Қой өсір – табысы көл-көсір
Қой өсір – табысы көл-көсір
439
оқылды

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің және Қазақстанның Сыртқы сауда пала­тасының бірлескен күш-жігерінің арқасында Парсы шығанағы елде­рінің барлық аумағында қызмет көрсететін БАӘ-дегі LuLu гипер­мар­кеттерінің ірі көтерме-бөлшек сауда желісінің сөрелеріне қазақ­стандық қой етін екі рет жеткізуді жүзеге асырыпты.

Шетелде сауда жасау оңай емес. «Әр елдің аты – қасқа, заңы басқа» дегендей, өнім жеткізудің және өткізудің өз тәртібі бар. Араб Әмірліктерінің де сырттан келетін тауарларға талабы күшті. Көптеген әмірлік кәсіпкері алдын ала төлемсіз жұмыс істейді. Ал біз ал­дын ала төлем жасалмаса, қор­қа­соқ­тап, тәуекелге бара бермейміз.

Сәуір айының соңында қазақ­стандық дипломаттардың қол­дауымен Әбу-Дабиде қазақ­стандық бизнесмендердің Сауда миссиясы ұйымдастырылған екен. Сыртқы сауда палатасы кә­сіп­керлердің сапарын ұйым­дастырып, елшілік қажетті және беделі жоғары іскер топтарды шақырады. Соның арқасында бірқатар қазақстандық өнімдерді жеткізуге жол ашылады.

Қазақстандық экспортты іл­герілетуге жәрдемдесу – Қазақстан­­ның сыртқы саяси ведомство­сының маңызды басымдықта­ры­ның бірі болды. Тәп-тәуір нәтиже берді. Соның арқасында Қазақстан өнімдерін шетелдік нарыққа шы­ғару жолға қойыла бастады. Бұл ретте Біріккен Араб Әмірліктерін­дегі біздің елшілік эмираттық на­рық­тың ерекшеліктері мен реттеу шарттарын мұқият зерделеп, азық-түлік өнімдерін жеткізу шараларын қарастырған. Қазақстандық тауар­ларды экспорттаушыларға нақты қолдау көрсетіліп, және дип­ломатиялық көмек көрсетілген. Бұл – жақсы. Олқы тұсымыз қандай?

«Жұмыс жоқ» деп екі қолды қусырып жатқанға ешкім игілікті әкеп бермейді. Урбанизация сал­дарынан біздің қазақ мал бағудан да қалып барады. Бір кезде қой басын 50 миллионға жеткіземіз деп қиқулап едік, қазір барына шүкір етіп отырмыз.

Ежелден мал шаруашылығына икемі мол халқымыздың қой өсіруге жаппай бағыт алатын кезі келді. «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп бекер айтылмаған. Есептейік: Қа­зақстан­дағы қой мен ешкінің саны он сегіз миллион қазақтың әрқай­сысының жетектеп жүруіне де жетпейді. Ішкі нарықта қой еті қымбаттады. Мұның бір себебі – етті шетелге экспорттауға тікелей қатысты. Демек, алдағы уақытта ішкі нарықта қой етіне деген сұраныс жоғарылайды. Сол себептен қой баққан шаруалардың айы оңынан туғалы тұр.