Шеттен келген бауырлар саяхаты
Шеттен келген бауырлар саяхаты
421
оқылды

«Нұрлы жол» стансасында «Туған елге саяхат» балалар туристік пойыз жобасының кезекті маусымы басталды. Биыл 200 бала Қазақстанның көрікті және тарихи орындарын аралайды.

Samruk-KazynaTrust әлеу­меттік жобаларды дамыту қоры мен «Отандастар» қоры бірлесіп өткізген жобаның екінші маусы­мы­ның ерекшелігі – бұл жолы саяхатқа Қазақстаннан жырақ тұратын қазақ диаспорасының балалары барады. Сонымен қатар олардың арасында 17 мамыр мен 15 маусым аралығын­да ұйымдастырылған шығарма­шы­лық байқаудың жеңімпаздары да бар.

Саяхаттың алғашқы күні Назарбаев университетінде экс­курсия ұйымдастырылды. Олар ЕХРО – 2017 көрмесінің аума­ғында серуендеп, «Нұр-Әлемді» аралады. Балалардың көбі елор­даға алғаш рет келіпті. Қыр­ғыз­станнан елордаға алғаш рет келген Эльдар Гапаров тарихи Ота­нының географиясы мен көрікті орындарын аралауды тағатсыздана күткенін айтады.

– Нұр-Сұлтан қаласына бірінші рет келіп тұрмын. Мұнда осынша биік және жаңа ғима­рат­тар болатынын және басқа ел­дерден келген жаңа достар таба­мын деп ойламадым. ЕХРО аума­ғында өткен экскур­сия кезін­де қазақтың ежелгі дәстүр­ле­рі­мен таныстым. Салт-дәстүр­ді білсем де, кейбіреулері жайлы алғаш рет осында естідім, – деді Эльдар Гапаров.


Түбейгелі Қазақстанға қоныс аударғысы келетін Нұрсұлтан Чигажанов саяхаттауға Ресейден келген.

– Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Шығарма байқауында жеңіске жетіп, бұл жобаға қатысып жатырмын. Елордада маған Назарбаев университеті мен ЕХРО көрмесі ұнады. Жасыл ормандарды көріп таңғалдым. Түнгі астана ерекше әдемі екен. Ресейде туып өстім. Болашақта Қазақстанға оралсам деймін, – дейді Нұрсұлтан Чигажанов.

Әлеуметтік жобалар қорының директоры Ербол Кеңгербаев шетелден келген қонақ балаларды қарсы алып, оларға қызықты саяхат тіледі.

– Қазақстаннан және шетелден жиналған балалар бірігіп, бір команда болады. Бізге Беларусь, Ресей және Қырғызстан сияқты елдерден барлығы 25 бала келді. Бұл саяхат әр баланың өмірінде ұмытылмас бір естелік болып қалатынына сенемін. Қазақстанды аралайтыныма қуаныштымын, – деді Ербол Кеңгербаев.

Балалар Нұр-Сұлтан қаласының теміржол вокзалында флешмоб ұйымдастырды. Жоба елдің тарихи және сәулет ескерткіштерімен танысып, патриотизмді нығайтуға бағытталған. Пойыз бағдарына Нұр-Сұлтан, Байқоңыр, Тараз, Алматы және Балқаш қалалары кіреді.

Майра БАҚЫТ