Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды платформасында «Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күресеміз. Жемқорлық мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді, мемлекеттің дамуына тосқауыл қояды. Мемлекет пен азаматтардың күшін біріктіреміз. Тек қана жазалау шаралары жеткіліксіз. Қоғамда жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік болуы тиіс», – деп атап көрсеткен еді.
Елімізде күн сайын жемқорлыққа қатысты жағымсыз хабар естіледі. Біреу ұсталады, біреу қамалады, біреу үйқамаққа алынады. Нұр-Сұлтанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі департамент директоры таяуда «Ғылым қоры» акционерлік қауымдастық төрағасы сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілінгенін хабарлады. «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы ғылыми жобаларды қаржыландыру және жалпы қамқорлық туралы мәселені оң шешкені үшін ЖОО ректорынан 5 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілініпті.
Жақында ғана Ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны өтті. Еліміздің әр өңірінде ҰБТ комиссиясы үшін аста-төк дастарқан ұйымдастырылғаны туралы да Антикоррупциялық қызмет өкілдері хабарлады. Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған комиссия мүшелері Алматыдағы Халықаралық бизнес университетіне барады. Олар ҰБТ науқаны кезінде ойын-сауық мекемелерінде ішімдік ішіп, бейәдеп қылық танытқан көрінеді. Қазір қызметтік тексеру жүріп жатыр екен.
Үлкендердің тіршілігі осындай болғанда, жастарымыздың жағдайы тіптен жетісіп тұрған жоқ. Қазақстан бойынша жыл басынан бері 14 жасқа толмаған 10 қыз түсік жасатыпты. Ел көлемінде жалпы кәмелетке толмағандардан 200-ге жуық жас қыз аборт жасатқан. Денсаулық сақтау министрлігі ең көп аборт жасатқандар қатарында қарағандылық және ақтөбелік қыздардың бар екенін хабарлапты.
Он екіде бір гүлі ашылмаған бүлдіршіндерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағаны ма сонда? Кәмелетке толмаған қыздардың түсік жасату көрсеткіші бойынша Қазақстан дүниежүзінде алғашқы ондыққа еніп отыр.
Жемқорлыққа қарсы күресті күшейткен сайын араны ашылғандар да көбейіп барады. Қанағатпен, шүкірмен өмір сүрудің орнына асап қалу, мемлекет мүлкін қарпып қалу, тендерден жеп қалу секілді тойымсыз пиғыл жаппай өрістеп тұр. Сондағы тұтылғандардың ішкі уәжі «анау да жеп жатыр, мен де жейін» дегенге келіп саяды.
Ал «Қара қызға – қырық үйден, сары қызға – сексен үйден тыйым» деген тәрбие тұтқасын мықтап ұстаған халқымыз бұл күнде бей-берекет тіршілік жасап жатыр. Не үйде, не түзде тыйым көрмеген жеткіншектер ойына не келсе, соны жасайтын болды. Отбасы құндылықтары ойран болған қоғамда қайбір жақсылық болушы еді, біз де тап сол күйді кешіп отырмыз.
Неге бұлай? Неге елдіктен кетіп барамыз? Осы бетпен кете берсек, не табамыз?