Көрші Өзбекстан ауылдарын 98 пайызға ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Ал Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанда 2011-2018 жылдары сумен қамтамасыз ету қалаларда 82%-дан 94,5%-ға дейін, ал ауылдарда 42,5%-дан 59,9%-ға дейін ғана өскен.
Өкінішке қарай, ауылдарды сумен қамтамасыз етудің ең аз көрсеткіші Павлодар (29,7%), Қостанай (31,4%) және Батыс Қазақстан (46,9%) облыстарында байқалып отыр.
Сарапшылардың байламынша, ауылдың толыққанды ауызсумен жабдықталмауына үш басты проблема – сапасыз жоба, сапасыз құрылыс және су жүйелерін сапасыз пайдалану болып отыр.
Әрине, бұл салада басқа да түйткілі терең мәселелер қордалануда. Олардың арасында су құбырларының жекеменшік иелерінің банкрот болуы не ауысуы; апаттың жоғары деңгейі; саладағы құбыр жүйелерін басқаратын және пайдаланатын мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуының төмен болуы; білікті мамандардың тапшылығы аталады. Бұдан бөлек, кәріз жүйелерінің, сорғы стансаларының, тазалау құрылыстарының тозуы лас сулардың фильтрлеу алаңдарына түсуіне және су сапасының ішуге жарамастай нашарлауына соқтырады. Су құбырларының иесіз болуы да өзекті мәселелердің қатарында қалды.
Аталған мәселелер мемлекеттің ұдайы назарында және «Ақ бұлақ», басқа да ауызсу бағдарламалары аясында азды-көпті шешілуде.
2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауда ауылдарды сумен қамтамасыз ету үшін жыл сайын кемінде 100 миллиард теңге қарастыру керек екені қадап айтылды. Көшбасшы партияның
XVIII съезінде Үкіметке осы мақсатта қосымша 140 миллиард теңге бөлу жөнінде тағы тапсырма берілді. Осылайша, қаржыландыру мәселесі де шешіліп келеді.
– Былтыр еліміз бойынша ауызсумен қамту көрсеткіші жоспардағы 58,6 пайыз орнына 60 пайызды құрағаны аз да болса көңіл толтырар еді. Алайда Есеп комитетінің бағалауы бойынша Үкіметтің бұл деректері шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені Ұлттық экономика министрлігі қолданып отырған әдістемеге сәйкес, орталықтандырылған сумен жабдықталған ауылдар санының көрсеткіші ауылдардың жалпы санына қатысты есептеледі. Ал Есеп комитеті қала халқы үшін осындай көрсеткішті есептеу кезінде қолданылатын әдістемені ауылға да пайдалану неғұрлым дұрыс болады деп санайды, – дейді Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің төрағасы Шавхат Өтемісов.
Үкімет ауылдардың сумен қамтамасыз етілуін қазіргі 60 пайыздан 2019 жыл соңында 62 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Алайда Ш.Өтемісовтың пайымдауынша, «мынадай қарқынмен еліміздің барлық ауылдарын сапалы сумен қамтамасыз ету үшін әлі 20 жылдай уақыт керек болады»! Осыған байланысты Үкімет ауызсу проблемасын шешу тәсілдерін түбегейлі өзгертіп, бұл жұмыстың қарқынын жеделдетуге тиіс.
Ауылдықтардың аузын таза суға жеткізу ісін тежейтін факторлардың бірі – олардың әлеуетін айқындау тетігінде болса керек. Мысалға, қазіргі кезде келешегі бар ауылдарды іріктеу жұмысы жүргізілуде. Қолданыстағы әдістемеге сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі бастапқыда Қазақстандағы 6,5 мың ауылдың 1 800-ге жуығын «перспективасы бар ауылдар» деп белгілеген.
Алайда Мәжіліс депутатының тұжырымдауынша, «іріктеудің қолданылып жүрген өлшемшарттарының объективтілігі күмән тудырады». Мысалы, Павлодар облысындағы Ақтоғай ауданының 610 адам тұратын Андриановка ауылы «жоғары әлеуеті бар ауылдар» қатарына кіріпті. Ал облыстағы Баянауыл ауданының 8 723 тұрғын мекен ететін Майқайың кентіне «орташа әлеует» қана берілген. Шығыс Қазақстан облысында Ұлан ауданының 602 адам тұратын Каменка ауылы «жоғары әулеті бар» санатқа жатқызылған, ал Аягөз ауданының 7 784 тұрғын өмір сүріп жатқан Ақтоғай кенті «әлеуеті орташа ғана ауылдар» қатарына тіркелген.
– Болашағы бар елдімекендерді анықтаудың осындай тәсілінің теріс әсері сол, 2019 жылдың нақтыланған республикалық бюджетін қалыптастыру кезінде «әлеуеті жоғары ауылдар тізбесіне енгізілмеген» деген сылтаумен көптеген елдімекендерге ауызсумен қамтуға қаражат бөлуден бас тартылды. Бұл мыңдаған ауыл тұрғындарының ауызсусыз қалғанын білдіреді. Сонымен бірге, қыруар бюджет қаражаты жұмсалып жаалған жобалау-сметалық құжаттамалар да өз өзектілігін жоғалтады, – дейді Шавхат Әнесұлы.
Әділін айту керек, Үкімет те қамсыз отырған жоқ. Ұлттық экономика министрлігі ауылдарды іріктеу өлшемшарттарының жаңа тәсілдерін әзірлеу шараларын қабылдауда. Бұл жерде жан-жақты ойластырылған тәсіл қажет. Өйткені осының салдарынан «даму перспективасы бар ауылдық елдімекендердің тізіміне» кірмей қалған ауылдардан қоныс аударудың жасанды толқынын тудыруға болмайтынын нақты түсіну керек. Әйтпесе, бұл қатарда шалғай елдімекендер көп болғандықтан, шекара жақтың жалаңаштанып қалу қаупі төнеді.