Түркістанды түлетуге келген асаршы компаниялар марапатталды
Түркістанды түлетуге келген асаршы компаниялар марапатталды
341
оқылды

Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай мерекелік гала-концерт өтті. Бұл мереке алғаш рет тойланып отыр. 2018 жылы 19 маусымда Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылған болатын. Сол қысқа уақытта  тарихи оқиғалар мен өзгерістерді бастан өткерген түркістандықтар мен қала қонақтары «Есімхан» алаңында Түркістан облысынан шыққан өнер жұлдыздарының «Ән шашуым өзіңе, Түркістаным!» атты мерекелік кешін тамашалады. 

Мерекелік шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы, Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ, барша қонақтарды Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуымен құттықтады.

– Бүгін біз, Түркістан облысының 1 жылдығына орай ұйымдастырылған тамаша кеште бас қосып отырмыз! Бұл уақыт Түркістан үшін аса мыңызды кезең. Көне шаhар күннен-күнге көркейіп, заманауи келбетке ие болып келеді. Бүгінгі таңда, құрылысы қарқынды жүріп жатқан Түркістанда 130-дан астам нысан салынып жатыр. Осы орайда, мен қаламыздың көгалдануы мен тазалығына  мән беріп, азаматтық белсенділік танытып жүрген қала тұрғындарына өз ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, киелі мекеннің гүлденуіне атсалысып келе жатқан күндіз-түні тынбай еңбек етіп жүрген инвесторларды  марапаттағым келеді. Түркістан өңірі көркейіп, гүлдене берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деді облыс әкімі.

Салтанатты жиында Түркістанның құрылысына үлес қосып жатқан әкімдіктер мен компаниялар түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік инвестор» номинациясы – «Медиа-орталықтың» құрылысы бойынша Алматы қаласының әкімдігі, «Шығыс моншасының» құрылысы бойынша Қызылорда облысының әкімдігі, Әуенді субұрқақтың құрылысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Көпсалалы «Конгресс орталығы» кешенінің құрылысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ-ға бұйырды. «Үздік демеуші» номинациясы – Түркістан қаласындағы Халықаралық әуежайдың құрылысына демеушілік еткен «Yda insaat sanayi veticaret anonim sirketi» АҚ және «RIXOS Khadisha TURKESTAN» қонақүй кешенінің құрылысына демеушілік еткен «МұнайқұрылысСервис» ЖШС-на берілді. Ал «Үздік құырылысшы» аталымымен – Түркістан қаласының орталығындағы көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізген «Ақжол» ЖШС марапатталды.

Сондай-ақ Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін Түркістан қаласының «Ақ мақта» мөлтекауданы ауыл биінің орынбасары Сырым Исмайлов, «Сауран» мөлтек ауданы ауыл биінің орынбасары Дилара Батырова, «Бекзат» мөлтек ауданы ауыл биінің орынбасары Сейілхан Саттарханұлы, Түркістан қаласының кәсіпкері Нуриддин Шәмшидинов облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. 

Кеште елімізге танымал өнер жұлдыздары ҚР Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Сейфуллин Жолбарыс, Дана Кентай, Қанат Үмбетов, Әлия Әбікен, Айгерім Қалаубаева, Зарина Омарова және «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Гала-концерттің соңы отшашумен аяқталды.