Вакцинаны не үшін салдыру керек - дәрігер пікірі
Вакцинаны не үшін салдыру керек - дәрігер пікірі
© сурет интернеттен алынды
299
оқылды
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы Хирургия бөлімшесінің балалар хирург-дәрігері Азамат Оразалинов вакцинацияға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Вакциналаудың маңыздылығы – түрлі ауруларға қарсы балалардағы иммундық жауапты қалыптастыру. Себебі, баланың өміріне қауіп төндіріп, кейде мүгедектікке әкеп соғатын дифтерия, полиомиелит, қызылша, қызамық сынды көптеген аурулар бар. Оларды басқарылатын аурулар деп те атайды. Яғни вакцинация арқылы ауруды таратпай ұстап тұруға болады. Вакциналаудың жалпы принципі – ауру тудыратын бактериялар мен вирустарды әлсіздендіріп, ағзаға енгізу арқылы, бала ағзасында иммундық жауап қалыптастыру. Осылайша, аурудың өзімен бетпе-бет келгенде ағзадағы иммундық жауап қарсы тұрып, баланың мүлдем ауырмауына немесе сырқаттың жеңіл өтуіне көмектеседі», - деді дәрігер ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта. Оның айтуынша, полиомиелит, дифтерия ауруларының мүгедектік, өлім тудыру қаупі жоғары. Бұл аурулар антибиотикпен емдеуге көнбейді, олармен тек бала ағзасындағы иммундық жауап күресе алады. «Жаңа туған балада иммунитет болмайды. Кейбір иммундық жауап ана сүтімен келеді. Сосын қоршаған ортада түрлі бактериялар мен вирустар кездеседі. Туғаннан бастап сол бактериялар арқылы иммундық жауап қалыптасады. Бірақ, кейбір бактериялар ауыр салдарға әкеп соғуы да мүмкін. Сол себепті, бала ауырмау үшін немесе денсаулығына қауіп төндірмей, сырқатты жеңіл өткізу үшін екпе салдыру керек», - деді А. Оразалинов. Дәрігер екпеден бас тартқан ата-аналардың өз баласына және өзге де әлжуаз балаларға қатер төндіретінін айтты. «Екпеден бас тартқан ата-ана белгілі бір жағдайда баласының денсаулығына қауіп төндіреді. Одан бөлек, Ұжымдық иммунитет деген ұғым бар. Екпе алған балалар көбейген сайын ұжымдық иммунитет те жоғары болады. Ол үшін балалардың барлығы екпе салдыруы керек. Ұжымдық иммунитет 95 пайыздан жоғары болса, қалған 5 пайызы сол адамдар арқасында өзін қауіпсіз сезіне алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, ұжымдық иммунитеттің 3-5 пайызға төмендеуі қызылша, полиомиелит ауруларының 3 есеге ұлғаюына ықпал етеді. Ата-анасы екпе салдырмаған балалар бар және денсаулық жағдайына байланысты екпе салуға болмайтын балалар бар. Осылайша, екпеден бас тартқан ата-аналар өз балаларына ғана емес, өзге балаларға да қауіп төндіріп отыр», - дейді дәрігер. Сонымен бірге, спикер Қазақстанға жеткізілетін вакциналардың қандай тексеруден өтетінін түсіндірді. «Қазақстанда вакциналарды ғана емес, барлық дәрі-дәрмектің сапасын тексеретін, оларды қолдануға рұқсат беретін арнайы орган бар. Ең алдымен, олар вакцинаның сипаттамасын тексереді. Екіншіден, вакцина шығарылатын зауытқа барып, оны шығару барысымен танысады. Сосын вакцинаның рұқсат қағаздарын қалай алғанын, клиникалық зерттеудің қандай нәтиже бергенін қарайды. Оған қосымша Қазақстандағы айналымға енгізбей тұрып, өз зертханаларында толық зерттеулерден өткізген соң ғана рұқсат береді. Қазақстанға жеткізілетін вакциналар Еуропадан, Ұлыбританиядан, АҚШ, Корея сынды дамыған елдерден жеткізіледі. Бұл, баршаға қолжетімді ашық деректерде көрсетілген», - деді Азамат Оразалинов.