Газ бен суды сарғая күткен төретамдықтардың мәселесін әкім шеше алар емес – Қызылорда облысы
Газ бен суды сарғая күткен төретамдықтардың мәселесін әкім шеше алар емес – Қызылорда облысы
267
оқылды
Байқоңырдың іргесіндегі Төретамда тірлік түзелмей келеді. Жергілікті халық ауыз судан тарыққанымызға он жылдан асты дейді. Бұдан бөлек жамауға келмейтін жол, іргедегі құбырдан ағып жатқан көгілдір отын да қол жеткізбей, жұртты әбден діңкелеткен. Елді-мекеннің біраз аумағын Ресей жалға алғандықтан тұрғындар мәселесі әл-әзір түбегейлі шешіле қоюы да қиын болып тұр. Төретамдықтардың мұң-мұқтажы газ бен суға қарап қалған. Тіршілік нәрін көршілер бірігіп сатып алады екен. – Менің құдығымнан қысы-жазы 4 үй су ішеді. Қыста жолдың қиындығынан су таситын көлік жүре алмай қалады. Судың зардабын тартқанымызға да он жыл болыпты. Осы құдыққа ақшасына су құйып алып, талғажау етіп отырмыз, – дейді кент тұрғыны Байболат Өтегенов. Кент көшелерінің көбіне тас жол төселмеген, жаңбыр жауса ми батпаққа айналады дейді тұрғындар. Олар электр желілерінде шама-шарықтарына орай өз күштерімен тартып алған екен. Іргедегі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры арқылы ағып жатқан «Арал» компрессорлық станциясының көгілдір отыны да халыққа бұйырмай тұр. Төретам кенті газ құбыры – магистрал өтіп жатқан жерден әрі кетсе 400 метр жерде орналасқан. Бірақ сары құбырға қарап сарғая күткен тұрғындар үшін арзан көгілдір отынды пайдалану арман болып тұр. Жылдар бойы газ күткен жұрттың аңғалдығын пайдаланған алаяқтар да бар болып шықты. – Алдыңғы жылы бір кісілер келіп ақша жинап кетті. Халық қуанып «ойбай, газ келеді» деп ақшасын жинап берді. Ол алаяқ болып шықты, ақшаны алып қашып кетті. Одан әкімнің сұрауы жоқ, іздеп жатқан адам тағы жоқ. Біздің өтінішіміз, мұң-мұқтажымыз осы газды үйге кіргізіп берсе екен, – дейді кенттің тағы бір тұрғыны Динара Әбдірахманова. Газдандыру жұмысы 2-3 жылсыз басталмайтыны белгілі болды. Ал кенттің жеті аумағы құжат бойынша Ресейдің жалға алған жері болып шықты. Сондықтан инфрақұрылымды тартуда қиындық тудырып отыр екен. Оны кент әкімінен білдік.

– Жалпы Төретам кентін ұлғайту мақсатында 11,752 гектар жерді қайтаруға жоспарлар жүргізіліп жатыр. Сол жерлер толық қайтарылғаннан кейін, жобасы мен сметасын заң аясында ұсына аламыз, – дейді Төретам кентінің әкімі Жамбыл Жұмабаев.

2016 жылы Қазақстан мен Ресейдің үкіметаралық отырысында Байқоңыр қаласы маңындағы жерлерді елімізге қайтару жөнінде келісімге қол қойылды. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Ал Төретамның біраз территориясы өзімізге заңдастырылмайынша халық өркениеттен тыс өмір сүре бермек.

 Нұрбек Дәуренбеков