Үйі бардың көтеріңкі күйі бар

Үйі бардың көтеріңкі күйі бар

Қазіргі таңда аталған ипотекалық бағдарламалар бойынша Банк Центр­Кредит, АТФБанк, Халық банк, Цеснабанк, Eurasian Bank, Банк РБК, ForteBank және Сбербанк кредиттейді. Ипотека нарығының көркін қыздырған – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары. 2005 жыл­дың ақпаны мен 2019 жылдың ақпа­ны аралығындағы деректерді қарап отырсақ, ипотекалық несие­лер көлемі 115,3 миллиард теңгеден 1,3 триллион теңгеге көбейген. Бір айта кететін жайт – еліміздегі кре­дит­­теу нарығы қалыптасқалы бері ипо­текаға берілген сомалардың ішін­­де соңғысы рекорд орнатып отыр.

Бұл дегеніміз, тұрғындардың баспана алуға құлшынысы жоғары екенін көрсетеді. Сондай-ақ тиімді шарттармен жаңа бағдарламалар ашуға да сұранып тұр. Кезінде 2007-2008 жылдары ғаламды шарпыған дағдарыс кезінде Қазақстан эконо­микасы да шайқалған. 2010 жылдың ақпанында ипотека көлемі соның салдарынан бір жылдың өзінде 5,6 пайызға кеміген еді. Сонымен бірге, ол уақытта ипотекалық кре­дит­­тер жалпы несие көлемінің 8,9 пайызын ғана алатын. Мұндай төмен­деу үрдісі 2016 жылға дейін жалға­сып келді.

Тұрғын үй құрылысына құйылған инвестиция сомасы – 321,9 мил­лиард теңге. Осылайша, жылдағы өсім бірден 17,1 пайыздан бір шы­ғып­ты. Былтыр 38,7 мың тұрғын үй ғимараты пайдалануға берілген. Бұл да – тарихта бұрын-соңды болмаған көлем. Осыған орай, жыл өткен сайын салынатын баспананың саны артып келеді. Қарқыны қатты құры­лыс­тың көлемі 2018 жылы 12,5 мил­лион шаршы метр болса, осы жылы 13,1 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Аталған ипотекалық бағдарлама – жаңа тұрғын үй алуға ғана бағыт­талған алғашқы бағдарлама. Қай құрылыс компаниясын таңдау еркі де сатып алушының өзіне беріледі. Яғни, бағасы, орналасқан жері, шар­шы метрі көңілден шығып, қолайлы болғанына қарап, өтініш тастайды. Бұрын иесі болмаған үйді алуға әркімнің-ақ таласы болары анық. Сондықтан көпшілік пайызы салыс­тыр­малы түрде төмен осы бағдар­ла­ма­мен үй алуға тырысады. Ел бойын­­ша төмен пайыз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» екені белгілі. Дегенмен оның шарттарына толық жауап беруге екінің бірінің шамасы келе бермейді. Үйдің жарты бағасын жинау оңай емес, әлбетте. Өйткені онсыз да пәтер жалдап тұра­тын жұртшылық үшін жинақ ашу қиын. Сол себепті, алғашқы жарна – 20 пайыз құятын бұл ипоте­ка­лық бағдарлама әзірге көпшілік үшін қолайлы болып тұр.

Әйтсе де, бұл бағдарламаның да біршама кемшіліктері барын атап өту керек. Осы бағдарламаға қатыса­тын құрылыс компаниялары санау­лы. Ол дегеніміз сол қатысушылар­дың ішінен ғана таңдауға мүмкіндік беретінін білдіреді. Әсіресе, мегапо­лис­терде аяқ аттасаң, құрылыс жүріп жатады. Бірақ сол тұрғын үйлердің көбі ипотека қарастырмайды. Елдің тілегі сол – қатысушы компания­лар­дың саны көбейсе, шаршы метрі үшін баға арзандаса. Егер осы тілек­тер қанағаттандырылса, қоныстой тойлаушылардың саны еселеп арта­ты­ны анық.

Қазіргі таңда жылжымайтын мүлік жәрмеңкелері жиі ұйымдасты­ры­лады. Сол жерде құрылыс компа­ния­ларды тұрғын үй кешендерімен таныстырады. Үй алуға ниеттеніп жүр­­­гендерді осындай шараларға құ­лақ түріп жүруге шақырамыз. Өйт­ке­ні алда жоспарланып отырған жұ­мыс­­­тар туралы дер кезінде естудің маңы­зы зор. Олай деуіміздің себебі – қазіргі таңда тұрғын үйге сұраныс­тың «күйіп тұрғаны» сондай, пәтер­лер әп-сәтте сатылады. Уақытынан кеш естіп қалып, сан соғып қалмас үшін, әрине, қамданған жөн-ақ. Бір мысал айтсақ, әлі салынып бітпеген, осы жылдың бір тоқсанында пайда­ла­нуға беріледі деп жоспар­ланып отырған тұрғын үйлердің сату бө­лі­мі­не хабарласып көрдік. «7 – 20 – 25» бағдарламасының қатысушысы, шаршы метрі үшін бағасы да қалтаға қолайлы деп ақпарат алғымыз келді. Сөйтсек, көпшілігінде пәтерлердің бәрі сатылып кеткен, болмаса бізге ың­ғайлы нұсқа жоқ. Яғни, ең жоғар­ғы қабаттағы, бұрыштағы, бірінші қабаттағы, шаршы метрі тым үлкен не керісінше, тым кішкентай пәтер­лер ғана қалған. Міне, сатып алушы­лардың басым бөлігі дәл осы мәсе­леге тап болып отыр. Осы олқылық­тар толықтырылып, кемшіліктері түзелсе, алғысын айтқан адам саны еселене түсер еді.

Айша ЕРСҰЛТАН