Баспана кезегін онлайн бақылайды
Баспана кезегін  онлайн бақылайды
5,349
оқылды

Қазақстандықтар тұрғын үй кезегінің жыл­жуын online режимде бақы­лай алады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлім етті. Әкімдіктердегі баспана кезегінің ашық, айқын болмауы – көкейкесті мәселелердің бірі. Азаматтар таяп қалған кезегінің тосыннан жүздеген орынға кері сырғығанын бір-ақ біліп, наразы болып жатады.

Министр тұрғын үй беру тетіктерін жетілдіру, осы үдерістің ашықтығын қамтамасыз ету, заң­бұзушылықтарды болдырмау, сондай-ақ азаматтардың ақпа­ратқа қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылдың соңына дейін кезектегілердің «Бірыңғай электронды базасы» құрылатынын хабарлады. Бұған дейін әр әкімдік өз аумағындағы тұрғындардың баспана кезегін жеке жүргізетін.

–Ал мына деректер базасы бүкіл ел үшін ортақ болады. Өйт­кені жасыратыны жоқ, азамат­тарымыздың арасында тек бір елдімекенде емес, еліміздің түрлі қалаларында кезекте тұрғандары бар. Бұл жергілікті атқарушы органдарды жаңылыстырады. Қайшылықтар жетерлік, салда­рынан деректердің сәйкессіздігі туындайды. Адам тұрғылықты жерін ауыстырады, немесе оның әлеуметтік мәртебесі өзгереді. Демек, оның ары қарай жергілікті кезекте тұруға құқығы жоғалады, бірақ ол сонда одан ары қала бе­реді. Бірыңғай деректер базасын құру осындай жағдайларды бол­дырмайды, – деді Р.Скляр.

Бұл сондай-ақ азаматтарға өзінің кезегін онлайн режимде бақылауға да мүмкіндік береді екен.

Әкімдіктердің мәліметтері бойынша биылғы жылдың І тоқ­санында елімізде баспана кезе­гінде тұрғандардың жалпы саны 496 мыңнан астам адамды құ­раған.

–2017 жылғы желтоқсанда түгендеу-инвентаризация жүргізу мақсатында біз «Кезектегілердің бірыңғай республикалық базасы» сервистік бағдарламалық өнімін жасадық. Нәтижесінде, 2018 жы­лы кезектен 30 мыңға жуық адам­ды алып тастай алдық, – дейді министр.

Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, аз қамтылған азаматтар мен жұмыс істейтін жас­тарды тұрғын үймен қамтама­сыз ету ісін «Нұрлы жер» бағдар­лама­сы аясында қаржыландыру қарас­тырылған. Республикалық бюд­жет­тен бұған жылына 50 мил­лиард теңгеден немесе 7 жыл ­бо­йында 350 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. Жыл сайын баспа­намен 6 мың көпбалалы отбасы қамты­латын болады. Тиісінше, 7 жыл ішінде осы са­наттардағы 40 мың адам қоныс­тойын той­ламақ.

Биылғы мамырдан бері 1 480 көпбалалы отбасыға тұрғын үй берілді.

Жұмыс істейтін жастарды қолдау үшін бұған дейін 2019-2021 жылдары Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Шымкент қалаларында жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланған болатын.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы тұрғын үй сатып алуға және салуға қажетті қаржыландыру көлемі қосымша ұлғаюда. Нәтижесінде, жұмыс істейтін жастарға 2019, 2020 және 2021 жылдары 3 мың жалдамалы пәтерден бере ала­мыз», – деді Роман Скляр.

Оның мәліметінше, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» көп­балалы, толық емес отбасыларға және мүгедек балалары бар от­басыларға пәтер алу үшін жылдық 2% ставкамен жеңіл­детілген несие беруді бастапты. Бұл мақ­сатта үш жыл ішінде 150 млрд теңге бөлу қарастырылған.