Қарағанды облысында карантин күшейтіледі
Қарағанды облысында карантин күшейтіледі
© сурет интернеттен алынды
147
оқылды
Қарағанды облысында 13 маусымнан бастап кейбір карантиндік шаралар жаңартылып, қоғамдық және сауда объектілерінің жұмыс уақыты шектеледі. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты. Қарағанды облысында соңғы аптада 303 симптомсыз вирус тасымалдаушы анықталған. Ал өткен тәулікте 52 науқас тіркелді. Сырқаттанғандардың басым бөлігі отбасылық іс-шаралардан кейін анықталған.
«Адамдар өзін-өзі оқшаулау, әлеуметтік қашықтық және басқа да санитарлық ұсыныстарды бұзуды жалғастыруда. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің талаптарына сәйкес, егер өңірде аурушаңдықтың өсімі 7 пайыздан асса, карантиндік шаралар қайта жандандырылады. Біздің облыста бұл көрсеткіш - 7,3 пайыз. Сондықтан 13 маусымнан бастап белгілі бір шектеулер қабылданады», - деді облыс әкімі.
13 маусымнан бастап Жезқазған, Қарқаралы ауданы, Шет ауданының Жарық кенті қоршалады және блок-бекеттер орнатылады. Мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің 70%-ы қашықтан жұмыс режиміне көшіріледі. Қоғамдық және сауда объектілерінің жұмыс уақыты шектеледі.
«Құрметті қарағандылықтар! Мен осы күрделі кезеңде өз-өзімізді және жақындарымызды барынша қауіпсіздендіру үшін саналық танытатын және шаралар қолданатын барлық адамдарға алғысымды білдіремін. Барлықтарыңызды сабырлық танытуға шақырамын. Жақын арада үйреншікті өмір салтымызға оралу тек сіз бен біздің әрекеттерімізге байланысты», - деді Жеңіс Қасымбек.