Tik-Tok-тағы Жәйрем әкімі: «Карантин кезінде билегенімді облыс басшылығы біледі»
Tik-Tok-тағы Жәйрем әкімі: «Карантин кезінде билегенімді облыс басшылығы біледі»
220
оқылды
Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Қаражал қалалық әкімшілігіне қарайтын Жәйрем кентінің тұрғындары Azattyq Rýhy тілшісіне кенттің әкімі Аманғазы Нәукенов карантин талабын бұзды деп, дәлел ретінде видеоматериал жіберді. Видеода әкім Аманғазы Нәукенов, мәдениет ойын-сауық орталығының директоры Ақмарал Иманбекова және «Жәйрем кен-байыту комбинаты» кәсіподақ комитетінің төрағасы Мүбәрак Кәрібаев тағы басқа да қызметкерлерді қосып, кабинет ішінде би ұйымдастырған. Tik-Tok әлеуметтік желісінде кең тараған флешмоб Қазақстанда карантин кезінде актуалды болғаны белгілі. Жәйрем кентінің әкімі де көштен қалмайын деп, қоластындағы қызметкерлерді қосып алып, билеген. Бізге видео ұсынған кент тұрғындары қарапайым халықтан карантин сақтаңдар деп талап еткен шенеуніктердің өздері карантинді елемей, он шақты адамның маскасыз, қолғапсыз, арақашықтықты сақтамай, видео түсіргені ашуларына тигенін айтады.
«Әкім басымен карантинде би билеп, оны Жәйрем кентінің тұрғындары бар бүкіл чаттарға жібергені ұят қой! Бұлардың арасындағы арақашықтық қайда, маскасы қайда, қолғаптары қайда?!», - дейді тұрғындар.
Azattyq Rýhy тілшісі Аманғазы Нәукеновтің жеке телефонына хабарласып, видео қашан түсірілгенін сұрады. Жайбарақат дауыспен жауап берген әкім «Карантин талабын бұзғаным жоқ» дейді. Және әкімнің айтуынша, «Осылай билеп берсеңіз» деп оған біреу өтініш жасаған. Кім екенін дәл айта алмады.
«Иә, мен биге қатыстым. Мәдениет саласы қызметкерлерінің күніне орай өтініш жасаған. Карантин бұзылған жоқ қой! Видеода адам аз... біз онымен қоса, маска киіп билегенбіз», - деді Аманғазы Нәукенов.
Біз қолымыздағы видеода ешбір адамның маска кимегені әрі «бишілер» арасындағы арақашықтық өте жақын екенін айттық.
«Маскамен түскен видеомыз да бар. Мен сізге соны жіберейін», - деген әкім бір тәуліктен бері ондай видео ұсына алған жоқ.
Аманғазы Нәукеновтен осы видео жайынан Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, облыс басшылығы хабардар ма деп сұрадық.
«Видео мәдениет саласы қызметкерлерінің күніне орай түсірілген. Содан бері бәрі көрді, облыс басшылығы біледі. Карантин бұзылған жоқ деді. Мен сізге маскамен түскен видеомызды жіберемін», - деген әкім телефон тұтқасын қоя салды.
Кент тұрғындары видео 23 мамыр күні әлеуметтік желіде тарай бастады деп отыр.
«Әкім мен шенді-шекпенділерге қатысты айтатын көп мәселе бар. Кент әкімі дұрыс жұмыс істемейді. Біз қаламыздағы проблемаларды, осы шенеуніктердің өзара сыбайластығын айтқымыз келеді. Жуырда балалар ойнайтын аулаға құм төгіпті. Кейін тұрғындар ол құм емес, кен-байыту комбинатынан шыққан зиянды қалдық екенін айтты. Жалпы, тұрғындардың кент басшылығына қатысты айтатын назы көп. Бұқаралық ақпарат құралдарын шақырып, бас көтергіміз келеді. Электронды үкімет арқылы үй кезегін бақылап отырған көпбалалы ана аяқасты кезегінен айырылды. Жетінші орында тұрған көпбалалы ана әлі баспана ала алмай отыр. Кенттегі нысандардың жөндеуіне ақша бөлінеді, бірақ жөнделмейді. Бір сөзбен айтқанда, кент тұрғындары шаршады. Бізді БАҚ көрсетіп, мәселеміздің шешілгенін қалаймыз», - дейді тұрғын.
Azattyq Rýhy карантин кезінде би билеген Жәйрем кентінің әкіміне қатысты облыс әкімі Жеңіс Қасымбектен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мамандарынан қосымша пікір алады.