Қалыңмалсыз қалыңдық: бұдан кім ұтады?
Қалыңмалсыз қалыңдық: бұдан кім ұтады?
483
оқылды
Оңтүстіктің халқы үшін та­ны­мал адамның мұндай қара­пайым ұзату той жасауы  ай­рық­­ша әсер қалдырған.  

Қалыңмалсыз қыз ұзатты

Режиссер өзінің жазбасында  үлкен қызымыз Салтанатты Ақ мешітте н­е­ке­сін қидырып, жақын туыс­тарды жиып, құдайы бердік. Үл­­­кендердің ба­тасын алдыртып, шы­ғарып салдық. Үйге айттап келген туыс­тар да екі жас­қа тілектес болып, күйеубала алып келген айттықтарын алып, мәз бо­лып қайтты. Белгілі дра­матург Сая Қасымбектің той туралы жазған пос­тына толық қосыламын. Даңғаза той­ларды тоқтату керек. Тойға шақыратын әртістердің гонорарын жастардың игі­лігіне жұмсау керек! Мен қы­зым­ның тойын екі рет жылжыттым. «Қыз Жібек»  фильміндегі әкесі Сыр­лыбай айтқандай «...Ниетім түзу еді қы­зым... Осындай жағдай болады деп кім ойлаған? Сосын шешім қа­был­да­дым. Құдалықты жақсылап өткізіп, той­­ға кететін қаражатты екі жастың үй мәселесін шешуге жұмсайық деп. Ал­­ғашқы жарна ретінде екі жақ та кө­­­мектессе, жастар пәтер жалдап қи­­нал­майды да...  Мен ке­ше қызыма берген қалыңмалды жас­тардың өзіне қайтарып бердім. Әри­не, әркім өзі біледі, бірақ екі жас бақытты өмір сүруі үшін екі жақ та көмектесу керек. Балаларымыз ба­қытты болса, біз де бақыттымыз» деп­ті ол жазбасында. «Қыз ұзатқан не­гізінен қиын ғой. Қыз­ға берілетін дүние қалыңмалдан бір­неше есе көп. Сондықтан жастар бі­рін-бірі ұна­тып жатса ортақ келі­сім­ге келу ке­рек. Жалпы айтқанда, жас­тардың жағ­дайын жасауға тиіспіз», – дейді бізбен әң­гімесінде ол. Дәстүрді берік ұстанатын шым­кенттіктер үшін бұл тосын жаңалық бо­лып көрінгені рас. Алайда жазба астына ой-пікірлерін білдірушілердің бар­лығы да бұл бастаманы дұ­рыс қа­былдап, оң пікірлерін, құттық­тау­ла­рын білдірген. Оқып отырып, той шы­ғынынан әбден күйінгендерді бай­қайсыз. Иә, бүгінде той төңірегіндегі мә­селелер жиі айтылып жүр. Елдің ба­сым бөлігі екі жастың үйлену тойын­дағы шектен тыс көбейіп кеткен алыс-беріс, жөн-жоралғыны тоқтату ке­рек деп айтады. Дегенмен жеме-жем­ге келгенде, мұндай қызықшылық өз бастарына түскенде, амал жоқ, ел­ден қалмауға тырысады. Демек, айту­ға оңай болғанымен, оны жүзеге асыру қиынға соғып жүргендіктен Дәу­рен­бе­ковтің бұл әрекеті – үлкен ерлік!  

Қарызға батып, несие алып үйленгендер көп

Қош, сонымен қалыңмал мә­селесі жастардың жұп құруына қан­шалықты кедергі келтіріп жүр? Бүгінде оңтүстік өңірде қыздың қа­лыңмалы кемі 800 мың мен 1 мил­лион теңгенің төңірегінде. Оның қасына «өлі-тірісіне» сойылатын қойдың ақшасы мен дастарқанға деп берілетін қаржыны қосыңыз. Яғни қалыңмалдың жанына 100-200 мың теңге төңірегінде ақша бөлек беріледі. Сонымен, үйленетін жігіт 1 миллион 200 мың теңгені бө­лек жинауы қажет. Беташар мен құда-жегжатқа берілетін жөн-жоралғының ақшасын қоспағанда. Құда-жегжат арасындағы алыс-беріс шығындарын ата-анаға қал­ды­ратын жастар негізінен қалыңмал мәселесіне бас ауыртады. Ал 1 мил­лион 200 мың теңгені қалай жи­найды? Еліміздегі жас буынның жалақысы ары кеткенде 100 мың теңгенің төңірегінде. Біздің өңірде жас мамандар 50-60 мың теңгемен де жұмыс істейді. Сонда олар отау құру үшін бұл қаржыны қанша уа­қытта жинап болады? Байқап жүр­міз, қазір қоғамда негізінен несие алып, отбасын құрып жатқандар көп. Басқа амал да жоқ. «Бас екеу бол­май, мал екеу болмас» деген қағи­даны ұстанған қазақ мүмкін жұп құрған соң жағдайымыз түзелер дейтін сеніммен де қарызданып болса да, бір басын екеу етіп, алдан үміт күтеді. Қазір қарызға батып үйленіп, қызын ұзатып несиенің астында қалғандарды көп кездестіресіз.   kalindik «Осыдан екі жыл бұрын қызым­ның қалыңмалына деп берген 500 мың теңге киіміне де жеткен жоқ. Тонының өзі 350 мың теңге, 10 шақты көйлекті 300 мың теңгеге, сөмкесі, боянатын заттары жалпы үстіне ақша қосып, киімінен құтылдық. Одан бөлек, жатын бөлме жиһазының өзін 400 мыңға алдық, алтындары, техникасы, ыдыстарын қосқанда, миллион тең­ге­ден де асып кетті. Сонымен құтыл­дық па деп отырсақ, апарған көй­лек­теріміз кешкі тойларға киетін екен. Күн­деліктіге киетінім жоқ деген соң артынан қосымша тағы жеткіздім. Әйтеуір анауым жоқ, мынауым жоқ деген соң барған жерінен ұят болмасын деп біртіндеп таси бердік қой. «Каспий ред» көмекке келіп жат­ты сол кездері. Енді міне, сол қарыз­дарымды әлі құтыла алмай жүрмін. Енді бесігін апару керек болып отыр», – дейді көршіміз Зәуре. Тағы бір та­нысымыздың қызы әжептәуір қалталы жігітке тұрмысқа шыққан. Бірақ өзінің қарапайым отбасы екенін білдіргісі келмей, анасына айтпай әр туысына түрлі жиһаздар алдыртыпты. Иә, айта берсең мысал көп. Алайда дәл осындай мәселелер ерлі-зайыптылардың арасына сызат түсірмесе, олардың беріктігін ны­ғайтпасы анық.  

Қалыңмал дәстүрінің тозығы жетті

Драматург Сая Қасымбек қа­лыңмал дәстүріне үзілді-кесілді қарсылығын білдірді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп жатады ғой. Осы қалыңмал дәстүрі ендігі тозды. Бүгінгідей айлығы шайлығына жетпей жүрген көптеген жастарымыз қалыңмалдың салдарынан шаңырақ көтере алмай жүр. Себебі қазір қыз­дың ата-анасы миллион әкел деп керігеді. Таңқалатыным, миллион әкел дегенімен, өзі сол ақшаның үстіне қарызданып-қауғаланып 2-3 есе ақша қосып, несие алып, қыздың артынан дүние апарады. «Ойбай, киім» дейді. Онысы ертең қыздың өлшемі өзгеріп сыймай да қалады. 1 жылдан соң сәннен де қалып кетеді. Осы әурешілік кімге керек? Біз әлі де озық жағын қарастырмай, то­зық жағын қазбалап күшейтіп жатыр­мыз. Ал қалыңмалға мүлдем қарсы­мын», – дейді Сая апай. Жалпы, бүгінгі той бизнесіне үнемі қарсылығын біл­діріп, әлеуметтік желіде ойын бө­лісіп отыратын Сая Қасымбек сүн­дет той мен үйлену, қыз ұзатудан басқасының барлығын тоқтату керек деп есептейді. Жалпы, әдетте қалыңмал қа­зақтың салтында бұрыннан бар дейміз. Дегенмен бұл дәстүр еліміздің бірқатар аймағында әлдеқашан құнын жойған. Кей аймақтарда бұл салтты ұстанбайды. Екі жастың бақыты алғашқы орынға қойылады. Кейбіреулер, тойдың сәні дейтін бұл жөн-жоралғыны дұрыс деп жатады. Жылдар бойы бойға сіңірілген бұл салттан бірден бас тарта алмасымыз анық. Алайда Батырхан ағамыз бастап берген дәстүр біртіндеп қолға алынатын шығар деген үміттеміз. Осынау тақырып төңірегінде жас­тармен сөйлесу кезінде олардың қазақтың салт-дәстүрлері, яғни құдалықтағы жөн-жоралғыны онша қаламайтынын білдік. «Үйленуіме қалыңмал мәселесі кедергі келтіріп жүрген жоқ. Тек қыз табылмай жүр. Ауылдағы жолдас жігіттер де анық үйленемін десе, қарызданып болса да, қарбызын сатса да, әрекет жасайды. Көбісі адал жар болатын жақсы қыз таңдауда жүріп қалады. Жалпы, үйлендіру әке-шешенің міндеті, мен де ертең ұлым болса, оны үй-жайлы етуді парызым санаймын. Негізі қазір карантин кезі үйленуге ең тиімді уақыт болып тұр. Өзім білетін 2 сыныптасым мен құда бала жөн-жоралғы салт-дәстүрлерден бойын аулақ етіп, миын ашытпас үшін осы кезде үйленіп алды. Екі жақ келіседі. Онша шығындалмайды. Шаңырақ көтерудің ең оңай жолы болып тұр», – дейді Шымкент қалалық жастар орталығының қоғаммен байланыс және ақпараттық байланыс бөлімінің басшысы Бижан Сәдибеков. Ендеше, бос әурешілік шығын ешкімге де ұнамайды. Тек «елден ұят болмасын, қызына түк бермепті» демесін деген жалаң ұятпен-ақ құр шашылып жүр. Оны өздері де сезеді. Бірақ...  

 width=

   

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы