Көшпелі отырыста Жоғарғы сот алқасының төрағасы және судьялары, облыстық соттардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының төрағалары бейнеконференция арқылы, сондай-ақ Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстық, қалалық, мамандандырылған соттардың судьялары, Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ішкі істер және Әділет министрліктері, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры өкілдігі, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің өкілдері, қазақстандық құқықтанушы-ғалымдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Парламент Мәжілісінің өкілетін іске асырудың төртінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Маңғыстау облысында (Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының сот органдарының қатысуымен) Қазақстан Республикасының соттарын жаңғырту мәселелері бойынша көшпелі отырысына Мәжіліс депутаттары, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшелері белсенді атсалысты. Олар тәуелсіз және тиімді сот төрелігін құруға бағытталған түбегейлі өзгерістерді талдады. Маңғыстау облысындағы соттарының қызметімен танысты.
Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, Nur Otan партиясының жанындағы Құқықтық кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Әбдіров сот саласын реформалауды оңтайландыру мәселесін айтып өтті.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен сот жүйесін жаңғырту, сот кадрларын сапалы дамыту мен жаңару, судьялар тәуелсіздігі кепілдігін күшейту және судьяларға заңсыз ықпал етуді жою, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан ары ізгілендіру мәселелері оңтайлы шешіледі, – деді Нұрлан Әбдіров.
Оның айтуынша, кез келген сот-құқықтық жүйенің маңызды мақсаты – халықтың құқығын қорғау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша соттар жұмысының заманауи форматы енгізілмек. Озық электронды сервистерді енгізу, сот жүйесі кадрларын сапалы дамыту және жаңару бойынша жұмыстар жалғасады. Халықтың сотқа сенімін көтереді.
Көшпелі отырыс барысында сот жүйесінің одан ары дамуы, сот іс жүргізуді жетілдіру аясында заңнамалық жаңалықтардың практикалық маңызы, алқабилер институтын және тергеу судьялардың қызметін одан ары жетілдіру, соттардың құқық қолдану қызметін жетілдірудің мәселелері және болашағы, қылмыстық сот іс жүргізуде заңнамалық жаңалықтарды қолдану тәжірибесі, судьяның тәуелсіздігі қағидаты және қылмыстық іс бойынша басты сот талқылаудың шегі, Мәжілісте қаралып жатқан Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі жобасының өзектілігі және тағы басқа мәселелер талқыланды.
Сот жүйесін дамыту, соттардың қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсарту, сандық жүйе және электронды іс жүргізуді енгізу, сот төрелігін жүргізудің ашықтығы мен тиімділігі, азаматтардың сот төрелігіне кедергісіз қол жеткізуі деген сияқты көкейкесті мәселелер көтерілді.