Жаңа мұнай кен орындары игеріледі
Жаңа мұнай кен орындары игеріледі
5,403
оқылды

Үкіметте «Дунга» және «Абай» кен орындары бойынша құжаттарға қол қойылды. Оның алдында Үкімет басшысы Асқар Ма­мин кен барлау және өндіру жөніндегі прези­ден­ті Арно Брёйяк бастап кел­ген француздық Total өкілде­рімен келіссөз жүргізді.

Кездесуде мұнай-газ секто­рын­дағы ынтымақтастықтың са­налуан мәселелері талқыға са­лын­ды. Бұл ретте Солтүстік Каспий жобасында қазақстандық маз­мұн­ды арттыруға, Қазақстан аума­ғын­да жаңа өндірістер ұйымдастыру және технологиялар беру үшін бір­лескен компанияларды дамы­туға ерекше назар аударылды. Жаңартылатын энергия көздерін өркендететін бірлескен жобалар да қаралды. 
Премьер Асқар Мамин бір­лескен жобаларды іске асырудың маңызды әлеуметтік әсері барлы­ғын атап өтті. Бұлар бірінші кезек­те жаңа білікті жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы жергілікті ха­лықты нәтижелі жұмыспен қам­тамасыз етуге ықпал етпек. 
Үкіметтегі келіссөздер қоры­тын­дысында құжаттарға қол қою рә­сімі өтті. Маңғыстау облы­сын­дағы «Дунга» мұнай кен орны бойынша құжаттарды Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «Total барлау және өндіру» ком­паниясының Каспий және Оң­түстік Еуропа бойынша вице-президенті Бернар Клеман, «Оман Ойл барлау және өндіру» дирек­торы Абдул Уахаб әл Булуши, «Партекс Ойл және Газ» басқарма мүшесі Фернандо Алвеш өз қолдарымен бекітті.
Келісімге сәйкес, «Дунга» кен орнының өнімін бөлу туралы ке­лісімшарттың мерзімі 15 жылға – 2024 жылдан 2039 жылға дейін ұзартылады, бұл қосымша 9 млн тоннадай мұнай өндіруге мүм­кін­дік бермек. Тараптар «Дунганы» игерудің 3-фазасын іске асыру жө­нінде де келісімге келді, оның ая­сында компаниялар 300 млн дол­ларға жуық инвестиция құюға мін­деттеме алды. Бұл мұнай өнді­руді жылына қазіргі 600 мың тон­надан 850 мың тоннаға дейін ұлғайтады.
Құжаттың маңызды шарты сол, кірісі мол өнім саласында Қа­зақстанның үлесі қазіргі 40%-дан 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай 60%-ға дейін артпақ. Құжатта өн­дірілген мұнайдың бір бөлігін елі­міздің ішкі нарығына жеткізу және жыл сайын кемінде 1 млн дол­лар көлемінде әлеуметтік-инфра­құ­рылымдық жобаларды қаржы­лан­дыру бойынша ком­паниялардың міндеттемелері бектіліп отыр. 
Сондай-ақ Энергетика бірінші вице-министрі М.Досмұхамбетов, «ҚазМұнайГаз» басқарма төра­ғасының орынбасары Қ.Есқазиев және ENI Орталық Азия аймағы бойынша атқарушы вице-пре­зи­денті Лука Виньяти Каспий теңі­зінің қазақстандық секторындағы «Абай» теңіз учаскесінде бірлескен қызмет аясында көмірсутектерді барлау және өндіру үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойды.
Бұл жобаларды іске асыру арқасында Каспий теңізінің елімізге тиесілі бөлігіндегі мұнай мен газды анықтап, өндіруге са­лынатын инвестициялар өседі. Құ­жатқа сәйкес, «Абай» учаске­сінде көмірсутекті барлау және өндіру контрактісі бекітілді. Ол теңіз түбіне 2 500 метр тереңдікке алғашқы іздеу-барлау бұрғысын салуды, 700 шақырым аумағында сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуді және жалпы сомасы 14 млрд теңгеге өзге жұмыстарды қолға алуды қарастырады. 
Жалпы, келісімді іске асыру жобаның Қазақстан үшін эконо­микалық тиімділігін арттыруға; мұнайсервистік компаниялардың қосымша жұмыс көлеміне қол жеткізуіне; өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.