Праймериз – шын мықтыны айқындауды көздейді
Праймериз – шын мықтыны айқындауды көздейді
195
оқылды
Жетекші партия өткізгелі отыр­ған праймериз еліміздің саяси өміріне жаңаша дем беретін сыңайлы. Праймериз – саяси партия аты­нан сайлауға түсетін үміткерлерді ал­дын ала дауыс беру арқылы іріктеу ме­ханизмі. Халықаралық тәжірибеде бұл процесс «алдын ала сайлау», «бас­тапқы сайлау» атауымен де таныс. Алдын ала партияішілік таңдау – әлем­нің көптеген елінде қолданылып жүр­ген тәсіл. Мәселен, АҚШ-та прай­мериз 1842 жылдан бері өтіп ке­леді, бүгінде ол сайлау науқанының ажы­рағысыз бөлігі. Германия, Түр­кия, Аргентина және Уругвайда үміт­керлерді алдын ала іріктеу – пар­тияның сайлауға қатысуының мін­детті шарты. Ал Канада, Франция, Ита­лия, Оңтүстік Корея және Ресейде прай­мериз саяси партиялардың өз бастамасымен өткізіледі. Праймериз арқылы саяси ұйым­дар біріншіден, додаға түсетін, көп­шілік­тің қолдауына ие шын жүйрікті анық­тауға қол жеткізеді. Екіншіден, үміткерді сайлау ал­дын­да тағы бір шыңдап, ашық саяси сайысқа дайындап алады. Үшіншіден, партияның бағдар­ла­масын сайлаушыларға алдын ала таныстыруға, оны көпшіліктің талап-тілегін ескере отырып сайлауға дейін пысықтап алуға мүмкіндік алады.  

Праймериз – Қазақстанға тән сая­си институттарды қалыптастыруға ықпал етеді

Әр қоғамның өзіне тән ерек­ше­­­ліктері бар. Әдетте саяси инс­титут­тардың дамуы осы өзге­ше­лік­терді ескергенде ғана орнықты болады. Жергілікті әралуандығымен ерек­шеленетін қазақ қоғамының саяси тұр­ғыда біртұтастығын сақтау үшін елімізде Мәжіліс пен мәслихаттарға пропорционалды сайлау тәсілі ен­гізілген. Яғни, сайлаушылар же­ке­­­леген адамдар емес партиялық тізім­дер үшін дауыс береді. Бұл халық өкілдерін топтық, тобырлық мүдденің ығынан алып шығу үшін, олардың елдік тұрғыдан шешім қабылдауын қалыптастыру үшін жасалған қадам. Онымен қоса, бұл партиялардың сая­си жүйедегі маңызын арттыра түседі. Осы орайда, партиялардың бю­рок­ратиялық тәсілден арыла алмауы пропорционалды жүйенің біріктіруші әлеуетінің толық ашылуына, партия­лар­дың халықтық институт ретінде қалыптасуына кедергі болып келеді. Бұлай дейтініміз, бюрократиялық тә­сілмен жасалған сайлауалды ті­зім­дер көпшілікпен келісілмейді. Көбіне жа­бық жағдайда жасақталады. Әрине, бұл белгілі бір топтың мүддесін ғана біл­діретін тізімді жасақтауға алып ке­леді. Нәтижесінде, көпшілік «пар­тия» дегеннен өзінен оқшау бір топ­тың бейнесін көреді. Үміткерлерді көр­генде көпшілік, тіпті партия мүшелері «мен не деймін, домбырам не дейді?» де­гендей сезiмде қалады. Осы тұрғыда, праймериз – пар­тиялық тізімді көпшілікпен келісіп алу­дың механизмі. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді халқымыз. Бұл партияның халықтық имиджін ны­ғайтып, оны бюрократиялық си­пат­тан арылтудың оңтайлы тәсілі.  

Праймериз – үміткердің жауапкершілігін бекіте түседі

Белгілі ойшыл Ю.Хабермас ұсын­­ған саяси коммуникация тұ­жы­­рымдамасына сәйкес қазіргі мем­­лекеттер тәжірибесінде дәс­түр­­лі өкілетті демократия инсти­тут­­тары (сайлау, референдум және т.б.) қосымша коммуникация құралдарынсыз дағдарысқа ұшырауда. Себебі аза­маттық сана дамыған ақпараттық қо­ғамда саясаткердің тек сайлау ке­зінде ғана көпшіліктің алдына шы­ғуы арқылы билікке деген сенімді қалыптастыру мүмкін емес. Дәстүрлі сайлау науқандарының бас­ты кемшілігінің бірі де үміткер­лер­­дің тұрғындардың нақты мә­се­ле­лерін жете білмеуі. Бұл саясаткер­дің сайлаушылар алдындағы жауапкер­шілігінің төмендеуіне әкеп соғады. Ал праймериз – үміткерді элек­торал­ды науқан басталғанға дейін өз сайлаушыларымен диалог орнатуға, тұр­ғындардың түйткілдерімен тереңі­рек танысуға итермелейді. Ол – сай­лаушылардың үміткерге және пар­тияға сенім деңгейін сайлауға дейін анықтауға, қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мәселен, АҚШ-та президенттікке үміт­­керлерді «бастапқы таңдау» проце­сі сайлау науқаны басталғаннан жар­ты жыл бұрын қыза түседі. Партия аты­нан президенттікке үміткер бірнеше тұл­ға өз бағдарламаларын ұсынып, қо­ғам алдында ашық түрде өзара тар­тысқа түседі. Америкалықтардың не­ғұрлым көбірек қолдауына ие болған тұл­ға жалпыұлттық сайлауда партия атынан додаға түседі. Нәтижесінде, сайлаушылар ресми сай­лау науқанына дейін-ақ үміткердің ой-өрісімен, ұстанымымен танысуға мүмкіндік алада. Өз кезегінде үміт­кер­лер де халықпен тікелей жүздесіп, көп­шіліктің талап-тілегін жақынырақ түсінуге қол жеткізеді, ел алдындағы жауапкершілігі беки түседі. Осы­лай­ша, праймериз сайлаушы мен үміткер арасындағы сенім кредитін нығайтуға ықпал етеді.  

Популизмді сабасына түсірудің жолы

Әлеуметтік желілер арқылы пікір білдіру мүмкіндігінің кеңеюі жаппай по­пулизмнің белең алуына алып келді. Өзін «азаматтық белсенді», «халықтың мұңын» айтушы етіп көр­сету етек жаюда. Дәйексіз ой мен жалған ақпарат үшін азаматтық жауап­кершіліктің төмендеу тен­ден­циясы айқын көрінуде. Мұның бәрі қоғамдық пікірді салмақты, кон­структивті арнадан ауыстырып тен­денциялық әрі маргиналды попу­лизмге бұрып жіберуі әбден мүмкін. Бұлай бола берсе, елдің тағдырына кері әсер етпей қоймасы хақ. Демек, өршіп тұрған жаппай по­пулизмді сабасына түсіру қажет. Бұл үшін жеңіл, желікпе сөзден гө­рі жергілікті мәселелерге қанық, бел­сенді азаматтарға жол ашу қажет. Прай­мериз – ел ішінен шыққан, ерік-жі­гері ерен, жергілікті жерлердегі көп­шіліктің мұраты үшін күресуге, пар­тия атынан тұрғындарды мазалап отыр­ған мәселелердің шешімімен ай­налысуға дайын адамдарды іріктеп, ті­зімге енгізуді көздейді. Шындығын айтқанда, көпшілікті тол­ғандырып жүрген нақты сұрақтар құр­ғақ сөзбен емес, жауапты көз­қа­рас­пен, күнделікті маңдай термен ғана шешіледі.  

Партиялық праймериздің артықшылықтары

Үміткерлерді алдын ала ірік­теу механизмі «Nur Otan» үшін та­ң­сық дүние емес. Партия 2007, 2016 жыл­дары посткеңестік мем­ле­кеттер ішін­де алғашқы болып мәс­лихат сай­лауында үміткерлерді пар­тияі­шілік іріктеу арқылы таңдауды қол­­данған болатын. Десек те, бұл жол­ғы іріктеу бұрынғылардан өзгеше бол­­мақ. Ол жаңа форматта, кең кө­­лем­ді әрі праймериз өткізудің әлем­­дік тәжірибесінде кездесетін де­­бат, тұрғындар арасында ашық үгіт-насихат өткізу, рейтингтік дауыс беру сияқты демократиялық эле­мент­термен толықтырылған. Осымен қатар алғаш рет прай­ме­риз нәтижесінде жасақталатын пар­тиялық тізімнің 30%-ы әйелдер, 20%-ы жастар болуы тиіс деген ұстанымдар жарияланып отыр. Тағы бір артықшылығы, бұл жо­лы партиялық праймеризге саяси ұйым­ның мұраты жолында күресуге дайын кез келген азамат өзін-өзі ұсынып қа­тыса алады. Алайда праймериз ба­ры­сында партия мүшелігіне өтуге мі­н­детті. Бұл – сайлау заңының талабы. Демек, праймеризге қатысу­шы­ның партиялық тәжірибесі есепке алын­байды. Басты көрсеткіш – аза­­­маттық белсенділік танытып, дауыс берушілердің сеніміне ие болу. Пар­тия мүшелері дауыс беретін таңдау қо­рытындысы бойынша неғұрлым жо­ғары қолдауға ие болғандар партия­лық тізімге енуге мүмкіндік алмақ.  

Еділ ОСПАН, «Nur Otan» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты