Алматы облысы карантинге жабыла ма?
Алматы облысы карантинге жабыла ма?
334
оқылды
Карантиннің алын­ғанын немесе жеңілдетілгенін тап басып айту қиын. Об­лыстың бас санитарлық дәрігері мезгіл-мезгіл сала­құлаш қаулыларды жариялайды да жатады. Онысының көбі бұрынғыларын қайталау. Соңғы кезде оның қата­рына Талдықорғанның бас санитары қосылды. Алматы облысындағы жұқпалы науқас­қа қатысты жағдай коронавирус дерті Талдықорғаннан табылғанша сонау айтқандай асқынбаған еді. Мамырдың 14-де облыс орта­лығында алғашқы науқас тіркел­геннен кейін, күрделеніп кеткен­дей болды. Іле-шала облыстың шығысындағы аудандар да біртін­деп індеттің құрығына іліне бас­тады. 7 маусымда Жетісу жерінде 15 адамнан (3,5 пайыз) жұқпа анықталған. Кешегі күннің дерегін қосқанда Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны 441-ге жетіп, оның 282-і емделіп шыққан. Оның ішіндегі талдықор­ғандықтар саны – 141, олардың 54-і сауығыпты. Әзірге қайтыс бол­ғандар жоқ. Маусым басталғаннан бергі ресми деректерге көз жүгіртсек, облыстағы дерт жұқтыру жағдайы төмендегідей: 1 маусымда – 15(4,2 пайыз); 2 маусымда – 5 (1,3 пайыз); 3 маусымда – 21 (5,5 пайыз); 4 мау­сымда – 11 (2,7 пайыз); 5 маусым­да – 9 (2,2 пайыз); 6 маусымда – 4 (0,9 пайыз); 7 маусымда – 15 (3,5 пайыз). Жаңа айдың жеті күнінде 80 жетісулық коронавирусқа шал­дыққан. Жалпы, соңғы аптада жұқтыру карантин талаптары жеңілдетілген кездегі 2,5 пайыздан артып, 5,5 па­йызға жеткен. Осыған байла­ныс­ты Алматы облысы бас мемле­кеттік санитарлық дәрігері «Же­тісу» телеарнасы арқылы облыста карантин шаралары қайта күшей­тілетінін мәлімдеді: «Мен облыс­тың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері ретінде күшейтілген ка­ран­тин режимін орнатуға мәжбүр­мін. Нақтырақ айтқанда, аудандар мен қалалар арасындағы сани­тарлық бекеттер қайта қойылады. Жекелеген сауда үйлері мен ны­сандар жұмысына тыйым салы­нады. Адамдар бетперде тәртібін сақтамайтындықтан қоғамдық көлік қатынасы да шектеледі», – деді. Сонымен бірге Қапшағайдағы шомылу маусымының ашылуы ке­йінге қалдырылатынын айта кетті. Іс жүзінде анықталғандай, об­лыс тұрғындары мен барлық са­ладағы қызметшілер карантиннің негізгі талаптарын естен шығарған. Медициналық бетперде тақпайды, автобустарда адам лықа толып тұрады. Сауда орындарында да жағдай аса күрделі. Адамдар ара­сындағы арақашықтық сақтал­майды. Қысқаша айтқанда, каран­тин талаптарын сақтамау қадам басқан сайын алдан шығады. Облыстық деңгейдегі әріпте­сінің мәлімдемесінен кейін Тал­дықорған қаласының бас мемле­кеттік санитарлық дәрігері дереу қаулы қабылдады. Онда айтыл­ғандар бойынша білімді қашықтан беру жалғастырылады. Сауда және ойын-сауық орындары, театр мен кинотеатрлар, көрмелер мен ком­пьютерлік клубтар, спорттық ны­сан­дар, саябақтар мен субұрқақтар жұмысы тоқтатылады. Азық-түлік базарлары (жәрмеңкелер), авто­көлік бөлшектерін, құрылыс мате­риалдарын, тұрмыстық химия зат­тарын, тұрмыстық техниканы сататын азық-түліктік емес дүкен­дердің, тұрмыстық және электрон­дық техниканы жөндеу бойынша қызметтердің жұмыс уақыты бір­шама шектеледі. Мұндай шектеу­лер оптика (дүкендер), фотосалон­дар, зоодүкендер, тығыз қатынасты болдырмайтын тағы басқа нысан­дарға да қатысты. Сұлулық салон­дары, шаштараз, қоғамдық тамақ­тандыру орындарына қатысты талаптарда да аздаған өзгерістер бар. Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанат­ұ­лы­ның айтуынша, облыс орталы­ғында індет жұқтырғандар саны 141 адамға жеткен. Талдықорған қалалық бас санитарлық дәрі­ге­рінің жаңа қаулысына сәйкес, қа­­лада каран­тин режимі жалға­сады. Бірақ са­нитарлық пост қо­йыл­майды, нысандар жабылмайды. Кеше түстен кейін адамдарды алаңдатып: «Алматы облысы ка­ран­тинге жабылады. Аудандар мен қалалар арасына тосқауыл-бе­кеттер қойылады» деген алыпқаш­па әңгімелерге нүкте қойған бри­финг өтті. Алматы облысы мен Тал­дықорған қаласы бас мемле­кеттік санитарлық дәрігерлері қа­тысқан отырыста негізгі хабар­лама жасаған Алматы облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетовтің осыған дейінгі қарқыны басылып қалып­ты. Оның айтуынша, өңірде ка­рантин шараларын жеңілдетілудің орнына күшейтіле түседі. Соның ішінде қазіргі кезде коронавирус дерті өршіп тұрған Талдықорған және Қапшағай қалаларында тәртіп қатаңдатылады. «Ресми статистикадан көріп отырғандай, Алматы облысындағы коронавирусқа қатысты жағдай күрделеніп тұр. Әсіресе, Талды­қорған мен Қапшағай қалаларын­дағы жұқпаның тіркелуі алаңда­тарлық. Біз қазіргі кезде жаппай тексерулер ұйымдастырудамыз. Әскерге шақырылғандар мен жос­парлы түрде ауруханаға жататындар арасынан коронавирус жұқтыр­ғандар көптеп шығуда. Жетісу жеріндегі індеттің өршуіне бірінші кезекте адамдардың карантин талаптарын сақтамайтыны әсер етіп отырғанын айта кеткен жөн. Соның салдарынан қаулыға өзге­рістер енгізілді. Бірақ аудандар мен қалалар арасына тосқауыл-бекет­тер немесе санитарлық бекеттер қойылмайтын болды. Бұл – ведом­ствоаралық комиссияның шешімі. Қапшағайдағы шомылу маусымы әзірге басталмайды. Өйткені ко­ронавирусқа шалдыққандар ара­сында бірнеше күннің тым ыстық болуына байланысты суға шомы­лып, суық тигізіп алғандар жиіле­ген. Ал Қапшағайда су әлі суық. Со­ған байланысты су қоймасы жағалауын шұғыл топтар қада­ғалап, адамдарды көлге жібермеуге тырысады. Сонымен бірге қалада­ғы қоғамдық тамақтандыру орын­дарына рұқсат етілген 50 адамға дейін қызмет көрсету 30 адамға дейін қысқартылды. Сауна мен моншалар қызметінің уақыты шектелді. Талдықорған қаласы бойынша саябақтар мен хауыздар, субұрқақ­тар жұмысы тоқтатылды. Сауда орындары мен базарлар, тағы да басқа халыққа қызмет көрсету орындарының жұмыс уақытына ар­налған шектеулер мен қызмет­теріне қойылған қосымша талап­тар облыс орталығының бас мем­лекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген. Бұған қоса, мемлекеттік қызмет орын­дары мен ұлттық холдинг қыз­меткерлерінің 80 пайызы жұмыс­тарын қашықтан жүргізетін бола­ды. Тағы бір айта кететін мәселе – бүгінге дейін карантин талаптарын орындалуына қатысты облыстағы 4 136 нысан тексеріліп, режимді бұзушылыққа байланысты 772 дерек анықталды. Бүгіннен бастап облыстық мобильдік топ құрылды. Шұғыл топқа облыс әкімдігінен, облыстық прокуратурадан, об­лыстық Полиция департаментінен өкілдер және санэпидқызметкер енеді. Орталық аппараттан түскен бұйрық бойынша карантин талап­тарын сақтамағандарға бұған дейін біз тек ғана ескерту жасап келсек, алдағы кезде 8 мыңнан 550 мың теңгеге дейін айыппұл салатын боламыз», – деді облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері. Сондай-ақ ол Алакөлге демалуға баратындардан коронавирус жұқтырмағаны жөнінде анықтама талап етілмейтіні, оның есесіне демалыс орындарына қойылатын тазалық-зарарсыздандыру талап­тары барынша күшейтілетінін де айта кетті. Қазіргі облыстық Та­уарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақы­лау департаменті мен туризм басқармасы қызметкерлерінен арнайы бригада жасақталып, Ала­көл сияқты жазғы демалыс аймақ­тарындағы тазалық-індеттік жағ­дайды бақылауға, карантин талап­тарының орындалуын қамтамасыз етуге жөнелтілген.  

Болат АБАҒАН,  Алматы облысы