Ішкі істер органы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасы Жолдауы бойынша 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Бұл құжат 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №897 қаулымен бекітілді.
Жол картасы бойынша жаңғырудың 9 бағыты белгіленді. Соның ішінде ұйымдастыру, штаттық құрылымды оңтайландыру; еңбекақы төлеу мен қызметкерді әлеуметтік жағынан қорғау жүйесі; кадрларды іріктеу және даярлау мәселесі қаралды. Ведомстволық білім беру саласын жаңғырту, полицияны артық функциялардан арылту және тұрғындармен жұмыс істеудің жаңа үлгісін енгізді. Сондай-ақ жемқорлыққа жол беретін себеп пен салдарды жою, қылмыстық тексеруді күшейту мен азаматтық қорғаныс органдарын жаңғыртудың жоспары құрылды.
Ұйымдастыру, штаттық құрылымды оңтайландыру бойынша штат саны 10%-ке, 8 мың қызметкерге дейін қысқарады. Басқару жүйесінде өзгеріс болады. Басқарушылардың орындаушыға шаққандағы үлес саны 1/5-ге дейін төмендейді. Министрліктің орталық аппараты, ведомстволық және аумақтық полиция органы аппараты бойынша 450 басшыны жұмыстан босату көзделген. Бос орын бюджеті қызметкерлердің лауазымдық жалақысын көтеруге жұмсалады.
Бұдан былай ІІО-ның бар қызметкеріне сараптама жүргізіледі. Нәтижесінде, құрылымдық жүйені күшейтуге жоспар құрылады. Жол патрульдік полиция саптық бөлімшелерін қайта жасақтау, еңбек өнімділігін арттыру жолға қойылады.
Еңбекақы төлеу және қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қорғау жүйесін жақсартуға айрықша назар аударылады. Полиция қызметкерлерінің, қылмыстық-атқару жүйесінің лауазымдық жалақысы көбейеді. Кезектен тыс аттестаттаудан соң, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбекақы көтеріледі.
Қызметкерлердің тұрғын үй мәселесін шешу – маңызды. Сондықтан бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Жалдамалы пәтерде тұратындарға өтемақы төлеу жүйесі енгізіледі. Бұл санатқа жол патрульдік полиция бөліністері қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар кіреді.
Тұрғын үймен қамту механизмін жетілдіру үшін тұрғын үй төлемін беру қарастырылады. Сонымен қатар жерілікті атқарушы органдармен бірге «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында бастапқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесі шешіледі.
Ведомстволық білім беруді жаңғырту, кадрларды іріктеу, қайта даярлау біліктілік көтеруге жағдай жасайды. Нәтижесінде, қазіргі 12 оқу орнынан тек 5 академияны күшейту қолға алынады. Бұл оқу жүйесіндегі тәртіп пен бәсекені күшейтеді.
Болашақта ІІМ ведомстволық оқу орындары негізгі іріктеу орталығы болады. Даярлау кезеңінде интеллектуалды білім берумен қатар үміткердің ерік-жігері зерттеледі. Кезең криминалды жасақ пен тергеушілерге 6 ай, басқа қызметтегілер үшін 3 айға созылады. Сондай-ақ карьера баспалдағы үшін оқыту жүйесі бар. Мысалы, тәжірибесіне қарай қалалық, аудандық орган басшылығы лауазымына оқыту қарастырылған. Полиция басқарма басшылары ары қарай қызметте өсуі үшін ведомстволық дипломы болуы керек.
Құжаттарды қабылдау ІІМ-нің ресми web-порталы арқылы жүргізіледі. Әңгімелесуден сәтті өткен және норматив тапсырған үміткерлерді тыңдаушылар қатарына қабылдау келісімшарты жасалады. Осындай іріктеу жүйесі қолданыстағы заңнамаларға тиісті өзгертулер енгізілгеннен кейін кезең-кезеңімен жүреді. Қазіргі таңда ІІО қызметіне 1 200 үміткер таңдалды. Олар жаңа бағдарлама бойынша оқитын болады.
2019 жылдың бірінші жартыжылдығында полицейлердің кезектен тыс аттестациясы өтеді. Аттестацияға барлық полиция қызметкері мен 20 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлер қатысады. Олар дене шынықтырудан және атудан норматив тапсырады. Заңнаманы білуі мен логикалық ойлау қабілетін тексеретін тестілеуден өтеді. Сонымен қатар әңгімелесу кезеңі бар.
Жол патрульдік полиция, заңсыз көші-қонға қарсы күрес және айдауыл қызметіндегілер аттестацияға қатысады. Басқа қызметтегі 20 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкер дене шынықтыру нормативінен босатылады. Қалған қызметкерлер аттестацияны бірыңғай тапсырады.
Өңірлік бөлімшелерде тұрғындарды қабылдауға арналған фронт-офис құру жұмысы басталды. Стандартты үй-жайды қоғам жылы қабылдайды деген сенім бар. Халықпен интерактивті түрде байланыс орнату, мобильді қосымша әзірлеу және қолданысқа енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жүйе арқылы азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері (фото, бейне) туралы хабарлай алады. Кері байланыс орнатылады.
Полицияны бағалау өлшемдеріне түбегейлі өзгеріс енеді. Мұнда халықтың қауіпсіздік деңгейі мен полицияға деген сенімінің артуы басты критерий болады. Халықтың полицияны бағалау критерийіне әлеуметтік зерттеу жүргізіледі.
Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен салдарын жою мақсатында сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне талдау жүргізіледі, мемлекеттік қызметкерді барынша автоматтантыру бойынша шара қабылданады. ІІО қызметкерлерінің бейнетіркегіш арқылы жұмыс істеуіне бақылау ұйымдастырылып, қауіпсіз жүйені ұйымдастырудың жаңа тәсілдері енгізіледі.
Азаматтық қорғаныс органдарын жаңғырту біріктіру арқылы жүзеге асады. Аэромобильді жедел құтқару және жедел құтқару жасақтарын өрт сөндіру мен апаттық құтқару жұмыстары қызметіне біріктіру қолға алынады.
Азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің дайындығы Көкшетау техникалық институты базасында шыңдалады. Сондай-ақ Трассалық медициналық құтқару пункттері мәртебесін, ведомство жұмысын Денсаулық сақтау министрлігіне беру қарастырылады. Жаңғыру кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Ішкі істер органы қызметкерін артық функциядан арылту да қолға алынды. ҚАЖ жүйесіне де өзгеріс енбек. Мұның бәрі еңбек өнімділігін арттыру мен қауіпсіздікті күшейтуге құрылған дүние.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ